Ресейге салынған санкция Еуразиялық одақ құрамындағы елдерге зардабын алып келді

2751
Ресейге АҚШ тарапынан салынған санкцияның ауыртпалығы Еуразиялық одақтың елдеріне тиіп отыр
Саяси-экономикалық сараптама
АҚШ пен Батыс бастаған коалицияның Ресейге қарсы жариялап отырған экономикалық санкциясын тек Ресей ғана көтеріп отырған жоқ. Санкцияның ауыртпалығын Еуразиялық одақтың құрамындағы барлық елдері теңгере арқалап, Ресейге салмақтың бір бөлігін түсірмей отыр. Ресей егер де жалғыз өзі санкцияға ілініп, салмағын өзі ғана арқаласа, қабырғасы сөгіліп, қаңырап қалатын еді.
Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберінде Ресей өзінің барлық тараптағы экономикалық секторлардағы мүддесін есептеп, тіпті қоқан лоқы жасап та түгелдеп алған. Ресейге жақсы ғой, әбден тозығы жеткен қаңылтырларын бізге немесе Еуразиялық одақтың құрамындағы елдерге өткізіп, өзінің қоймасын толтырып, қоқысын тазартып, бюджетін толтырып отыр.
Еуразиялық одақтың кейбір талаптарын орындамай, кеденік баж салығын да көтере салу Ресейге түк емес. Өзі қожа, өзі би. Біз сөзбен айтқанда, Ресей Еуразиялық одақ шеңберінде одақ құрамындағы елдердің бәрін біртегіс донор ретінде ұстап отыр.
Қазақстан тарапы бұл қансорар одақты Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған экономикалық одақ ретінде түсіндірумен келеді. Ақиқатында, қазіргі қымбатшылықтың барлығы тікелей Ресейге салынған санкциялар мен осы Еуразиялық одақтың талаптарының орындалмауынан туындап отыр.
Біздің халық АҚШ қашан Ресейді санкциямен құлатады, ешнәрсе көріп отырған жоқпыз Ресейге зиян боларлықтай деп жатады. Шын мәнінде бізге, Еуразиялық одақтың құрамындағы елдерге санкцияның зардабы өте қатты тиіп отыр. Қазіргі соғыс санкциялар соғысы, экономикалық соғыс арқылы іске асады. Тынысыңызды тарылтып тастайды. Санкция Ресеймен қоса Қытайдың да тынысын тарылтып отыр. Оның зиянын елдегі ірі компаниялар мен кәсіпорындар тікелей көріп отыр.
Құрылысқа қатысты материалдардың аса көп бөлігі Ресей мен Қытайдан келеді. Егер олар экспортын жапса, біздің елдегі материалға тәуелді компаниялар әп-сәтте қаңғырып, қоңыз теріп кетеді.
Санкциядан Ресей рублі инфляцияға ұшырап, сырты нарыққа төтеп бере алмай жатыр. Дәл қазір осы жағдайды Ресейдің ірі банктерімен келісе отырып, бірнеше комитетті жиналысқа тартып, Госдума талқыға салуда. Біз құрылыс материалдарын сатып алатын Ресейде қазір құрылыс материалдары бірнеше есеге қымбаттап үлгерді. Оның ішінде мелаллочерепица 21,6 %-ға, ОСП материалдары 12 %-ға, ағаш материалдары 11,7%-ға, қара металдар 42%-ға көтеріліп кетті. Өткенде ғана арматураның бағасы 200 мыңнан 500 мыңға шықты деген дерек шындықтан алыс емес. Себебі, Ресейден келген тауарлар біздің елге экспортталғанда ортадағы дистрюбиторлар арқылы үстіне бағасы қосылатыны заңдылық.
Біздегі құрылыс саласындағы жағдайға аз ғана бір мысал: Бетон құю жұмыстарына байланысты фанерлер 12-15 мың арасында болса, қазір бұл материалдардың бағасы 30 мыңға жетті. Ал, бір секциялы лесаның бір комплектісі 50 мың болса, қазір 120 мыңға жетті. Сондықтан көптеген субподряд компаниялар монолит жұмыстарын жүргізуден бас тартып та отыр. Ірі компаниялар қазір бетон жұмыстарына адамдар іздеп кетті.
АҚШ-тың санкциясы Ресейге сұмдық шығын алып келіп жатыр. Ал, Ресей өкіметі мұны жасырумен келеді. Ресейдің де жаны сірі, төзе беретін халқы тағы бар. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин болса Еуразия экономикалық одағына АҚШ немесе батыстың тарапынан салынған санкцияның ауыртпалығын одақ құрамындағы елдер бірлесе отырып көтереміз деп сазармай айтып отыр. Көрдіңіз бе, сөзінің астарын? Құдайға шүкір, Қазақстан тарапы осы мәлімдемеге қатысты өзінің қарсы пікірін айтып үлгерді.
Осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ тарапы Қазақстанға экономикалық санкцияның салқынын тигізбеуге тырысамыз деген болатын. Бірақ біз Еуразиялық одақтың құрамында болғандықтан, бұл санкцияның дауылы бізге тікелей соғып тұр. Ресей нарығына соққан дауыл Қазақстанның ішкі және сыртқы нарығын да шайқап жатыр. Қазргі барлық тұтыну тауарларындағы сұмдық қымбатшылық дәл осы санкцияның салдары. Нарықтағы тұтынатын ең маңызды тауарлар қымбаттаса бітті дей беріңіз, ол барлық тауардың аспандауына жол ашады. Бір бірімен тығыз байланысты. Оның үстіне біздің елдің сыртқы және ішкі нарықтағы бәсекесі өлген. Өндіріс болмай, тек шикізатты саудалап отырғаннан соң қайдағы бәсеке болсын. 1993ж 1 доллар - 4.7т болса, 2021ж 1 доллар - 430т
430/4.7= 97.7 Теңге 1993ж бері 97.7 есеге құнсызданған. Міне, өндірістің жоқ болғанының кесірінен қайта-қайта теңгенің инфляциясы мен девальвациясы тоқтаусыз болды.
Ал, АҚШ Ресеймен ішкі демі де бір Белорусьтың мемлекеттік мекемелеріне санкция жариялады. Бұл да Евразиялық одақтың құрамындағы экономикалық жүйедегі елдерге өзінің салқынын тигізетін болады.
Еуразиялық одақты экономикалық одақ деген айдар таққанымен, бұл негізінен Ресейдің саяси һәм геосаяси мүддесіне жұмыс істеп тұрған саяси одақ. Экономиканың өзі саясаттың құралына тәуелді дүние.
Ресейге салынған санкциялар Еуразиялық одаққа кіретін елдерге міндетті түрде салқынын тигізетінін айттық. Тіпті Еуразиялық одаққа қарсы салынған санкция деп қабылдасақ та болады. Ал, АҚШ-тың Еуразиялық одаққа салған санкциясына одақ құрамындағы елдер жауап бере алмайды. Себебі, Еуразиялық одақтың ішіндегі елдердің экономикасы лоббистердің қолына өткен, "бөліп ал да, билей бер" деген жексұрын, тұрпайы, ақымақ экономикалық саясатты ұстанады. Екіншіден, бұл елдерде ғылым мен экономика дамымаған. Нарық ешқандай да ішкі және сыртқы бәсекеге жауап бере алмайды. Одақтың ішіндегі ең мықты жетекшісі - Ресей санкцияның астында қалып отыр. Ал, басқалары Ресейдің арқасына түскен жүкті теңгеріп, көтеруге әзер жарап тұр. АҚШ мұны жақсы біледі. Тіпті сыртынан мазақ қылып күліп те отырады.
Ресейде ұят жоқ. Бұл ел баяғы "Великая Россия!" деген империялық тоқыраған амбициямен өмір сүріп келеді. Күш көрсету стратегиялық жол емес. Өзінің туысын да аямайды. Қазір Ресей жалғыз. Оның ешқандай сенімді одақтасы жоқ. Санкцияның астында жатыр. Валютасы тоқырап, экспорттық тауарларын сыртқа шығара алмай блокталып отыр. Ал енді осындай елмен санкцияның ауыртпалығын бірге көтереміз деп келісім беру, расында өзіңе ор қазғанмен бірдей болады. АҚШ-тың қыспағын біз Ресей сияқты көрете алмаймыз. Сондықтан Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан шығуы керек.
 
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар