"Қаз дауысты... би" деректі фильмі көрсетіледі

3406
Adyrna.kz Telegram

14 желтоқсан, сағат 17:00-де Қазақстан Респупбликасының ұлттық кітапханасында "Қаз дауысты... би" деректі фильмі көрсетіледі.

Биыл Қазақ Ордасының кемеңгер биі, мемлекет жəне қоғам қайраткері Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы Қарағанды облысында өз мəнінде аталып өткені белгілі.
Кезінде, осыдан 10-15 жыл бұрын мұндай ұлы тұлғалардың мерейтойлары республикалық деңгейде мерекеленіп, республика Астанасында Елбасы, мемлекет жəне қоғам қайраткерлері, сондай-ақ өнер шеберлері қатысқан салтанатты, ұлы жиынмен қорытындыланып, түйінделетін. Жəне мұндай идеологиялық маңызы зор шаралар толықтай теледидарға түсіріліп, мемлекеттік телеарналар арқылы қалың бұқараның назарына ұсынылып, жалпақ жұртқа насихатталушы еді. Қазір мұның бірі де жоқ. Себебі жоғарыда ел идеологиясына жауап беретін мемлекетшіл, халықшыл шенеуніктер "Қызыл кітапқа" енетіндей деңгейде азайып, мүлде қалмай бара жатыр. Сондықтан Қазыбек би сияқты ұлы тұлғалардың мерейтойы аудандық, əрі кетсе облыстық деңгейде ғана аталып өтелетін шағын шара болып қалуда.
Бұл да бір кем дүние...
Басты айтпағым бұл емес, əрине. Үстіміздегі жылы Қарағанды облысы əкімшілігінің бастамасымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шəкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы өте қысқа мерзім ішінде "Қаз дауысты... би" атты деректі фильм түсіріп үлгерді.
Аталған фильмнің режиссерлеры: Ғазиз Насыров екеуміз бұл фильмде Қаз дауысты Қазыбек бидің мемлекетшіл биік тұлғасын деректі фильм арқылы саралауға, безбендеуге тырыстық. Қазыбек би жайлы ел аузындағы аңыздар мен Ресей жəне Қытай мұрағаттарында сақталған жазба деректерді қорытып, осы материалдардың негізінде Қазыбек бидің өмірі мен қызметін кино тілінде реконструкция жасауға талаптандық.
Бұл əрине оңайға соққан жоқ. "Делика" жол талғамайтын жапонның көлігімен 8 000 шақырымнан аса жол жүріп, бір шеті Павлодар, Қарағанды бір шеті Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда облысының шегіне дейін барып қайттық. Аз уақыттың ішінде 20 сағаттай видео материал түсіріп үлгердік. Əрине, сапарымыз қауіп-қатерсіз болған жоқ деп айта алмаймыз. Мəселен, Қаз дауысты Қазыбек би 1764 жылы ақпан айында қайтыс болғанда қыс қаһарлы, қар қалың болғандықтан, жер аяғы кеңігенше деп баласы Бекболат пен Едіге билер ұлы бидің мəйітін сөреге сақтауға ұйғарған. Осы қыс айында болған оқиғаны суреттеу үшін Алатаудың бір асқар биігі - 3800 метрлік "Молодежный" аталатын биік шыңына шығып, алты қанат үй тіктік. Өйткені мезгіл тамыздың соңы, Алатауға қар түсіп үлгермегендіктен, осылай жаннан безіп, мəңгі мұздықтарға көтерілуге мәжбүр болдық. Алатаудың құлама жартасты, түпсіз шыңырауларынан асып өткеніміздің өзі бір ғажайып хикая. Бəрін жазып отыруға уақыт тапшы.
Сонымен, фильмді қысқа уақытта аяқтап, 21-қырқүйекте, Қарағанды қаласында өтететін халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда көрсетуге жоғарыдан пəрмен алған түсірілім тобы күні-түні бел шешпей еңбек етіп, діттеген уақытта дайын қылуға тырыстық. Тəңірі жар болып, конференция уақыты кейінге шегерілуіне байланысты бір тыныс алып алған біздер қайта жұмыла кірісіп, фильмді аяқтап үлгердік. Өкініштісі, осыншама асықтырылған фильм конференцияда көрсетілмей, (белгісіз себептермен кейінге қалдырылды) біздің күні-түні ұйқысыз-күлкісіз істеген ауыр еңбегіміз желге ұшты, маңдай теріміз зая кетті. Қаншама жүйке жұқарып, қанша шаш ағарды десеңізші. Киногерлердің ауыр бейнетін түсінетін кім бар бұл жалғанда, жұрттың бəрі жөн-жосықсыз сын айтуға ғана құштар...
Енді, міне, сол фильмді "Қазақфильм" киностудиясы Алматы көрермендері алдында (қарағандылықтардың уәдесі ұзап кеткен соң) көрсетуге шешім қабылдапты. Қуанып та, қобалжып отырмын. Сіздер де келіңіздер ағайын, көріңіздер, бағасын беріңіздер. Деректі кино өнері туралы пікірімізді, ойымызды ортаға салайық.

Фильмге түскен барлық кино жəне театр актерлерін, осы жобада еңбек етіп, тер төккен түсірілім тобының барлығын Ұлттық кітапханада (Абай даңғылы 14) өтетін көрсетілімге шақырамын. Кино мамандары, деректі киноның сыншылары, журналистер қауымы - Сіздерді де деректі кино көрермені ретінде кинозалдан көргім келеді. Есік барлықтарыңызға ашық!


Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,

өнертанушы, әнші-композитор,

сценарист, жазушы.

Пікірлер