«Қаракемер» балалар театрында «Алдаркөсенің сиқырлы дүрбісі» миниспектаклі қойылды

2739
Adyrna.kz Telegram

...Ақылды балақайлардың зәресін алған алып Диюмен айқасуға бел буған Алдаркөсе әбжіл «Өрмекші адам» мен жүйрік Маккуин және мазасыз Маша қызбен күш біріктіруі мүмкін бе? Әбден мүмкін екен...

Әкелер оқыған ертегі кейіпкері мен балалар танымындағы комикс бейнелердің басын қосатын сахналық қойылымнан кейін кішкентай көрермендер осындай ой түйетіні анық. Біз сөз етіп отырған сахналық сюжет М.Әлібектің «Алдаркөсенің сиқырлы дүрбісі» атты ертегісінің желісімен қойылған миниспектакльде көрініс тапқан. Әрі бұл ертегінің алыстағы ауылдың шағын театрында қойылуының өзі бір қызық емес пе? Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылындағы балалар театры келушілеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлап, сахна көркін келтіріп отыр осылайша. «Қаракемер» балалар театрының жетекшісі Жар­қын Барақбаев сахналаған ертегі алғаш Жаңа жыл­дың қарсаңында қойылған еді. Кішкентай кө­рермен көп жиналды. Театр ұжымы қазір көрші ауыл­дың тұрғындарынан өтініш түсіп, ертегіні та­ма­шалауға ниетті балалардың қатары көбей­ген­діктен қойылымды қайталап көрсетуге кірісті. 2015 жылы облыс әкімінің қолдауымен ашылған «Қаракемер» балалар театры ауданға ғана емес, аймаққа белгілі өнер ұжымы. «Жұрт дән риза, әсіресе балалардың қуанышын көрсеңіз... Бастапқыда белгілі өнер майталманы Асқар Наймантаевтың ұстаздық етуімен бір топ талапты балалардың басын қосып театр құрдық. Облыс әкімі қуана қолдады. Қазір кәсіби ұжымға айналдық. Жас режиссер Жарқын Барақбаевтың жетекшілігімен театр репертуары толықты», дейді Қаракемер ауылдық мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекқызы.


Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан» Алматы облысы

Пікірлер