Алаш Орданың жас буыны – Смағұл Сәдуақасовтың оқу-ағарту саласындағы қызметі

5913
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Сол конференцияда баяндама жасаған  Данагүл Махаттың материялын назарларыңызға ұсынып  отырмыз.

Қазақстанды Ф.Голощекин басқарған 1925-1933 жылдары Қазақстанда «жікшілдік», «ұлтшылдық» ұраны ушығып, оларды жазалау жалпы сипат алды. Ф.Голощекин Қазақстанға келгенге дейін Қазақ Өлкелік партия комитетінде С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев және басқада ұлт тағдырын ойлаған жауапты қызметкерлер болды. Олар кеңестік билік жағдайында қазақ мемлекеттігін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып, оны іске асыру жолдарын іздеді. Отаршыл пиғылды дөп басып түсінген, жас та болса ел басқару, халық тағдырын жоғары деңгейдегі билік тұтқасын ұстағандармен тайталаса жүріп шешу сияқты саясат ісінде ірілік көрсете білген С.Сәдуақасовтай  асыл азаматты Ф.Голощекин қазақ ұлтшылдығына, оңшыл ағымға, «садуақасовшылдыққа» айыптады. Саяси айыптау шаралары партия қатарын қазақ коммунистерінің ұлттық бағыт ұстанған тобынан тазарту науқандарындарына ұласты.

1920 жылы РК(б)П қатарына өтіп, кеңес жұмыстарына араласа бастаған С.Сәдуақасов экономикадағы, идеологиялық саладағы және ұлт мәселесіндегі жолсыздықтарды ашық айтты. Жастар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуге ерекше маңыз беріп, оларға арналған оқу курстарын ашты, дәріс оқыды. Ол (1922 жылы) Мәскеуден Әбдірахман Байділдинге жазған хатында: « ... меніңше келешекте біздің әдісіміз мынадай болу керек: біз билікті өз қолымызға алу үшін күреспейміз. Бұл мақсатты бірінші орынға қойсақ та билікті біздің қолымызға бермес еді. Сондықтан жастарды тәрбиелеуге, жастарды келешекке дайындап, күш жинауға тырысу керек» [1] деген ойын білдірді.

С.Сәдуақасов ұстаздар үшін арнайы журнал басылымының шығуына да қолдау жасады. 1925 жылдың 13 мамырында РК(б)П Орталық Комитеті Үгіт-насихат коллегиясы мәжілісінде «Жаңа мектеп» журналын шығару туралы мәселе қарап, «Жаңа мектеп» ғылыми-педагогикалық және өлкетану журналы, сонымен қатар ҚКСР мектептері өмірінен хроника, библиография, ресми және жалпы материалдар жариялайтын басылым [2] болып бекітілді. «Жаңа мектеп» журналының № 1 саны 1925 жылдың тамызында шықты. Басылымның «Жаңа мектепті» шығару неге керек болды?» деген алғы сөзінде: «Жаңа мектептің» мақсаты қысыр пәлсапа сату емес, қисын жырларын жырлау емес, қазақ мектебіне араласу, қазақ оқушыларының мектептегі күнбе-күндік жұмыстарына жәрдемші болу. Оқытушылармен пікір алмастырып жүкті «әуп-әуп» деп күш қосып бірге тарту» [3, 5 б.] - деп басылым мақсаты айқын көрсетілді. С.Сәдуақасов осы журналдың ұйытқысы әрі белсенді авторы болды. Журналда мерзімді басылым материалдарын сабаққа пайдалану жайында былайша кеңес берілді: «Газетті бастауыш кластың І класынан бастап пайдалануға, газет шығарудың негізін қоя бастауға болады: төңкеріс мейрамдары күні газеттеріміз сол мейрамға арналып шығады. Мұндай күндер біздің мектептерімізде сөз болмай өту мүмкін емес. Бұл күндер туралы керекті материалды мектеп үшін (әсіресе ауыл мектебі үшін) газеттерден алуға болды. Бірінші класта балаларға газеттің әр бір мақаласын оқып естірту, түсіндіру қиын. Сонда да қарап тұрмай ол газетте ірі әріптермен жазылған сол күннің оңай ұрандарын оқу, соларды балалардың өз тілімен сөйлеп түсіндіру, балаларға көшіртіп жаздыру қиын емес» [4].

1925 жылдың 23 қазанында РК(б)П Орталық Комитеті бюро мәжілісі «Қазақ баспасөзі туралы» мәселе қойып, қазақ тілінде шығатын барлық басылымдардың мазмұнын, саяси ұстанымын тексеруден өткізген болатын. «Жаңа мектеп» журналы туралы: болашағы зор жаңа журнал, шыққан сандарының жалпы мазмұны қанағаттанарлық, ведмостволық  ресми орган болып қалу қаупі бар.  Көңіл аударылуға тиіс мәселелер: қарапайым ауыл мұғалімі жұмысына бағытталуы үшін, негізгі бөлім ретінде педагогика және әдістеме бөлімін қалдыра отырып, журналдың әдеби-көркем бөлімін жандандыру. «Жаңа мектеп» журналы арқылы ғылым мен қолданбалы білім жаңалықтарын, қарапайым жетістіктерін насихаттап отыру. Журналдағы ресми материалдың көлемін ең төменгі қажеттілікке дейін азайтып, ауыл мұғалімдеріне арналған анықтама құрал деңгейіне жеткізу. Журнал мұғалімнің қолынан түспейтін, аса мұқтаж затына айналуы тиіс [5, 18 п.] – деп атап көрсетілді. С.Сәдуақасов «Жаңа мектеп» журналының 1926 жыл 5 ақпанындағы № 4 санында жариялаған «Оқу ісінің кемшіліктері. Оларға қарсы шаралар» деген мақаласында: «Қазақ жастары салынған мектеп жетпей, мекеменің есігін дүбірлетіп тұр. «Оқыт мені, оқытпасаң мен ырза емен» деп отыр қазақ жастары. Көп айқайдың ішінде ең керекті айқай осы жастардікі. Жастардың бұл дауысын тыңдау керек. ...Қазақ балалары орыстан зейінсіз емес. Оларды осы күнгі халге келтіріп отырған мектептің күйі ... » [6, 326-329 б.] – деп, ал «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы 31 тамыздағы «Биылғы оқу маусымында» деген мақаласында: «Жыл сайын даланың балалары қалаға қарай шұбайтын себебі ауыл мектептерінің санының аздығы, санасының кемдігі» – [6, 323 б.]  деп жазды.

Қазақ балаларының мектепке аз тартылуының саяси астары да болды. Халық ағарту жұмыстарын жүргізуге үкімет бюджетінен және жергілікті бюджеттен 35% [6, 136 б.] көлемінде қаржы бөлініп отырды, 1926 жылы – 10 миллион, 1927 жылы – 12 миллион көлемінде қаржы бөлінді. Бұл қаржы оқу – білім саласын жандандырып алып кетуге толық жетпегенімен, қажеттілікті біртіндеп шешуге көмек болатыны анық еді. Мәселе осы қаржының қалай бөлінуінде болатын. Мысалы, 1927 жылы 12 миллион ақшадан ауылға 1 миллон 200 мың сом, яғни 10 пайызы, орыс поселкесіне 2 миллион, яғни 16, 6 пайызы берілді. Екеуін қосып есептегенде 26, 6 пайыз қалғаны қалаға бөлінді. Бұл жерден шешуін күтіп тұрған екі түрлі өзекті мәселе келіп шығады. Бірінші ұлт мәселесі, екінші қала мен ауыл, поселке мәселесі. Ауыл мен поселке арасында қаржының тең бөлінбеуі. Біз қарастырып отырған  жылдардағы қазақ ұлтының үлестік салмағы 75 пайыз [6, 136 б. ], олай болса қазақ ұлтының саны басым. С. Сәдуақасовтың:  «Орыс поселкесінде мектептердің 30 процентінің үйі бар, 70 процентіне үй керек. Алайда мен сіздердің назарларыңызды қазақ ауылына аударғым келеді. Өйткені қазақ мектептері таза үйсіз. Орыс поселкелері туралы біз ескі патшаның  қалдырған мирасы жайында айтсақ, қазақ ауылында ол да жоқ. Орыс поселкелерінде бұрынғы арақ сататын үйлер мектепке жаратылса (ол да пайдаға асқан), қазақ ауылында арақ сататын үй де болмаған» [6, 139 б.] деген пікірін ескерсек, қазақ ауылына бөлінетін қаржы орыс поселкесіне бөлінетін қаржыдан әлде қайда көп болуы тиіс. Алайда, қазақ ауылына қаржы бір жарым есе кем бөлінді. Бұл патшалық билік кезінен келе жатқан орыс ұлтына үстемдік беру саясаттың өзгермегенін көрсетеді. Орыс поселкелеріндегі қара шаруалардың оқу жасындағы балаларының 30 пайызы, қазақ ауылындағы қазақ балаларының 8-12 пайызы ғана мектепке барды. 1925 жылдың 28 ақпанындағы «Еңбекші қазақ» газеті мен «Жаңа мектеп» журналының 1925 жылғы №1 санында С. Сәдуақасов Қазақстанда білім беру саласының және Халық ағарту комиссариатының алдында тұрған үш міндетке  тоқталды. «Оның бірі – мектептің үйлерін жөндеу, екіншісі – оқуға керек құралдар табу, үшіншісі – мектепте қай тілде оқылатындығын белгілеу.

Осы күні ел ішіндегі мектепке деген айрықша үй жоқ. Балалар жерде отырып, жерде жазады. Терезенің әйнегі жоқ, есіктің тақтайы жоқ, жағатын дұрыс пеш жоқ. Бүйтіп көрінген қазақтың шым үйін мектеп қыла берсек, біз халық ағарту жұмысында ілгері кете алмаймыз. Мектепте тәрбие берудің орнына, біз одан балалардың көбін ауру қылып шығаруымыз мүмкін. ...

Екінші мәселе: оқитын құрал даярлау ... Біздің бүгінгі күнге қоятын жоспарымыз (планымыз) тек бастауыш мектептерге ғана оқу құралын даярлау. Бұдан әрі күш те, қаражат та жетпейді. Осыны біз бітіріп алып, әрі қарай аяңдау керек. Оған дейін күшті бөлмей бір жерге салу керек.

Үшінші біздің мәселеміз: тіл туралы. Бұл мәселе тегінде біраз таласқа түспей болмайды. Соңғы жылдардың тәжірибесі қазақ тілі кейбір мектептерде (партия, совет мектебі, қазақ институттары, әртүрлі курстар) пайдалы болмай шыққанын көрсетіп отыр» [6, 320-321 б.].

Біз мына мәселеге назар аударуға тиіспіз: 1920 – 1930 жылдардағы мерзімді басылымдар беттерінде  «С.Сәдуақасов қазақ баласын қазақ тілінде оқытуға қарсы болды?» деген пікір қаншалықты шындық?!.

Жоқ. С. Сәдуақасов мұндай пікірді қазақ тілінде жазылған оқулықтардың жетіспеушілігінен айтып отыр. Ол балалардың мектеп оқулығы көлемімен шектеліп қалуын қаламады. «Мысалы: физика туралы бір оқу құралы болса, ол физиканы зерттеп білу үшін оқушыға тағы да қосымша әдебиет керек. Жаратылыстың бар күманын бір кітаппен ғана адам бітіре алмайды» [6, 321 б.] – деп жазды. Оқулық және қосымша әдебиеттер орыс тілінде болғандықтан, бастауыш мектепте қазақ тілінде оқып, онда да сабақтың төрттен бірі орыс тілінде болып, орта дәрежелі, одан ілгері мектептердің бәрінде орысша оқытылсын, мұнсыз қазақ балалары жөнді білім ала алмайды,  орысша тілмен оқығандықтан қазақ орыс болып және кетпейді, бұл туралы өткен тәжірибеміз үлкен өнеге, бұл мәселе қайткенде де тезірек шешілуі тиіс [6, 321-322 б.] деген пікірді ұстанды. Ал, 1920-жылдардың соңы мен 1930-жылдары С.Сәдуақасовты біржақты саяи тұрғыда айыптау науқанының салдарынан оның қандай пікірі болса да мерзімді баспасөздегі солақай сыншылар тарапынан бұрмаланып берілді.

С.Сәдуақасов қазақ балаларын мектепке қамтудың әр түрлі жолдарын ойластырды. 1926 жылғы жаңа оқу маусымында барлық балаларға мектептен орын жетіспегендіктен мектепке түсетін балалардан емтихан алу тәртібін енгізді. Мәскеу рабфагіне, Ташкент, Қазан, Омбы және Қазақстанның өз ішіндегі оқу орындарында осы тәртіп бойынша оқушылар қабылданатын болды. Басты мақсат барлық балаларды оқуға алу мүмкін болмай отырғандықтан, шәкірттер арасынан таланттысын таңдап алу еді.

1926 жылдың 28 қаңтарында болған Қазақ Өлкелік Комитеті Бюро мәжілісінде қазақтардан кіші медицина қызметкерлерін дайындайтын мектеп ашу мәселесін көтерді. Мәжіліске қатысушы Маймин  үш жыл бойы жұмыс жасап келе жатқан 200 адамға арналған мектепті сапа жағынан жақсартсақ болды. Осы оқу орнына  бөлінген қаржы қалай жұмсалуда сол жағын тексеру керек деп С.Сәдуақасовтың бұл ұсынысына қарсылық білдірді. Өзінің әр сөзін терең ойланып, салмақтап барып сөйлейтін С. Сәдуақасов: «Мен Маймин жолдаспен сөз таластырып, өзімнің де, оның да жүйкесін тоздырғым келмейді. Бізде медицина қызметкерлерінің жеткіліксіз екендігі анық. Сондықтан медицина  оқу орындары жүйесін ұлғайту туралы нұсқау берілуі тиіс. Біз оны бюджетке енгіземіз. Ал, жолдас Маймин онда күн сайын тексеру жүргізсе де өз еркінде» [7] – деді. Мәжіліс соңынан Халық Ағарту Комиссариаты мен Денсаулық сақтау Халық Комиссариаты біріге отырып, Қызылорда қаласында казақтардан медицина қызметкерлерін дайындайтын фельдшерлік мектеп ұйымдастыруға қажетті құжаттарды дайындау туралы [7, 118 п.] қаулы алынды.

С.Садуақасов ұлт, жер, оқу-ағарту мәселесі туралы пікірде сол кездегі Қазақстанның тізгіні қолында тұрған Ф.Голощекинмен қарама-қайшылыққа жиі келіп отырды. 1926 жылдың 17 ақпаны күні Қазақ Өлкелік Комитеті Бюро мәжілісінің жабық бөлімінде Халық Ағарту Комиссары (Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкеннен кейін шақырылған Қазақстан кеңестері У съезінде тағайындалған), «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы (1924 жылдың қараша айынан), Өлкелік партия комитетінің мүшесі С.Садуақасовтың Ф.Голощекин атына өзін қызметтен босатуын сұрап жазған өтініші тыңдалды. Садуақасов өтінішінде өзін әдебиет, оқулықтар жазу жағына пайдалану тиімді болатынын, ал әкімшілік орынға өзінен гөрі іскер, болмаған күнде іскерлігі кем емес басқа адамды қою қажеттігі айтылған. Сондай-ақ, өтінішінен саяси астар іздеп керек еместігі, олай болғанын қаламайтындығы баяндалған. С.Садуақасов қызметкерлердің кейбір бөлігінің шығармашылық қара жұмыстарға жегілетін уақыты жеткенін, оған алдымен, өз қызметін ұсынатынын және өзін Халық Ағарту Коммиссариаты мен газеттегі жұмыстардан босатуын өтінген. С.Сәдуақасовтың бұл өтінішіне Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасы Нығмет Нұрмақов, Еңбек Халық Комиссары М. Тәтімов, Орталық Атқару Комитеті төрағасы Жалау Мыңбаев, БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті Үгіт-насихат бөлімі бастығы Ораз Жандосов қарсылық білдіріп, өзінің қызметінде қалдыруды сұрады. Ораз Исаев пен Ізмұқан Құрамысов Смағұл Сәдуақасов өтінішін қанағаттандыруды ұсынды.

С.Сәдуақасовтың партияның үгіт-насихат құралы, Қазақстандағы негізгі әрі басты басылым «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып отыруы жаңа басшыны қанағаттандырмады. С.Садуақасовтың редакторлық қызметіне қатысты БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің Бюро мәжілісі 1926 жылдың 24 ақпанында өткізілді. Мәжілісте О.Жандосов «Қазақ баспасөзі туралы», Ә.Байділдин С.Сәдуақасов және ол редакторлық ететін «Еңбекші қазақ» газетті туралы баяндама жасады. Баяндамашы Ә. Байділдин С. Сәдуақасовтың «Қазіргі дәуір – іс дәуірі», «Оқу ісінің кемшіліктері» және басқа мақалаларын сынға алды. С.Сәдуақасов аталған мақаласында ел ішінде орын алып отырған олқылықтар мен асыра сілтеулерді сынға алды. Сол жылдардағы шолақ белсенді коммунистердің сөйлеген сөздері мен жазған мақалаларында айтылатындай жаттандылық, жасандылық жоқ, күнделікті өмірден туып отырған келелі мәселелерді көрсетіп, шешу жолдары қарастырылды. Алайда, ұстанған ұлттық бағыты газеттің мақсатына, коммунистік партияның Қазақстанда социалистік қоғам құру идеясына  қарама-қайшы келген Смағұл Сәдуақасов «Еңбекші қазақ» газеті редакторлығынан босатылды.

Ұлттық бағытынан айнымаған Смағұл Сәдуақасов 1926 жылы 29 қазанда Ташкенттегі тұңғыш Жоғарғы қазақ педагогика институтының салтанатты ашылуында сөйлеген сөзінде: «Өткен жүз жылдықтың екінші жартысында Алтынсарин деген өмір сүрді. ...Ол алғаш орыс-қырғыз мектептерін ұйымдастырушы, орыс алфавитін қазақ жазуына енгізуді қолдаушы болды. Ол оқымысты миссионер Ильминскийдің досы әрі оның оң қолы болды.

Сол Алтынсарин қайтыс боларының алдында өзіне бірде-бір орысты, тіпті достарын да жібермеуді бұйырды. Осы атеист өзінің жерлеу рәсіміне 99 молланың шақырылуын, көзі тірісінде өсиет етіп айтып кетті. Иә, бұл оқымысты қазақтың қасіреті болатын, мүмкін қазір бізге түсініксіз болар, қасірет мынада: ұзақ жылдар бойы орыстармен бірге жұмыс жасап, ақыр соңында, миссионерлердің қазақ халқына ешқашанда жақсылық жасамайтынына көз жеткізу. Мүмкін, оның езілген қазақ жүрегі өз қылмысына шыдамай, соңғы минуттарда ұзақ жылдар бірге қызмет жасаған  жолдастарынан бас тартты.

Бізде, өз уақытында қабілетті  де танымал тағы бір қазақ болған,  ол – Шоқан Уәлиханов. Ол орыстың Шығысты отарлау саясатын жүргізуші. Уалиханов патша өкіметінің әскери министрлігіне мәлімет жинау үшін Қашқарға жасырын барған; ол Түркістанды бағындырған атақты генерал Черняев жасағында офицер қызметін атқарған. Не ойлайсыздар, осы Уалиханов өмірін  немен аяқтады? – Оның да өмірінің соңы Алтынсариндікіндей болды. Уалиханов өмірінің соңында бұрынғы орыс достарының бәрінен безінді; сәнді киім киген орыс әскерінің офицері қырғыздың кең киімін, ауыр етігін киіп алыстағы ауылда дүниеден өтті.

... Менің ойымша, осы екі мысал қазақ халқының ұлттық санасы оянар қарсаңында, білімді қазақтар мәдениетті Еуропада қалай жұмыс жасағанын көрсетуге әбден жеткілікті» [8, 331 – 332 бб.] - деді. Иә, Ыбырай Алтынсарин де, Шоқан Уәлиханов та өмірлерінің соңғы сағаттарында өз бастарындағы қасіреттерінен қазақ халқына осылайша сабақ беріп кеткен еді.

Ұлт зиялыларына қарсы саяси шабуылдың өршуі кейбір жауапты қызметкерлердің Қазақстаннан кетуіне алып келді. С.Сәдуақасов БК(б)П Орталық Комитетіне Комакадемияға оқуға түсу туралы өтініш жасады, алайда, С.Сәдуақасовтың бұл өтініші қабылданбады. БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті 1927 жылдың 22 маусымында С.Сәдуақасовты Ташкенттегі Қазақ мемлекеттік педагогика университетіне ректорлық қызметке жіберді. Ташкентте де «садуақасовшылдықты» айыптау науқаны жалғасып, студент жастар арасындағы «сәдуақасовшылдықты» жою жұмыстары басталды. Оны Ф.Голощекиннің өзі бақылап отырды

Қалыптасып келе жатқан өктем әміршіл саяси жүйе коммунистік идеяларды білім саласына мықтап енгізу үшін, ұлттық идеялар мен рухани құндылықтардан бас тартты. Ф. Голощекин: «Ағарту комиссариаты партия жолына теріс іс істеп келді. Білім ордасында басты қызметкерлердің бірі – бәріңе де белгілі Байтұрсынұлы Ахмет. Білім ордасының тізгіні соның қолында.

... Білім ордасы – партия жолын теріс бұрып, партия жолынан аттап отыр. Білім ордасының қабылдаған терминдері (пән атаулары) тірі масқара. Естіген адам ішек – сілесі қатып күледі. Оқу кітаптары жайына келсек, бұл жұмысты өз қолымызға алғанға шейін түк істелмепті. Оқу кітаптарын бізге жат адамдар жазған. Тілі басқа, партия жолынан теріс, партияға түсініксіз тілмен жазған.

Партия жұмысына теріс жазулар жазған. Тәрбие мәселесінің құрылысы айтса нанғысыз, тірі масқара» [9] - деп жазды 1927 жылдың 20 қарашасындағы «Еңбекші қазақ» (№ 268) газетінде. Коммунистік партия көсемдері рухани-мәдени салада тек Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақтың марқасқа ұлдарының оқу-ағарту саласындағы қызметінен ғана бас тартып қойған жоқ, олардың қазақтың ғылым-біліміне қосқан қомақты ғылыми-танымдық еңбектерінен қоса бас тартты. Алаш зиялыларының еңбектерін оқуға тиым салды, тіпті қазақ халқының санасынан рухани құндылықтарды түпкілікті жою мақсатымен әріптерде ауыстырылды. 1928 жылы желтоқсан айында Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитеті IV сессиясы  араб әліпбиінен латынға көшу мәселесін қойды. «Латын әрпіне көшу – күн шығыстағы төңкерістің  бір түрі» деп В. Ленин айтқандай, араб әрпін латынға ауыстыру шын мәнінде рухани саладағы төңкеріс болды. Қазақ халқы ғасырлар бойы жинақталған рухани-мәдени құндылықтарынан аласталып, халықтың санасына өткеніне менсінбей қарайтын  дауасыз дерттің дәні егілді. Мерзімді басылымдар партияның ұстанған бағытына сәйкес, әріптердің ауысуын бір жақты партиялық көзқарас тұрғысынан насихаттады. Әріптердің ауысу тарихының ақиқаты айтылмай «ақтаңдақ» мәселеге айналды.

Мәжит Дәулетқалиұлы ұлттық мәдениет құрылысында мектептермен қатар мәдениет құрылысының басқа жақтарының да: баспасөздің, әдебиеттің, көркем өнердің күшеюі керек [10] деген мәселе көтерді. Т. Шонанұлы «Еңбекші қазақ» газетінде «мылжыңы көп сабақ беру әдісі мектептен қуылсын» деп мектептегі білім беруді саясатпен байланыстыруға қарсылық білдірді. Алайда, тоталитарлық жүйе рухани саланың еркін  дамуына жол берген жоқ. Мұндай пікірлер Орталық партия комитетінің қаулысына қарсы шығу, кеңес мектебі балаларды мылжыңға, қызыл өсекшілдікке үйретеді дейтін алашордашылдардың сандырағының салдары [11] деген баға беріліп, мұндай пікірлермен күрес жүргізілді. БК(б)П Орталық Комитеті 1932 жылдың 25 тамызында «Бастауыш және орта мектеп жүйесі және оқу бағдарламалары туралы» мәселе қарап, оқу-әдістемелік кітаптар шығару жөнінде арнайы шешім қабылдады. 1932 жылдың 9 қыркүйегінде БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитеті бастауыш және орта мектеп жүйесі туралы БК(б)П Орталық Комитетінің шешіміне сәйкес оқу бағдарламаларындағы қателіктерді түзетіп, әдістемелік брошюралар шығаруды 1933 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқтау жөнінде [12, 234 п.] қаулы қабылдады.

С.Сәдуақасовқа ұзақ уақыт бойы алашорда ұлтшылдары тобына жақын оңшыл оппортунистік идеяны уағыздаушы, коммунистік партия ішіндегі буржуазия тыңшысы, жеке меншік пен байдың мүддесін көздеуші, партияның жерге орналастыру, байларды тәркілеу, ұжымдастыру мен индустрияландыру шараларына қарсы болды деген айыптар тағылып келді. Қоғамдық-саяси қызметіне кеңестік дәуірде бір жақты саяси баға берілу салдарынан аты аталмады, еңбектері мүлде зерттелмеді.

Смағұл Сәдуақасов бүгінгі күнге дейін қазақ ұлты үшін маңызын жоймаған қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени мәселелерді шешу жолдарын ұсынды, қалыптасып келе жатқан әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы демократиялық ой-пікірлерін батыл баяндады. «Қазақ елі ... мақсатына жету үшін ең әуелі өзінің ұлт екенін біліп, ұлттығын танып білу керек» деген берік ұстанымдағы Смағұл Сәдуақасов – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалауға өлшеусіз үлесін қосты.


Данагүл МАХАТ

 тарих ғылымдарының докторы

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы

«Отырар кітапханасы» Ғылыми орталығының

Бас  ғылыми қызметкері


 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

  1. Курамысов И. Культурное строительство на новом этапе // Советская степь. – 1931. – 3 октября. - № 221.
  2. Докладная записка. О проведении в жизнь постановления Казкрайкома РКП(б) об издании приложений к газете “Энбекши казах” – месячного журнала и популярных сборник художественной литературы. О журнале // ҚРПМ. Қ. 141; т. 1, іс 377. - 25 п.
  3. «Жаңа мектепті» шығару неге керек болды? // Жаңа мектеп. - 1925. - № 1 август. – 3 – 6 бб.
  4. Ахметұлы, Сарбасұлы. Мектеп пен газет // Жаңа мектеп .– 1925. - № 1 август. – 24 - 25 бб.
  5. Докладная записка. О проведении в жизнь постановления Казкрайкома РКП(б) об издании приложений к газете “Энбекши казах” – месячного журнала и популярных сборник художественной литературы. О журнале // ҚРПМ. Қ. 141; т. 1, іс 377. - 25 п.
  6. Садуақасұлы С. Екі томдық шығармалар жинағы. - Алматы: «Алаш», -  - 2 – том. – 360 б.
  7. Заседание Бюро Казкрайкома ВКП(б) от 28 января 1926 года (Стенографический отчет) // ҚРПМ. Қ. 141; т. 1, іс 490. - 118 п.
  8. Сәдуақасов С. О значении ВУЗа для Казахстана // Екі томдық шығармалар жинағы. 1 – том. – Алматы: «Алаш», - 2003. – 352 б.
  9. Өлкелік Комитеттің есепті баяндамасы. Голощекиннің баяндамасы // Еңбекші қазақ. – 1927. – 20 ноябрь. - № 268.
  10. Дәулетқалиұлы М. Қазақстанның ұлттық – мәдениет құрылысында большевикше жұмыс істейік // Социалды Қазақстан. – 1933. – 18 октябрь. - № 241.
  11. Өтепұлы Қ. Троцкийшілдердің «оңшыл», «солшыл» оппортоншылдардың контрабандалық шабуылына жол берілмесін // Қазақстан большевигі. - 1932. - №3.- 16 – 21 бб.
  12. Протокол № 242 от 14 августа 1932 г. П. 10. О редколлегии журнала “Ауыльный коммунист”. // ҚР ПМ. Қ.141; т.1, іс 5156а. - 102 п. Об организации отделов писем рабочих и колхозников в редакциях краевых, областных и районных газет. 21 сентября 1932 г.; Постановление Крайкома ВКП(б) о практических мероприятиях по реализации решения ЦК ВКП(б) “Об уебных программах и режиме в начальной и средней школе” от 25 августа 1932 года  // ҚР ПМ. Қ.141; т.1, іс 5156а.

 

 

 

Пікірлер