Субұрқақта тоққа түскен екі баланың анасының жағдайы ауыр

1940
Adyrna.kz Telegram

Алматыда Цирктің алдында субұрқаққа түскен балалар опат бола жаздады. Оларды құтқаруға ұмтылған анасы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Әзірге фонтанға жауапты мамандар адамдарды қалай тоқ соққанына қатысты  түсініктеме берген жоқ. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталы «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға сенбі күні сағат үштер шамасында болған. Сол маңда балаларымен жүрген Үкілай екі қыздың аяқ киімін шешіп, субұрқақтың жиегінде отырғанын байқаған. Кенеттен оларды тоқ соққанын көріп, жедел дабыл қағып көмекке шақырады. Абылай деген жігіт зардап шеккендерді сыртқа шығаруға көмектесіпті. Судан шығарған кезде келіншек пен оның қызы есінен танып қалыпты. Жедел жәрдем келгенше сол маңдағылар алғашқы көмек көрсеткен.

«Қалай тартып кеткенін ортада жабысып тұрды. Мен көрген кезде бәрі серейіп-серейіп кәдімгідей жабысып тұрғаннан мен оларды тоқ ұрғанын ұқтым. Өйткені кәдімгідей жоғарғы темірлерге анасы қадалып қалған сияқты болды. Кәдімгі өмірлері үзіліп кеткендей», - дейді куәгер Үкілай Бестай.

Қызы мен анасын су бұрқақтан алып шыққан Абылай Балапанов деген жігіт осы. Ол цирктің жанындағы орындықта теріс қарап, кітап оқып отырыпты. Көмек сұраған дауысты ести сала қол ұшын созуға ұмтылған. Оның айтуынша қыздардың бірінің киімі фонтанға ілініп, қалыпты. Анасы қызына барғанда өзі тоққа түскен болуы мүмкін деп топшылауда. Алдымен қыздардың бірін шығарып, анасын құтқармақ болғанда өзін тоқ соғыпты. Тағы бір қызды шығаруға шамасы болмаған.

«Естігеннен кейін бірден суға секірдім. Енді анасын алып шығайын деп едім, тоқ мені де ұрды. Бірақ қатты емес. Аяқтан жамбасқа дейін ұрды. Сонда артқа қадам жасадым. Фонтан өшті. Ол өшкенде тоқ жоқ болды. Сол сәтте анасын ұстадым. Шығарған кезде маған екі бала көмектесті. Мына кафельдің үстіне қойып қойдық», - дейді қала тұрғыны Абылай Балапанов.

Ал қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша ауруханаға үш адам жеткізіліпті. Сегіз және 10 жастағы екі жеткіншек шұғыл медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылса, келіншек қалалақ орталық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Балалардың бірінің беті бері қарапты. Ал келіншектің жағдайы өте ауыр екен.

«Әйел адам қазір қалалық орталық клиникалық ауруханада жатыр. Реанимация бөлімінде. Жағдайы өте ауыр. Екі баламыз, қызымыз. Біреуі 10 жаста оның жағдайы қазір орта деңгейде. Кеше реанимациядан отделениеге ауыстырдық. Ал екінші қызымыз 8 жастағы ол қазір әлі реанимацияда, бүгінгі жағдайын бақылап қараймыз», - дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.

Әзірге қаладағы субұрқақтарға жауапты мекеме басшылығы  апаттың неден туындағанына қатысты жауап берген жоқ. Дегенмен әлеуметтік желіде тоқ соғу қаупі бар жерге өздері түскені туралы пікір білдірген. Дегенмен қондырғыларында ақау болды ма ол жағын ашып айтпады. Қазір полиция қылмыстық іс қозғап тергеу амалдарын қолға алған. Тергеу қортындысы бойынша просесуалдық шешім қабылданбақ.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер