Жан жылуын сыйлаған мейірімді ана

2297
Adyrna.kz Telegram

Адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып жүрген жақсы жандар туралы да жиі айтылады бүгінгі қоғамда. Ауданымызға қарасты Гүлдала ауылындағы әйелдер қауымының төрайымы Айшигуль Тохтиева да - қайырымды жандар қатарын толтырып жүрген кең жүректі ана. Қашанда игі бастамаларға мұрындық болып жүретін жан 1 маусым – Балаларды қорғау күні мейрамына орай тағы бір қайырымды іске себепші болды.

Ауылдағы «Назугум» тобының ұжымы мен ауыл белсенділерінің демеушілігімен отыз мүмкіндігі шектеулі балаға мерекелік кеш ұйымдастырып берді. Игі шараға аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жұмақыз Бұтабаева, Қазақстан Республикасының ұйғыр этномәдени орталығының жанынан құрылған Аналар кеңесінің төрайымы Зорабуви Аутова, «Жанан» фондының президенті Мизангуль Авамуслимова, аудандық ұйғыр этномәдени орталығы жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы Каминур Сопиева мен орынбасары Гульбану Бакиева, Гүлдала ауылдық мешітінің имамы Исмаилжан Бакиев, аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Имин Тохтахуновтар арнайы шақырылған еді. Мерекелік кеш Бесағаш ауылында орын тепкен «Санрайз» мейрамханасында өтті. Кең залға жайылған мол дастархан басына жайғасқан балалар мен ата-аналарға концерттік бағдарлама ұсынылды. Балалар арасында өнер байқауы ұйымдастырылып, балалардың бірі ән салса, бірі би билеп, енді бірі өлең оқыды. Алла балаларды мүмкіндігін шектеп бір сынаса да, бойларына талантты төгіп беріп шапағатын төгетіні де рас. Арбаға таңылса да жүрек тебірентер әндерін шырқап, өлеңін оқыған балаларға дән риза болдық. Байқау жеңімпаздарына түрлі бағалы сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік шараға шақырылған барлық балаға демеушілер тарапынан тәттіге толы дорбалар мен караоке микрафондар сыйға тартылды. Бұл күнгі кеште үлкен де, кіші де дастарханнан дәм татып, концерт тамашалап, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Перизат Ауғанбайқызы

Пікірлер