“Террорист емес тракторшы!” - Жараланған жандардың жақындары ерлеріне араша іздеуде

3846
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде жараланып, аурухананың жан сақтау бөлімінде жатқан бір топ азаматтар тергеу изоляторынан бір-ақ шыққан. Жақындарының айтуынша, бірінің бүйрегін алып тастаған, енді бірінің көзі шығып кеткен, екі қолына төрт оқ тигені тағы бар. Алматыдағы СИ-18 мекемесінің алдына жиналған әйелдер ерлеріміз жазықсыз лаңкес атанды деп ашынады. Олар тергеудің әділ жүргізілгенін талап етіп отыр, деп хабарлады 31 арнаның "

">Информбюро" жаңалықтар қызметі. 

Әйгерім Алшынбаеваның айтуынша, күйеуі қарапайым тракторшы. Болған оқиғаларға қатысы жоқ. Алайда соған қарамастан, қамауда жатыр. 

"Тракторда жұмыс істейді. Оның дым қатысы жоқ. Бастығына барам да қайтып келем деген. Қайтарда қайта алмай қалды. Бір көзі жоқ, бір бүйрегі істемейді. Аяғы да жүрмейді де уже", -деп жылайды Жасұлан Амангелдиевтің әйелі Әйгерім Алшынбаева. 

Жақындарын ауруханада жоғалтқандардың көбі жарақат алған аға-іні, балаларын осы жерден тапты. ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты "ЛА-155/18" мекемесінің алды адамға лық толы. Басым бөлігі - Алматыдағы аласапыран кездерінде оқ тиіп, жарақатымен ауруханаға түскен күйі жоғалып кеткендердің жақындары. 

"Екі қолына да төрт оқ тиген. Екінші операция болу керек. Енді қазір жатыр. Мен төрт баламен үйде отырмын", - дейді Жасұлан Жармахановтың әйелі Сайлагүл Ақтоқырқызы. 

"Бесі күні аяғына екі оқ тиіп, аяғы бөлініп қалған. 7-ауруханаға алып кеткен. 8 күні омондар ма, білмейміз, мем қызметкерлер алып кеткен", - дейді Ихсаниевтің жұбайы Альфия Досанова. 

Ерлеріміз жазықсыз сотталып кете ме деп қорыққандар изолятордың алдын таңғы сағат алтыдан бастап қорыған. Оқ тиіп, жараланғандардың бәрі бірдей лаңкес емес. Кейбірі бейбіт шеруге шықты, кейбірі есік алдына дүкенге шыққандар, - дейді олар. 

"Ол бала нанға шыққанмын дейді. Сөйтіп бір топқа түсіп қалған ғой деймін. Қайта қашып бара жатқанда, резіңке ме, бірдеңемен атыпты", - дейді Жантөре Сапарәліұлының анасы Гүлмира Есбергенова.

Ал ет жақындарын көруге келген бір топ аналар мен әйелдер мақсатына жете алмады. Енді тергеу әділ жүргізілсе, дейді. 

"Ешкім бізге хабар берген жоқ. Операциядан шыққан балалар. Осы жерде тұрған ата-аналар, бәріміз сұраймыз", - дейді Арман Тоқанның анас Анаргүл Сәбитханова. 

Ал СИ-18 мекемесінің өкілдерінің тілшілерге жауап беруден бас тартты. 

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер