Көне Сарайшық һәм Бейбарыс сұлтан

3445
Adyrna.kz Telegram

«Мен дүние жүзінің бәрін араладым. Сол аралаған қалаларымның ішінде Сарайшық қаласы – Бағдат сынды дүние жүзіндегі ірі қалалардың бірі. Бағдаттағыдай мұнда да қайықтардан жасалған көпір көрдім. Қалада ханның сарайы, төрт мешіт, өте көп қонақүй бар екен. Бірақ мен оларды көріп таңғалған жоқпын, менің таңғалғаным, Жер шарын шарлап жүргенде көрмеген бір қызықты Сарайшықтан көрдім, мына жақсылық адам баласының бәріне бітсе, бақыт. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен». Ибн  Баттута, Ежелгі араб ғалымы және саяхатшысы, 1334 жыл

(«Өмірлік саяхат» атты кітабынан)
Тарихи ескерткіштер – осы даланың және осы дала­ны ежелден мекен еткен ұлт­тың ұлт­тық кодының бір парасы. Мәселе – сол ұлттық код­тың маңыз­ды парасын сөйлете бі­луде. Тарихи деректер мен зат­тық шежірелер не деп сөй­леп тұр­ғанына терең­дей назар аударудың маңызы артты. Және оған тоқталып, айналдыра қарап, тілін ұғыну, сыры­на үңіліп, жұмбағын табу міндеті Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында төтесінен қойылды.

Басқа деректерді айтпа­ған­ның өзінде, көне дәуірдің сәні болған Сарайшық қаласының көше-көшесін көрмеге айналдырып жіберуге болатын еді. Оған, әрине, ең басты ке­дергі болған жағдай – біз­дің Кеңес Одағының құра­мында болғандығымыз. Кеңес Ода­ғының одақтас республи­калар­дың, оның ішінде іргесі бір Қазақ елінің тарихи деректеріне деген көзқарасы кезінде Сарайшықты тонап, халқын қырып кеткен баяғы Иван Грозныйдың көзқарасымен қарайлас болды. Халықты қырмаса да, тарихи ескерткіштерді жасанып келген жауға беріп қоймаса да, жел мен жаңбырдың, қар мен дауылдың және әрі-бері өтіп жатқандардың тонауына тастай салды. Рас, белгілі бір деңгейдегі зерттеулер жүр­гізілді. Ә.Марғұлан ғұлама бас­таған зерттеушілер көп нәрсені қолға ұстап қалды. Бірақ одан да көп нәрсе тонауға түсті, біраз бөлігін Жайықтың суы ағызып алып кетті. Бұл – осы қаланың тарихи трагедиясы.

Енді өткен күндердің олқы­лығын толтырудың қамы жасалып жатыр. Сарайшық қаласы «Қазақстанның киелі жерлер географиясына» енгізілді. «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» ұлттық жобасы Қазақстандағы киелі жерлер туралы жаңа деректер жинақтап, жүйелеп, кең көлемде, кешенді түрде зерттеу жүргізу мақсатын көздейді.

Сарайшықтың сол тізімге енгенінің өзі – үлкен жетістік. Алайда Сарайшық бұл күндері жұмбағы көп қалаға айналды. Дегенмен кезінде қолға ұстап қалған деректік заттарының өзі талай нәрсені аңғартары анық. Басқасын айтпағанның өзінде, 7 ханға мәңгілік мекен болуының өзінде терең сыр жатыр. Осының өзі қазақ тарихы­ның ең айтулы беттері болуға сұранып тұр дер едім. 7 хан жат­қан жерде саны белгісіз ба­тыр­­лар мен билер жатыр деп па­йым­дауымызға мүмкіндік береді. Осының өзі дәл осы мекен­нің қасиет сіңген үлкен киелі орталық болуына сілтеме жасап тұр.

Осының өзі сол 7 ханның және оның төңірегінде жатқан батырлар мен билердің дәл бүгінгі таңда да осы жерде рух­тық күш біріктіріп жатқан­дығын айтып тұрғандай. Осының өзі оның қазіргі зерттеу­шілерінің ізін жалғас­тыратын болашақ зерттеу­ші­лерді даярлау міндетіне сілтеме жасап тұр. Қазіргі мектеп оқушылары Куликов шайқасын жақсы білуі мүмкін, бірақ Сарайшықта не болғанын жергілікті жердің балалары болмаса, Қазақстанның барлық өңіріндегі балалар біле бермейтіні анық.

Тарихтың өз жерімізде өткен осындай айтулы оқиғаларын білмегендіктен, біздің жастарымыз үшін негіз­гі тарихи оқиғалардың барлы­ғы Еуропада немесе Грекия мен Египетте өткен сияқты көрінеді. Және адамзаттық оқиғалар­ды солар ұйымдастырып, адам­зат­тық мәдениетті де тек солар жасағандай ұғыммен өседі. Біз­дің даланың беті де сан ал­уан оқиғалар мен небір дария ақыл­гөйлерге, небір батырлық жорықтар мен күрестерге толы болғанын толыққанды әлі біліп болған жоқ. Осыларды тереңдеп білдіртудің әдіс-тәсілдеріне көңіл бөлу керек сияқты.

Сарайшықтың сарғайған беттері әлі де көп нәрсеге ұсы­нақ­тылықпен қарауды қажет етеді. Бәрін айтпай-ақ, осы қаладан 1999 жылғы қазба жұмыстары кезінде табыл­ған таңғажайып ыдысты алайық­шы. Сол ыдыстың салмағы­ның бір парақ қағаздан да жеңі­лірек екендігінің өзі адамды таңғалдырмай ма? Сол ғасырда жасалған бұл ыдыстың материалы қандай екен? Ғылымға бейімі бар жастарға осы тақы­рыпты ұсынса, бәлкім олардың қызығушылығы оянып, зерттеп кетер ме еді? Ал осы ыдыс­қа у құй­са, оның дереу түсін өзгер­те­­тіндігі деген ғажап қой! Мұн­дай ыд­ыстың табылуы Сарай­шық қаласы туралы қандай ақ­па­рат­тар беріп тұр дейтін болсақ: біріншіден: хандардың ара­сындағы бәсекелестіктің немесе іштен бүлдіруді көздеп жүр­­ген сыртқы жаулардың көп бол­ғандығы.

Сыртқы жау қандай жағдайда көп болады? Гүл­денген жердің, дамыған елдің жауы көп болады. Бұл ыдыс сол кездегі қорғаныс саясатында керемет жетістіктердің болғандығы туралы ақпарат беріп тұр; екіншіден: осындай ыдыс ойлап табу кімнің идеясы? Бұл қай ханның тұсында жасалған ыдыс? Демек сол хан өте батыл, идеяшыл, жаңашыл тұлға; үшіншіден: мұндай ыдыс­ты жасау бір адамның емес, бірнеше ғалымдардың табысы болуы мүмкін. Демек осы жерде ғылымның дамуына жағдай жасалды деген сөз; төртіншіден: дәл осындай ы­дыстың Египетте де табыл­ғанына назар аударып көрдік пе? бесіншіден: дәл осы ыдыс­тың Бейбарыс сұлтанның Мы­сырда билік құруымен байланысы бар болуына бұған дейін тарихшылар назар аудар­ды ма екен? Тағы да назар аударып көрелік. Тарихи дерек былай дейді. «Мысырда мем­лекет басына мәмлүк (қып­­шақ) әулетінің келуімен Алтын Ордамен байланыстың ны­ғаюына орай тарихи әдебиет жедел қарқынмен дамыды. Түркі әулеттері, халықтарының тарихи-географиялық мәлімет­терін толық қамтитын энцик­лопедиялар пайда болды.

Мысырда сұлтан Бейбарыстың өмір-дерегіне арнап жазған хат­шысы Абд-аз-Захирдің тарихи еңбегі дүниеге келді. Бұл еңбекте Алтын Ордамен қарым-қатынастар туралы мә­лі­­меттер, сонымен бірге Қырымнан Волгаға дейін­гі ара­­­лықтағы қысқаша «жол­сіл­теме», Қырымның тұрғылық­ты халқы туралы діни, этно­гра­фи­ялық мәліметтер келтірі­леді.

«Бейбарыс тек талант­ты қолбасшы ғана емес, сон­дай-ақ көреген саясаткер ре­тінде танылды. Ол сол кез­дің өзін­де көптеген алыс-жақын мем­лекеттермен қарым-қаты­нас орнатты. Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс сол дәуірдің озық үлгісімен көптеген зәулім ғи­мараттар, көрнекті мешіттер, биік қорғандар мен қамалдар салдырды.

Олардың бірқа­тары сақталған. Ол сұлтандық билік­ке қол жеткізген кезде қып­­шақ жерлері моңғол ханы Берке Құлағу билеп отырған Ал­тын Орданың иелігінде еді. Бей­барыс бірінші кезекте олар­ға достық пиғылдағы хат жі­бер­ді. 1262 жылы сұлтан екі ел арасында достық қарым-қатынас орнату үшін өз ел­ші­сін жіберді. Мұнан кейін әскери, сауда, діни, мә­де­ни бай­ланыс­тар орнатты» (https://kk.wikipedia.org/wiki). Беркеден кейін «Мөңке Темір билікке келісімен Шыңғыс империясынан іргесін аулақ салып, Алтын Орданы тәуелсіз мемлекетке айналдырды. ...Берке хан салған сара жолды жалғап, Мысыр сұлтаны Бейбарыс­пен байланысын күшейтті. Мұ­сы­лмандар­ға қырғидай тиген Құлағуға қар­сы күш біріктірді. («Сарай­шық­та жерленген 7 хан кім?». https://aikyn.kz/2017/05/06/12441.html. 6 мамыр, 2017 ж.). Ал Елба­сы­мыз Н.Ә.Назарбаев «Ерек­ше ерлігі, асқан ақылы­мен құлдықтан хан­дыққа дейін көтерілген. Еги­петтей алып елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушылары­нан, крест жорығын бастау­шы­лардан жалпы араб әлемін сақтап қалған біздің ұлы бабамыз Бейбарыстың бала кезінде тұтқынға осы Атырау бойынан әкетілгені, өзінің сүйегі осын­дағы Беріш тайпасынан екенін көптеген тарихшылар кезінде жазып қалдырған» деп жазды. Тарихи жазбаларда небір дерек­тер болады. Былай қара­ғанда әрқайсысы әр ғасырда шашылып жатқан, бір-біріне қатысы жоқ сияқты көрінеді. Егер де сол деректерді бір-біріне үйлестірсе, тіпті солар­­дың ішінде бірі бірінің жалға­сы немесе туысы болып шы­ғатын жағдайлар кезде­се­ді.

Салмағы бір парақ қағаз­дан да жеңіл, у құйсаң, түсін өз­гертетін ыдыстың біреуінің Сарайшықтан, тағы біреуінің Египеттен табылуы кездейсоқ нәрсе деуге келмейді. Берке хан-Бейбарыс байланы­сы Сарай­шық-Мысыр байланы­сының көрінісі. Олай болса, әлгі ыдыстың қандай байланыс­тар арқылы келгенінің төркіні көрініп тұрған сияқты. Менің ойымша, екеуінің шыққан тегі бір. Оның отаны – осы Сарайшық өңірі болуы мүмкін. Ғаламдық тарихта талай болжамдар шындыққа негіз болған жағдайлар аз емес. «1262 жылы сұлтан екі ел арасында достық қарым-қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнатты» деген деректің өзі Мысыр мен Сарайшықтың арасындағы байланыстың тарихи дерегі болса, ғылыми байланыс та соның ішінде екеніне дау бар ма. Екі мемлекеттегі екі ыдыстың бір-бірімен осындай байланыста болуы Бейбарыстың патшалық құрған қызметінің бір парасы деген болжам айтқым келеді. Бейбарыс сұлтан тарихи деректер бойынша 1260-1277 жылдар аралығында Мысырда билік құрған.

Сарайшық қаласының іргетасы осы қала тарихын түп-тамырына дейін білетін Молдаш Бердімұратовтың айтуында былай келтіріледі: «1229 жылы Шыңғыс ханның немересі Бату Сарайшықтың үстімен өтіп, Қажытархан қаласын жаулап алған. Қажытархан – осы күнгі Астрахань қаласы. Бату кейін Еділ бойындағы таби­ғаты тамаша жерден үл­кен қала салдырған. Сол кезде мұны жергілікті халық Сарай-Бату, яғни Батудың салдырған сарайы деп атаған. Кейін Бату Еуропаны жаулап, орыс князьдерін өзіне то­лық­тай бағындырған кезде, оны тілеулестері жеңісі­мен құттықтап, 12 қанат алтын­далған ағаш үй сыйлапты. Сол күннен бастап Сарай-Бату Алтын Орда деп аталып кеткен. Моңғолдар оған «Сарай» деп ат берген де, соның жанынан салдырған кішкене қаланы «Сарай-Жук» деп атайды. «Жук» — моңғол тілінде «жуық» деген сөз». Кезінде Әлкей Марғұлан да Сарайшық қаласының ХІІ ғасырда өмірге келгендігін нақтылап тұрып айтып кеткен екен. Демек уақыттары бо­йынша Сарайшықтың гүлдену дәуірі мен Бейбарыс билік еткен Мысыр патшалығының өмір сүру уақыты да дәл келіп тұр. Қазақ жеріндегі ең алғашқы мешіттің Сарайшықта салынуы және осындай мешіттердің Бейбарыс билік құрған заманда Мысыр елінің әр қаласында бір-бір мешіттен салынуын да осы екі елдің арасындағы бай­ланыстардың көріністері ретін­де қарастыруға әбден болады. Мөңке ханнан бұрын Са­рай­шықты басқарған Бер­ке хан мұсылмандықты қат­ты ұстанған және қазақ жерін­дегі ең алғашқы мешітті сол Сарай­шықта салдырған адам екен. «Ордадағы барлық қалаларда мешіттер мен мұнаралар, медреселер мен керуен-сарайлар тұрғызылып жатты. Бейбарыс сұлтанның Беркеге жазған алғашқы хаты хижраның 659 немесе 660 жылы (1260/1261 жылдары) жазылған болса керек. Дəл сол жылдары Мысырға келе бастаған жошылықтарды Бейбарыс жылы қарсы алған. Оларға ат-киімін беріп, Каирде арнайы соғылған үйлерге орналастырған. Тіпті сұлтан кейбірін өз сарбаздарына əмір етіп тағайындаған. ...Сұлтан ислам елдері арасында беделі аспандаған Беркемен бай­ланыс орнатуға асыққан еді. Əлбетте неге асықпасқа?! Жо­­шы­­­лық­тардың əскер сапын құ­рау­шылардың негізі қып­­ша­қтар болатын. Ал мəм­лүктер – құлдыққа түскен қып­шақтар. Тілі мен мəдениеті, қан жағынан жақындық мəмлүктер мен ордалықтардың арасында одақ құруда басты рөл атқарды» (https://kk.wikipedia. Алтын Орданың екінші әміршісі – Берке хан). Жошы ұлысына Мысырдың алғашқы елшісі 1262 жылы келген екен. Бейбарыс сұлтанның Мысыр жерінде мешіттер салдыруына осы Берке ханның ықпалы болғаны анық. Олай болса, қағаздан жұқа бір ғана ыдыстың өзі Сарай­шық пен Мысыр елінің арасында халықаралық деңгейдегі сол кезге лайықты, сол кезге тән өзіндік ғылыми байланыс­тардың, ғылыми ақпарат алма­судың болғанын дәлелдеп тұр емес пе. Дәл сондай ыдыс бүгінгі таңда жасалса, тағам құрамының қаншалықты эко­ло­гиялық таза екендігін үй жағ­дайында анықтап отыруға мүмкіндік берер ме еді, әлде қай­тер еді? Шетелден келіп жата­тын небір түрі әдемі, тамаша ыдыстарға құйылған, бірақ сапасы күмән тудыратын сусын­дардан жастар арасында аллергиялық аурулар көбейді.

Негізі тарихты зерттеу бізге не үшін керек десек, ол тек өткенге тамсану үшін немесе «бізде мынадай бар, мынадай бар» деу үшін ғана емес, тәжірибе алмасу үшін де маңызы зор. Тағамның құрамына ыдыстың реакция беруі қазіргі заман үшін аса қажет. Тек қана осы ыдыстың құра­мын анықтау бойынша Еги­пет ғалымдарымен бірігіп ар­найы халықаралық конференция өткізуге болар еді.

Сарайшыққа қатысты тағы бір мәселе бар. Ол қазақ елінің астаналар тарихына байла­нысты. Біз әдетте астанамызды 3 рет көшірдік дейміз. 4 рет көшірдік десек ше? Біздің қолымызда ең алғаш­қы астанамыздың болған­дығы туралы тарихи дерек бар емес пе? Тарихи дерек­тер­дегі «1511 жылы Қасым хан Сарай­­­шықты Қазақ хандығы­ның ең алғашқы астанасы деп жария­лағандығын» біле­міз. Яғни ресми түрде жария­лан­ған. Бүгінгі біз ежелгі Қазақ хан­ды­ғының орнында оны жеке мем­лекет ретінде сақтап қалған мұра­герміз! Әлде олай емес пе? 1999 жылы Сарайшық қала­сының тарихына арналған «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай қорығы ашылды. Мұнда, әсіре­се, «Хандар пантеоны» ерек­ше көз тартады. Оның авторы – сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Биіктігі 17 метр етіп салынған 8 қабырғалы пантеонның осы қабырғаларына Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап құлпытастар қойылған. Бұл құлпытастарға хандардың аттары мен хандық құрған мезгілдері жазылған. Бұл хандар: 1. Мөңке-Темір (1266-1282 жж), 2. Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312 жж), 3. Жәнібек (1343-1353 жж), 4. Әмір-Оқас (1440-1447 жж), 5. Қасым хан (1511-1518 жж), 6. Ших Мамай (1542-1549 жж), 7. Жүсіп (1549-1554 жж). «Бұл жерге кезінде Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз толықтай мойындаған 12 әулие жерленген» (http://abai.kz/post/49944). Олар неге осы жерге жерленген? Өйткені бұл – астана! Экономикалық та, тарихи да, рухани да, әулиелік те тұрғыдан алғандағы Қазақ елінің ең ежел­гі астанасы. Қасым ханның тұ­сын­да оның хандығына қара­­ған халық саны, Молдаш Берді­­мұратовтың деректері бо­­йынша, 1 миллионға жеткен, әскер саны 100 мыңнан ас­там бол­ған екен. Қаланың ұзын­дығы 10 км, ені 8 км болған дейді. Яғни Қазақ елінің ресми түрде жария­ланған астаналар тарихын Сарай­шықтан бастасақ ше? Сарайшық қаласынан табыл­­ған әйел адамның қабірі­нен құран табылғаны – керемет дерек екеніне біз аса мән бермей жүрміз. Бұл – сол дәуірдегі көне қазақ жерінде білім алуға қандай деңгейде маңыз берілгендігін паш ететін айғақ. Бұл сол кездің өзінде Сарай­шықта, яғни Қазақ хан­ды­ғында әйел адамдардың да білімді болуының қоғамдық қажеттілік болғандығын көр­сетеді. Және қазақ қоға­мын­дағы демократиялық қағи­дат­­тардың өмірге келу кезең­дері­нен зерттеушілерге анық ақ­па­рат беріп тұр. Бұл – Сарай­шық қаласында білімге сон­шалықты жоғары дәрежеде мән берілгендігінің хабаршысы. Әлемдік өркениетті елдер­дегі мұражайларды аралап жүріп, осыны қалай сақтап келген деп таңғаламыз. Әрине, оларға бұл деректерді ешкім ана-а-ау ғасырдан әкеліп берген жоқ. Олар соншалықты ұсынақтылықпен зерттеп, тауып алған сынық шегесін де тарихи оқиғаға апарып байлап, бізге үлкейтіп көрсетеді. Олай етіп көрсете алу біздің де қолымыздан келер еді. Зерт­теушілікке жастарды тарту арқылы жаңа идеялар кешенін түзе алар едік.


Оңайгүл ТҰРЖАН,

Egemen.kz

Пікірлер