Жанұзақ Әкім: "Ресейден алыстап, Тұран одағын құруымыз керек"

2562
Adyrna.kz Telegram
Фото: qazaquni.kz
Фото: qazaquni.kz

Кеше Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қойылғанына 30 жыл толуына орай  Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь елдерінің басшыларының қатысуымен жиын өтті. Бұл ұйымның қазіргі Украинадағы соғыс жағдайындағы мәселесі өте қиын. Және оның мүшелері әрқайсысы әр жаққа тартып отыр. Өйткені Ресей әлемдегі ең көп санкцияға ұрынған, оған жақындаудың өзі қауіп. Оған жақындаған, тәуелді болған, Украинаға әскер кіргізуге өзінің мүмкіндігін берген белорустар да сол Ресеймен бірге Батыс елдерінің санкциясына ілікті. Яғни, бұл елдер алдағы ондаған жылдарда дамымайды, кері кетеді деген сөз.

Жалпы ҰҚШҰ елдері — авторитарлық режимдер, олардың қай-қайсысының да болашағы мәз емес. Кешегі жиындағы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауғаннан Орта Азияға төнетін қауіп туралы көтерген мәселесі Қырғызстан Президенті тарапынан қолдау тапты және оны Рахмонов та қолдады. Себебі кеше тәлібтер мен тәжіктердің шекарасында 4 сағаттан астам уақыт атыс болды. Тәлібтер былтыр он мыңдай әскер жинап, өзбек пен тәжіктің шекараларының тұсына қойған  еді. Енді 100 мыңдай әскери жинаған олар өткен аптадағы өздерінің ел басшыларының жиналысында әскер санын 150 мыңға жеткізетінін айтты.

Талибан — әскери мемлекет. Мұндай әскери мемлекет, әскери режим әрқашан да соғыстың арқасында өмір сүреді. Олар білім-ғылымды, технологияны дамытпайды. Шындығында да, тәлібтер мәселесі қауіпті, Орта Азия басшыларының айтқан пікірлері өте дұрыс. Бірақ сол кешегі ұжымдық кеңес отырысында сырттан күштер ұжымға мүше елдерге шабуыл жасайтын болса, біз қорғаймыз деген сөз айтылған жоқ. Ал Ресейдің соңғы 2-3 жылдағы саясаты Қазақстанға, Орта Азияға қарсы болып отыр. Соловьевтен бастап Ресейдің ресми телеарналары және Дума мүшелерінің, барлық партияларының ортақ мақсаты — Кеңес одағы құрамында болған елдерді қайтару.

Бұл орайда Украина — өз жолын анықтаған ел. Бұл ел Еуроодаққа қосылатынын, дамыған демократиялық ашық қоғамды ел болатынын айтты. Мына соғыс соны болдырмау үшін жасалып жатқан әрекет, яғни, Украина халқын жоюға бағытталған. Қазір Ресей тек бізге ғана емес, Еуроодақ мүшелеріне қоқан-лоқы көрсетіп, өздерінің саясатын жүргізуге тырысуда. Негізі Ресей құритын елдің саясатын жүргізіп отыр және олар соғысқа баруға ештеңеден тайынбайды.

Өздеріңізге белгілі, 1837-1847 жылдары он жыл бойы бүкіл қазақ даласында, Сібір өлкесінде Кенесары көтерілісі болды. Бұл көтерілістің мықтылығы Орта Азияға жүргізген патша үкіметінің отарлау саясатын 20 жылға шегіндірді. Яғни, 1837 жылдан 1857 жылға дейін. Бірақ 1847 жылы Кенесарыға қарсы патша үкіметі қазақтың би-болыстарын, қырғыздың манаптарын, өзбектің Қоқан хандығын, сондай-ақ казактарды айдап салып, Омбы және Орынбор губарнаторының әскерін шығарып, төрт жақтан қыспаққа алып, ақыры Кенесары көтерілісін тұншықтырды. Содан кейін 1857 жылы Ресей, Қытай және Ауған мемлекеті келісімшартқа қол қойды. Келісімшарт негізінде Шығыс Түркістанды Қытай, Түркменияны Ауғанстан, ал қалған Орта Азия елдерін Ресей отарлайтын болды. Сол 1857 жылғы жоспар бойынша біз әлі өмір сүріп жатырмыз. Сол кездегідей жартылай бодандықтамыз. Біздің еліміз тәуелсіздік алғанына отыз жыл толғанымен, әлі сол жағдайдамыз. Бұл — шындық.

Қазір Ресей мен Талибанның Орта Азияға қарсы құрған саясаты бір. Олардың ортақ мақсаты — Орта Азияны қайта жаулап алу, бұл — ашық мәселе. Ресейдің Думасы депутаттарының Қазақстанға қайта-қайта шүйлігуі де осыдан. Сондықтан ресейлік телеарналарды Қазақстан территориясында түгел жабу керек. Олардың үгіт-насихаттарына шектеу қоюға тиіспіз. Онсыз еліміздегі орыс тілді электораттың барлығы спутниктік теларналар арқылы Ресейдің мемлекеттік телевизиясын қарайды. Ол қазіргі жағдайда ағылшыдық ВВС-ден асып кетті. Мәселен, олардың 86 пайызы Ресейдің Украинаны жаулап алу саясатын қолдап отыр. Сондықтан біз бір шешімге келу керекпіз. Бұл мәселе Ресеймен жауласу деген сөз емес, мұндағы басты мақсат — тәуелсіздікті қорғау. Кешегіде Ердоған мәлімдеме жасады, ол бәрін сезіп отыр. Қазіргі таңда Орта Азия республикаларының ешқайсысында 150 мың әскер жоқ, қару жоқтың қасы. Қазақстанның бар қаруы Ресейден алған 5 дана "С-25" истребитель мен бір дана "сынған" "С-300" қаруы, ал танктер саны тіпті аз.

Бізден қазір Ресей де, Қытай да, Ауғанстан да мықты. Оларда қару да, күш те көп. Сондықтан біз Түркия, Әзірбайжан, Орта Азия елдері, одан қалды Грузия, Молдавиямен бірлесіп, әскери-саяси одақ құруымыз керек. Сонда Орта Азия мен Кавказда тыныштық орнайды. Басқалай бізде ешқандай тыныштық болмайды.

Орыстардың қоқан-лоқысы тоқтамайды. Ресей ешқашан бұл саясатын өзгертпейді. Бұл жүргізіліп жатқан саясат —  орыстың шовинизмінің үш ғасырдан бері келе жатқан саясаты. Сол себепті біз ҰШҚҰ-на көп сене бермей, алдағы болашағымызды ойлауымыз керек. Егер әскери-саяси одақ құрылса, Орта Азияда бейбітшілікті сақтап, өз күшімізбен дамитын ел боламыз.

 

Жанұзақ ӘКІМ,

қоғам қайраткері.

 

Пікірлер