Тұрсынбектің қазіргі тірлігін ақтап алуға тырысқан қоғамға өркениет келмейді

5772
Adyrna.kz Telegram
Біздің қоғамның жемқорларының саны даласындағы орманындағы ағаштарының санынан да асып барады.
Жалпы, сөздің түйіні мынау! Сіз әділетті, демократиялық құндылықтарды ескеретін, зайырлы, заң үстемдік құратын қоғамда өмір сүргіңіз келеді ме!? Бұл болашақты жарқын етейік деген әрбір қазақстандық азамат үшін стратегиялық сұрақ болсын!
Ал, мұндай қоғам құрылуы үшін әрбір қазақ азаматының ділінді осы сұраққа жауап дайын болуы керек. Сол жауап дайын болған кезде ғана әрекетке көшеміз. Бізге АҚШ демократия орнатып береді, анау өйтіп береді дегеннің бәрі бос сөз. Сіз айдаладағы АҚШ-ты айтпай-ақ қойыңыз, сізге қазір туысқаныңыз да көмек бере алмайтын жағдай болады.  Тек олардан керекті дүниелерді алатын шығармыз. Бірақ бізге елдікті тек өзіміздің жанашыр азаматтарымыз ғана орнатып береді. Ол - сіз бен біз!
Әлеуметтік желіні байқап қарасам, біздің кейбір азаматтарымыз "Тұрсынбекті кешірейік, елге танымал адам ғой, еңбегі сіңді ғой, не болыпты сонша" деген сарында сөздерді жаудырып жатыр екен. Тұрсынбектің қазіргі жағдайын кешіру - бұл жемқорлыққа бармақ басты, көз қысты қарау. Тұрсынбектің өз баласын Америкаға ақылы оқытуға да жағдайы жетер еді. Біреудің баласының грантын, несібесін тартып алу Тұрсынбекке лайықты іс пе? Сол жайында ойланып көрдіңіздер ме? Оның қаржысын санап отырған жайым жоқ. Ол қалтасы қаржыға тола отырып, біреудің баласының грантын тартып алып отырғанын да ескеріңіз. Сол грантсыз  қалған бала мүмкін Қазақстанға керек абыройлы өнертапқыш немесе ғалым болатын шығар ертең... Қайдан білейік... Біз жемқорлыққа көз жұма қараймыз ғой. Сондықтан болашақты білмейміз...
Мықты мемлекет орнатып, заң мен тәртіпке орын беріп отырған Оңтүстік Корея президентін де жемқорлық әрекеті үшін соттап жіберді ғой. Қазір заң мен ғылым, білім билік құрған Оңтүстік Корея жаман болып отыр ма? Міне, өркениетті ел боламыз десек, еліміздің болашағына, әсіресе, балаңыздың болашағына көз жұма қарағыңыз келмесе, онда әділдік жағына шығыңыз! Заң мен тәртіпті орнатуға өзіңіз үлес қосыңыз! Сонда сіздің де балаңыз өркениетті елде өмір сүретін болады.
Ал, мынау Тұрсынбектің жайына келетін болсақ, бұл Тұрсынбек қазағынан ешқандай да жаманшылық көрген жоқ. Қазағының арқасында өсіп-өнді. Кезінде мазақтады да өзі өсіп-өнген елін. Қазіргі тірлігі ақтап алуға жатпайды. Заң аясында жауап берсін! Өзінің жауапкершілігін мойнымен көтерсін! Қылмысы үшін заң алдында жауапқа тарту зұлымдық емес, әділдік! Сонымен қатар, Тұрсынбектің қызына жалған құжат жасаған ХҚКО-ға да тексеріс жасалып, бәрі жауапқа тартылсын! Әйтпесе, бұл заңсыздық тоқтамайды. Бұл біздің жемқорлар қаптаған қоғамға сабақ болады. Әйтпесе, грантты тек қана Тұрсынбектің қызы ғана жемқорлық жолмен алып жатқан жоқ, ондайлардың санына жете алмайсың тексеріс болса.
Өркениетті Қазақстанның кепілі - бұл әрбіріңіздің заң мен әділетке тура қарап, масканы шешіп тастап, белді байлап тастап әрекетке кірісулеріңізге байланысты.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер