Дәулет Тағыберлі жайлы не білеміз?

3138
Adyrna.kz Telegram

Осыдан біраз уақыт бұрын Германияда қалып кеткен жазушы Мәулекеш Қайбалдиннің фотосуреті жайлы хабарлап едік (Мәулекеш Қайбалдиннің фотосуреттері // https://adyrna.kz/post/73841).

Сол материалға арқау болған Мюнхенде тұратын қандасымыз Әлихан Жаналтай жіберген фотосуреттердің тағы біреуінде неміс жеріндегі қазақ эмигранттары Қарес Қанатбай, Дәулеткерей Тағыберлі және Абдолла Дүсіпұлы бейнеленген екен.

«Әлихан ағамыз жолдаған бұл фото үлкен бір фотосүгіреттен бір көрініс, фрагмент, – дейді осы орайда белгілі жазушы, эссеист, алаштанушы Мақсат Тәж-Мұрат. – Фотоның толық нұсқасы бар, оны маған 2017 жылы күзде Мюнхенге әдейілеп тұрып барып, немере атасы Қарес Қанатбайдың басына топырақ салып қайтқан оралдық Серік Қанатбаев жіберген болатын. Ол Жаналтайдың қолындағы фотоның үстінен басып алыпты. Әлихан ағамызға осы жөнінде хабарласқанымда, ол фотода 1969 жылдың 23 мамырында Мюнхендегі Waldfriedhef атындағы қабірстанда Мәулекеш Қайбалдинді жерлеу сәті бейнеленгенін айтты.

Осы суреттегі Дәулет Тағыберлі жайында аз-маз хабарымыз бар-ды. Соғыста тұтқынға түсіп, неміс жағында қызмет еткен. «Азаттық» радиосының «Түркістан» редакциясы бөлшектенгенде бөлініп шыққан қазақ бөлімін басқарған. Еуропа қазақтары федерациясының жетекшісі К.Кесиджидің жазуынша, Түркиядан біраз қазақ жігіті шақырылған, соның бірі – Хасен Оралтай. Дәулеткерей аса ұлтжанды кісі екен. Кейін АҚШ-қа кетіп, 1967 жылы сонда қайтыс болады, сүйегін Мюнхенге, жоғарыдағы қабірстанға әкеп қояды.

Ұмытпасам, 2020 жылғы күз айларының бірінде маған Оралдан ақын Ғайса-Ғали Сейтақ хабарласып, соның алдында Германияға барып келген марқұм Есенғали Раушанов Дәулеткерей Тағыберлин жайында дерек-мағлұмат іздеп жатқанын айтты. Есекеңнің анықтауынша, Дәулет ағамыз Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданының тумасы екен, соғыстың алдыңғы жылдары Жамбыл жағында қызмет етіпті».

Мақсат Тәж-Мұраттың осы әңгімесінен кейін іле-шала Дәулет ағамыздың соғыстағы жүріп өткен жолын білгіміз келді. Архив деректерінде Дәулеткерей Тағыберлиннің 1916 жылы (енді бір деректе 1919 жылы) Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында туғаны, 1941 жылдың 31 қазанында Ресейдің Орлов облысы (енді бір деректе Чкалов облысы) Елец ауданынан әскери қызметке алынғаны, алғашқыда аға лейтенант, кейін капитан шенін иеленгені, майданда 41-гвардиялық атқыштар полкінің 14-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында шайқасқаны көрсетіліпті. Ең қызығы, Дәулеткерейдің 1943 жылдың 27 желтоқсанында жау қолынан «қаза тауып», Украинаның Кировоградск облысы Знаменский ауданы Треповка селосында «жерленгені» жазылыпты. Тұтқынға түскеннен кейін Тағыберлиннің кейінгі өмірбаянын осылай жобалап жаза салғанға ұқсайды. «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін құрған, Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін күрескен, 1987 жылы АҚШ-та дүние салып, сүйегі Мюнхенде жерленген арда азамат Дәулеткерей Таңбайұлы туралы алдағы уақытта қайта қайырыламыз.

 

Серікбол ХАСАН

 

Пікірлер