Қарағандылық шенділер неге жазушыға берген уәдесін орындамай отыр немесе басшылар әдебиетті "менсінбей" ме?

2548
Adyrna.kz Telegram
Белгілі жазушы, драматург, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, биыл мерейлі 80 жасын атап өткен Софы Сматаев қарағандылық шенділерге өкпесін айтып, жазба қалдырды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
Жазушы фейсбук желісінде өзінің жерлесі, қарағандылық қоғам белсендісі Айтқожа Фазылға "арнап"  жазба қалдырды.
"Маусымның басында "Облыс болып құрылғалы орыс билеп, жөйт илеген Қарағандыда қазақ рухының иісі де қалмады. Соның нәтижесінде облысымның төрелерінде нигилистік ұғым барынша қалыптасқан. Оларға қазақтың қаймағын мазақ ету түк те емес те, басқа ұлттың жайдағын құрметтеу мәртебе боп көрінеді...
Дәлел ме... Менің 60, 70, 75 жылдық мерейтойларым не аулымда, не ауданымда, не облыс орталығында бір де бір рет өткен жоқ. Осы биыл 80 жылдығымды ұялғандарынан өткізетін шығар деп облыс әкіміне де, орынбасарына да, ауданымның әкіміне де бірнеше рет телефон соқсам да, бір де біреуі трубкасын көтеріп "Әу! деп лебіз танытқан жоқ" дегенімді оқып, Айтқожа Фазыл бауырым, сіз: "Ұлтым деп ұрандайтын, елім деп еміренетін үлкен жүрегіңіздің кеңдігімен кесектік танытып, облыс басшыларына айқайлап атой салғансыз. Соның нәтижесінде олардың мені "құшақ жая қабылдауға дайын отыр!" деген хабарыңызға қанып, парақшамда сізге алғыс айтып, құрметімді білдіргенмін. Бірақ… Оқырмандарымның: "Сіз тек Қарағандының ғана емес, бүкіл Қазақстанның Софы Сматаевысыз!" дегеніне аздап лепіріп жүрсем де, осы орыс тілді, орыс ділді Қарағандымның мені неге шет қақпайлай беретінін ұғар емеспін", — деген жазушы Қарағандыны басқарып отырған басшылардың немқұрайлылық танытқанына өкпесін жеткізді.
Жазушының айтуынша, оған Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбек хабарласып, шығармашылық кешін қыркүйек айында өткізуге уәде берген. Алайда облыс әкімінің бұл уәдесі орындалмапты. Одан бергіде облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәдениет басқармасының басшысы жазушыға шығармашылық кешінің кейінге қалғанын жеткізген.  Енді "ұйымдастырушылар" кешті желтоқсан айына қалдырғанын айтыпты. Осылайша қарағандылық шенділер өздерінің әдебиетке "жоқ" екендіктерін, "қазақтың Софысы" атанған тұлғаны сыйламай отырғандарын білдіріп қойды.
Бұған жазушы: "Айтқожа бауыр, "Құшақтарын айқара ашып, сізді қуана тосып отыр!" деген облыс басшылары "Ит итті жұмсайды", "Ит құйрығын жұмсайдының" кебін келтіріп, туған Қарағандыма ақыры табанымды тигізбеуге бел буған тәрізді-ау", — деп ағынан жарылды.
Сонымен Софы Сматаевтың кеші желтоқсанда өте ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Алайда жерлестеріне реніш білдірген жазушының қазіргі көңіл күйі алай-дүлей. Ал қарағандылық шенділерден әзірге "хабар" жоқ.
Қазір фейсбук желісінде жазушының оқырмандары мен сыйлас іні-қарындастары Жеңіс Қасымбек  басқарып отырған әкімдіктің бұл "ісі" адамгершілікке жатпайтынын, екінші жағынан, бұл  әдебиетті "менсінбеу" екенін айтып, өзара пікірлер қалдыруда.
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер