Ақтауда Тобанияз Әлниязұлының ескерткіші ашылды

3163
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Ақтау қаласында саяси қуғын-сүргін құрбаны Тобанияз Әлниязұлының қайта қалпына келтірілген ескерткіші салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Жиынға Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев қатысып, Тобанияз ерлігінің жас буынға үлгі екенін атап өтті.

— Өткен ғасырда Адай уезі революциялық комитетін басқарған мемлекет қайраткері Тобанияз Әлниязұлы Батыстағы өңірдің жетекшілері Досмұхамедпен бірге елдің бірлігін, мемлекеттің азаттығын аңсады. Оның еңбегі зор. Қазір еңбегі еленді. Сөзсіз, мұның бәрі жастарға өнеге, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары А. Меңдібаев.

Салтанатты шараға Тобанияз Әлниязұлының немересі Шамаби Зәкіржанов пен жиені Нұрбөпе Қалдыбаева келді. Олар Тобанияз ескерткішін қайта қалпына келтіру ісін қолға алған жергілікті атқарушы органдарға, Тобанияз ерлігі мен еңбегін ұмытпаған халыққа өз алғысын жеткізді. Әрі қарай ескерткіштің ақ матасын төмен түсіріп, бейненің жаңа үлгісін көпке көрсетті.

Бұдан бөлек "1920-1950 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін: Батыс Қазақстан аймақтарының тарихи деректері негізінде" тақырыбындағы өңірлік ғылыми конференциясы өтті.

Жиын барысында Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген ғалымдар баяндама жасады. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар мен тарихи оқиғалар туралы өзекті мәселелер талқыланды.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер