Наразылық кезінде ту ұстап шыққан жігіттің кім екені белгілі болды (ВИДЕО)

5586
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қолына еліміздің көк туын ұстап шыққан жігіттің кім екені белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл жігіт — қоғам белсендісі Берік Әбішев. Ол наразылық кезінде басына оқ тиіп, жансақтау бөліміне түскен. Қазір белсенді жігіттің жағдайы жаман емес, есін жиыпты.

Ол туралы фейсбук желісінде Жәнібек Иманмәзір есімді белсенді жазды:

"Табылды. Әлеуметтік желіде ту ұстап танылған жігіт жаңарықта көзін ашты. Басына снайпердің оғы тиген екен. Жұрт сол жігітті кім деп іздеп таппай амандық тілеп еді, ес түссіз жатқан Берік көп болмай көзін ашты. Бұл жігіт алматылық белсенді Берік Әбішев...".

Ал журналист Ержан Әбдіраманның айтуынша,  Берік Әбішев қазір Алматыда ауруханада жатыр. Оны бауырлары бірнеше күн іздеп, 8 қаңтар күні 12-ауруханада операциядан кейін ес-түссіз жатқан жерінен тауыпты. Содан бері ағасы Ерік Әбішев оның жанында екен.

"Есін жиған соң полиция алып кете ме деп қорқады және жұртшылықтан қолдау күтеді. Суретте ту ұстап жүрген Берік екеніне сол кезде жанында болған адамдар куә дейді ол. Ары қарай Еріктің телефон арқылы айтқан әңгімесі.
"Мені, әпкемді танып отыр. Бірақ кеше досы келіп еді, оны танымады. Ештеңе есінде жоқ. Құлағы дұрыс естімей қалған. Сүйемелдеумен ақырын жүреді, тамақ ішеді. Дәрігерлер Берікке оқ емес, жарықшақ тиген, шүйдесінің бір жағынан кіріп, самай тұсына тұрып қалған дейді. Берікпен 6 қаңтар күні соңғы рет сағат кешкі алты жарым шамасында сөйлескем. Алаңдамын, бейбіт митинг болып жатыр деді. Қайтсаңшы деп едім, кеше біраз адамды атып тастады, қалай кетем, одан да өзің кел деді. Мен ол кезде жұмыста отырғам. Біраз уақыттан кейін неше рет звандап ала алмадым. Ақыры сағат түнгі ондарда оның телефонынан басқа біреу жауап берді. "Берік қайда?" десем, "Берікті атып тастадым! Площадқа кел, сені де атып тастаймын!" дейді. Сөйтті де телефонды өшіріп тастады. Бұл кім, не айтып тұр, қалжыңдап тұр ма, әлде полицияға түсіп қалды ма деп уайымдадық. Жабылып іздеп, дәрігерлер түсіріп таратқан суреттің көмегімен осы ауруханадан таптық. Келсем, Берік комада жатыр, басынан жараланған, операция жасалып жарасы тігілген, бірақ дәрігерлер операция жасаған жоқпыз, оқ алған жоқпыз деді. Осыны түсінбей отырмын. Біреулер КНБ қысып тастаған дейді. Әйтеуір, қазірге дейін полиция келген жоқ. Бірақ митингіде жарақат алғандарды ауруханадан алып кетіп жатқанын естіп, қорқып отырмыз" — деп жазды ол фейсбук желісінде.

Сондай-ақ ол: "Берік өзі түнімен басым деп ұйықтамайды. Ояу кезінде түсініксіз бірдеңелер айтады. Жанашыр адамдар бізді ұмыт қалдырмауын, Берікті алып кетуіне жол бермеуін сұраймыз", — дейді.

Елде болған тәртіпсіздіктер кезінде басын қатерге тігіп, Қазақстанның көк байрағын қолына ұстап шыққан патриот Берік Әбішевке біз де амандық тілейміз.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер