Жалақы өсті, оқу бес күндік: Мұғалімдерді басқа қандай мәселе алаңдатады?

4581
Adyrna.kz Telegram

2020 жылдың қаңтарынан бастап еліміздегі мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсті. Иә, осы күнге дейін мұғалімдердің ең басты мәселесі – жалақы деп келдік. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі мұғалімдерді алаңдатып жүрген басқа қандай мәселелер бар екенін сұрап білді.

Мұғалімдерді жалақы мәселесі ғана толғандырып қоймайды. Бүгінгі ұстаздардың мәселесін тізбектеп беруді жөн көрдік (бұл мәселелерді мұғалімдер ұсынды):

- жаңартылған бағдарламаның оқыту нұсқаулығы біраз тіл құндылығын жойып жіберді;

- үйде жүріп сырттай окып келген білімі төмен ұстаздар мектептерде жұмыс жасап жатыр;

- пәндік кабинеттің жабдықталуы нашар, арнайы құралдар жоқтың қасы;

- зейнетке 30 жыл стажбен шығарса екен;

- 25 бала емес 20 баладан оқыту керек;

- дене шынықтыру сабағын екіге бөлгенше, негізгі сабақтарды екіге бөліп оқытса дұрыс болады;

- оқулықтар сапасы нашар;

- 5 балдық бағалау жүйесі қайта оралса екен;

- қағазбастылық мәселесі;

- жалақы мәселесі әлі де өзекті;

- 5 күндік оқу барлық мектепте заңды күшіне енген жоқ.

Міне, бүгінгі ұстаздардың мәселелері – осы. Ал кейбір мұғалімдер көсіліп жауап бергенді жөн көрді.

Гульмира атты Facebook қолданушысы мұғалімнің жалақысына байланысты көкейіндегі ойын жеткізді.

«Педагог деген тұлға бар жерде бірдей құқыққа ие болу керек емес пе?! Ал медицина саласындағы білім беретін педагогтар үкімет тағайындап отырған біліктілік санаттарының үстемақысына күні бүгінге дейін қол жеткізе алмай отыр. «Неге төленбейді?» деген сұрағымызға тиісті органдардың беретін бір ғана жауабы «Денсаулық сақтау министрлігінде қаржы қарастырылмаған. Категория төленбеуі мүмкін!» Сонда басқа мұғалімдер мұғалім де, медицина саласындағы мұғалімдер педагог қатарына жатпай ма?, «Педагог мәртебесі», «Білім туралы заң ортақ емес пе?» деген ой көкейіңді кернейді. Қос министрліктің арасында байланыстың болмауына 5 айдан бері өздеріне тиесілі үстемақыға қол жеткізе алмай келе жатқан педагогтар кінәлі емес шығар?!» - деп жазды ол.

Ал кейбір мұғалімдерді зейнеткерлік жасының қатты алаңдататынын білдік.

«Мені мазалап жүрген зейнеткерлік жас. 63 жаста ұстаздарға зейнеткерлік демалысқа шығу өте қиын. Мен биыл 35-оқу жылын аяқтадым. Ұялы телефон, компьютер т.б. қатты шаршатып жіберді. Оның үстіне тест тапсырып, портфолио жинақтадым. Енді нәтижесін күтіп отырған жайым бар. Жыл өткен сайын мұғалімдерге, әйелдерге өте қиын. Сол 63 деп қинамай-ақ ең болмаса 60 жаста шығарса болады ғой. Шынымды айтсам, биылғы оқу жылында қатты шаршап кеттік», - деп жазыпты Маржан атты желі қолданушысы.

Бану атты мұғалім өзін толғандырып жүрген 5 түрлі мәселені тізбектеп көрсетіпті.

«Біріншіден, қазақ тіліне жаңа оқулықтардың сай келмеуі. Грамматикасы самсап тұратын бұрыңғы қазақ тілді қалпына келтірсе дұрыс болар еді. Екіншіден, жаңа ТУП бойынша сағаттардың қысқартылып, қосымша сағаттардың қосылуы. Ең дұрысы вариатив сағаттарға сағаттың бөлінуі емес негізгі сағат болғаны дұрыс (физика,химия т.б.) деп есептеймін. Оқушылардың босаңсып кетпеуі үшін негізгі сағаттардың болғаны дұрыс. Үшіншіден, Қазақстан бойынша оқушылардың формасы бірыңғай болғаны. Төртіншіден, санат алатын кезде мақала, газет-журналға жарияланымдардан гөрі нақты оқушының, ұстаздың өзінің жетістіктері болғаны дұрыс болар еді. Өзінің жетістігі білімін сынап тесттен өту, конкурстарға қатысу болса. Бесіншіден, не болса соны жазып, ақшам қанша болады, анау неге төленбейді, мынау неге төленбейді демей өзін саналы, сауатты көрсетсе, «Педагог мәртебесімен» танысып, педагог этикасын сақтаса екен», - дейді ол.

Тағы бір мұғалім қазақ тілінің мәртебесіне алаңдайтынын айтып өтті.

«Мені мазалайтыны қазақ тілінің мәртебесінің болмауы. Орыс тілі, шет тілі, еңбек, информатика секілді пәндер 2 топқа бөлініп оқытылады да, қазақ тілінде оқушылар бөлінбейді. 30 балаға сабақ берген тиімді ме? Әлде 15 балаға ма?

Қазақ тілі жағдайы өте төмен деңгейде тұр. Қазақтардың өздері кішкентай балдарына орысша шүлдірлейді. Ана тілінің мәртебесін балабақша мен мектептен бастауымыз қажет», - деп жазды Жанар ханым.

Ал Нурбол есімді мұғалім мүлдем басқа мәселені көтеріпті.

«Білім беру жүйесі қатты мазалайды. Әсіресе, әстетикалық пәндер тағдыры.

Ұл-қыздарымыздың шығармашылық ойлауы, ептілігі, бейімделу қасиеттері, бір нәрсені ойлап табуы оны дамытуы, өзін бағалау деген қасиеттер...

Негізгі пәндер, негізгі емес пәндер деп орта білімді екіге бөлу мен үшін түсініксіз. «Жалпы орта білім беретін мектеп» деген сөз бұл жерде өз-өзіне қарсы келеді. «Негізгі пәндер беретін жалпы орта білім мектебі» деген дұрыс болар», - дейді ол.

Ақмарал БЕРЕКЕТ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер