Бақауов Ел мен Елбасының сенімін ақтай алды ма?

2142
Adyrna.kz Telegram

«Әкім бол, халқыңа жақын бол». Халыққа жақындықты қайдам, Павлодар облысының тізгінін ұстаған Болат Бақауов сынды әкімдерді ел түстеп танымайды. Әйтеуір осы өңірді басқарып, креслода отыр демесеңіз, Бақауовтың шидің басын сындырғанын естіген адам жоқ. Сонда да ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Себебі: соңғы жылдары сәл-пәл ел назарын Бақауовқа аударған бірді-екілі оқиға болды. Былтыр Сталин билеген Совет өкіметінің қазаққа қасақана жасаған геноцидінің құрбандарын еске алу жиылысында көрші елдің мемлекеттік тілінде ғана сөйлеген әкім әруақтарға құран бағыштатпай бір-ақ күнде «танымал» болып шыға келді. Онан кейін Павлодар қаласының тұрғыны, белгілі қоғам белсендісі, тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі мемлекеттік тілде хабарландыру жасамағаны үшін трамвайдың жолын бөгемек болғанда, Бақауовтың командасы ана тілінің Павлодардағы жай-күйіне жаны күйген қазақ қызының, әйел-ананың аузын жабу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Бұл – түсінген адамға мемлекеттік тілді тұншықтырып, өңірде өрісін тарылтып өлтіру  болып табылады. Ал, Елбасымыз болса, «Қазақстан халқын ұйыстыратын тіл – қазақ тілі», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дейді. Тіл мәселесіндегі Елбасының осындай салиқалы саясатын еш түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін Болат Бақауов кім? Ол әкім болғалы Керекуде не өзгерді? Нендей жетістікке жетті?

Түрлі қоғамдық ұйымдар һәм арнайы саяси институттар елімізде әрдайым әкімдердің рейтингісін жасап, өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды, мемлекеттік саясаттың дұрыс жүргізілу барысын, халыққа қызмет көрсету сапасын т.б саралап отырады.  Болат Бақауов сол әкімдердің рейтингі бойынша ешқашан алдыңғы үштікке, не төрттікке ілінген емес. Бұл нені білдіреді? Бұл – Кереку өңірінде елдің назарын аударатын, халық үшін қажетті жобалардың жасалмай, мемлекеттік саясаттың дұрыс жүргізілмей жатқанын білдіреді. Сөз орайы келгенде айта кетейік. Осы ретте Қостанай облысының қазіргі әкімі Архимед Мұхамбетовті де ешкім білмейтін, танымайтын әкім деуге болады. Павлодар мен Қостанай – жалпы елімізде қазақылану үрдісі қарқын алғанымен қазақ елінің дымы құрып тұрған дертті өңірлер. Аталған өңірлерге мемлекет баса назар аударуға тиіс. Солтүстіктегі облыстарда мемлекеттілігіміздің тұтастығы мен саяси һәм экономикалық реформалар қарқынды түрде іске асуы үшін күн-түн демей жұмыс жасалғаны дұрыс. Өткен күндердің ықпалында қалып қоймай, мемлекеттік тілдің үстемдік құруына бар жағдайды жасап, идеологиялық жұмыстарды өзге өңірлерге қарағанда екі-үш есе көп атқаруға тиіспіз. Президент Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», - деді. Дәл осы сөз бодандық заманның боқырауында әлі отырған Бақауовтарға арналса керек.

Сонымен, әкім Болат Бақауов не істеп жүр? Өңірдегі жер-су аттарын қазақыландыра алды ма? Қанша қазақ мектебін ашты? Өзі бастама етіп көтерген балабақшаларды қазақ тілді ету жұмысы неге жасалмай жатыр? Неге?

Бақауовқа дейінгі Павлодар облысын басқарған әкімдердің дені орта көрген, түрлі қызметтер жасаған, ысылған жігіттер болатын. Мысалы, бұл өңірге әкім болмай тұрып, Асығат Жабағин – энергетика министрі, Ғалымжан Жақиянов – стратегиялық ресурстарды бақылау Агенттігінің төрағасы, Қайрат Нүрпейісов  – вице-министр, Бақытжан Сағынтаев – премьер-министрдің кеңсесінің жетекшісі, Ерлан Арын – білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары, Қанат Бозымбаев –  «Самұрық» холдингінің президенті болды. Бақауовтың алдындағы әкімдердің бірі атышулы Даниял Ахметов қана Павлодарда жүріп облыстың әкімі болыпты. Әрине, мұнымен айтқымыз келетіні: Керекудей маңызды өңірге ысылған, ел үшін қызмет жасап танылған адам басшы болуы керек. Алайда бұл сөзіміз «орталықтағы билік дәлізін кешіп көрмеген лауазым иесі ел басқара алмайды» деген ойды тудырмауы тиіс. Біз бұл мысалды Бақауов өзінің туып-өскен елі үшін, туған жері үшін ештеңе бітіре алмай жүргеніне қарап, амалсыздан айтып отырмыз.

Павлодар халқының саны еліміздің оңтүстік аймақтарын мекен етіп отырған елдің санымен салыстырғанда шамалы, бірақ, өнеркәсіпті облыс болып саналады. Ауылшаруашылығын дамытуға сұранып тұрған құйқалы жер жылына пәленбай мың тонна астық өндіріп, еліміздің экономикасына сүбелі үлес қосуға қауқары жетеді.  Жылына 700 мың гектардай жерге дәнді-дақыл егілетін, аса маңызды өлкенің, өкінішке қарай,  халқының саны жыл санап азаюда. Әрине, тарихи отанына көшіп жатқан жұрттың жолдары болсын дейміз. Әр азамат – өз таңдауын жасауға құқылы. Бірақ, сол кеткендердің орнын толтыру, осы мәселені ішкі және сыртқы көші-қонның есебінен шешуге әрекет жасалуы керек емес пе? Бір ғана мысал айтайық. Бердібек Сапарбаев ШҚО-ның әкімі болып тұрған кезінде ешкімге жалтақтамай-ақ, Оңтүстікте тығыз қоныстанып отырған шаруаларды Шығыстың жан саны азайған аудандарына апарып орналастырды. Сапарбаевтың сол ісін бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі де жалғастырып жатыр. Оңтүстіктегі облыстарға барып, еңбек нарығының көрмелерін ұйымдастырып, облысына көшіп келушілердің қатарын молайтуда. Ал, сол Солтүстік Қазақстан облысымен көршілес Павлодар облысының әкімі Бақауов болса, мұндай игі істің иісі мұрнына бармастан домаланып жүріп жатыр. Өйткені, заман өзгерсе де, елдің қоғамдық санасы өзгерсе де, Болат Бақауовтың санасы өзгермеген. Ол білдей бір өңірдің тізгінін қолына ұстап отырғанымен, заманның беті бері қарағанын, уақыттың тегершегі оңға қарай айналып кеткенін сезіне алар емес. Өзі басқаратын облыста жергілікті ұлт өкілдерінің қарасы өзге ұлт өкілдерінен басым бола бастағанына қарамастан, мемлекеттік тілде сөйлегісі келмеуінің сыры да осында жатыр. Қазақ тілінде сөйлеп, Конституциялық заңды қақын талап етіп жүрген Руза Бейсенбайтегі сияқты қазақтың өр рухты қыздарын 86-шы жылғы жендеттерден бір кемі жоқ Павлодардағы полицейлердің тепкісіне салып, қасиетті Баянауыл жұртының рухын сындырып отыруы да Бақауовтың отарлаушылардың «боқтығынан» тазармағанын білдірсе керек. Егер де, Бақауовтың санасы өзгерген болса, Керекуде Руза сынды белсенділер көбейер еді. Сол белсенділердің күшімен қаланың да, даланың да біраз жерлерінің атауын қазақыландырып жіберуге болар еді.

Идеологияны былай ысырып, енді өндіріске қатысты бір-екі ауыз сөз айта кетейік. Павлодарда 1991 жылдан бастап кен орындары бөліске, дұрысы талан-таражға түсті. Павлодар облысындағы ел игілігі қазіргі ШҚО-ның әкімі Даниял Ахметовтың тұсында тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Мысалы, Екібастұз көмір-кен орындарына, жылу энергия орталықтарына қазір кімдердің иелік ететіні белгісіз. Павлодардың мұнай өңдеу зауыты неге іске қосылмай тұрғаны және түсініксіз. Бір кездегі Павлодар трактор зауыты қайда кетті? Бұл сұрақтарға қазақты зар қақтырған «май шеке» Машкеевичтердің көлеңкелі кейіпі ғана жауап беруі мүмкін. Және сондай көлеңкелі кейіпкерлердің қасынан тоқсаныншы жылдары тез арада дәулет жинап, аяқасты байыған Бақауовтың сұлбасы көрініп қалмаса екен деп тілейміз. Өйткені, қазір Бақауов Павлодарда өзін айдай әлемнің қожасы, ақ патша сезінеді. Елбасы жас кадрларға сенім артып, оларды лауазымды қызметтерге тағайындап келеді. Алайда, соның кейбірі елдің де, Елбасының да сенімін ақтай алмай жатыр. Сенімді ақтамағандар мен үкілеген үмітті үзгендер турасында Президент желтоқсан айындағы 2017 жылды қорытындылаған сұхбатында да айтып өткен болатын. Бір топ журналист қатысқан сол сұхбат барысында Назарбаев: «Жастарға сенім артасың, лауазымды қызметтерге тағайындап, құзырына мемлекеттік маңызы ерекше жұмыстарды тапсырасың. Ал олар болса, аз күндік байлыққа, ақшаға қызығып қақпанға түсіп жатады. Әрине, менің оларға жаным ашиды», - деген еді. Елбасының да, елдің де сенімін ақтамай есіріп жүрген жастың бірі осы жас әкім Болат Бақауов (1971 жылдың түлегі, қазір 47 жаста) деуге болатындай. Егерде Бақауов талап үдесінен шығып жүрген болса, айтыңызшы, ол Елбасының қай тапсырмасын өз дәрежесінде лайықты атқарыпты? Немесе орынды ұсыныс жасапты? Бұл сұрақтарға жауап таппай, ауызды қу шөппен сүртуге тура келеді.

Төрелігін ел айтсын!

«Бақауов Ел мен Елбасының сенімін ақтай алды ма?»...


Шәріпхан ҚАЙСАР

Abai.kz

Пікірлер