Маңғыстаулық дәрігерлерге құрмет көрсетілді

1632
Adyrna.kz Telegram

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде облыс әкімі Серікбай Трұмов бір топ дәрігерді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек Ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және Құрмет грамоталарымен марапаттады деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Салтанатты шарада С.Трұмов Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан 20 медициналық мекемеге 100 000 теңгелік сертификаттар табыстады.

Маңғыстау облысының әкімі дәрігерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, қатерлі індетке қарсы арпалыстың алдыңғы шебінде жүрген мамандарының табанды еңбектеріне табыс тіледі.

«Бүгінгі күні адам өмірін қорғауда өз басын қатерге тігіп жүрген жандарға қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейді. Бұл жетістіктер – бүгінгі таңда қызмет атқарып жатқан бір жарым мың дәрігер мен 6 мыңнан астам орта буын медицина қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Олардың ішінде өз қызметіне адал, білімді дәрігерлер мен мейірбикелер аз емес»,- деді С.Трұмов.

Оның айтуынша, тәуелсіздік алғалы бері Маңғыстау облысында 150-ден астам денсаулық сақтау нысаны іске қосылған. Озық үлгідегі Ана мен бала үйі, қан орталығы, кардио хирургия орталығы ашылып, ем алу үшін алысқа сабылатын тұрғындарға облыс аумағында емделіп, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік туды. Былтыр жедел-жәрдем автопаркі 100%-ға жаңарып, талапқа сай, қажетті медициналық құралдармен толық жабдықталған жаңа көліктер салып алынды.

​Ақтау қаласының шағын аудандарында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша жаңа медициналық орталықтар ашылды. Онда тұрғындардың ем қабылдап, диагностика жасауы үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен зерттеуден өтуге, қажетті талдауларды тапсыруға, емшара кабинетінің қызметтерін алуға болады.

Өңірде осы жылы көпсалалы балалар ауруханасында шұғыл балалар хирургиясының бөлімі ашылды. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі инновациялық құрылғылармен жабдықталған бұл бөлімше мыңдаған баланың өмірін сақтайтын орталыққа айналмақ.

Облыста ана мен бала өмірін қорғау бойынша да кешенді жұмыстар жасалуда. Биыл табиғи өсім бір жарым есеге артып, 5 айда 9 мыңнан аса бала дүниеге келді. Ана өлімі тіркелген жоқ.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер