НҰРГЕЛДІ ӘБДІҒАНИ: Соғыс бола ма? Санкцияға дайынбыз ба?

5131
Adyrna.kz Telegram
Бүгін Володимир Зеленский украин халқына үндеу жариялады. Елді бірлікке шақырды. Президент Зеленский бүйдеді:
"Бізді үлкен соғыспен қорқытып, кезекті рет басып кіруі мүмкін дейтін датаны белгілеп жатыр. Бұл алғашқы рет емес. Бірақ, біздің мемлекетіміз дәл қазір бұрынғыдан бетер күшті әрі мығым.
Біз бейбітшілікке жақпыз және барлық мәселені тек келіссөздер арқылы шешкіміз келеді. Донбас та, Қырым да Украинаға қайта қосылады. Бұл дипломатиялық жолмен жүзеге асады. Біз біреудікіне қол сұқпаймыз және өзіміздікін де ешкімге бермейміз! Біздің қуатты армиямыз бар! Біздің жігіттерімізде жеткілікті соғыс тәжірибе һәм заманауи қару-жарақ бар. Бұл ендігі осыдан сегіз жыл бұрынғы армиядан әлденеше есе қуатты армия!
16 ақпан шабуылдың басталар күні дейді. Біз бұл күнді Бірлік күні етіп белгілейміз. Тиісті Жарлыққа қол қойылды. Бұл күні біз барлығымыз ұлттық байрағымызды көтеріп, сары-көк лента тағып, күллі әлемге өзіміздің бірлігімізді көрсетеміз!
Біздің бір үлкен мақсатымыз- еуропалық ұмтылысымыз. Біз еркіндікті қалаймыз және сол үшін күресуге даярмыз! Біз барлығымыз бақытты өмір сүргіміз келеді. Ал бақыт әркез күштілердің жанында. Біз ешқашан шегініп көрген жоқпыз және бұл жолы да шегінбек емеспіз.
Украинаны жақсы көрейік. Біз тынышпыз! Біз күштіміз! Біз біргеміз!".
Қосымша ақпарат:
Ресей Украина шекарасы маңына 150 мыңдық әскер жұмылдырғанын білесіздер. АҚШ пен НАТО сарапшылары Ресей 1-2 күнде (15-16 ақпанда) шабуылды бастап жіберуі мүмкін екенін айтты.
АҚШ президенті Жо Байден болса, "Ресей соғыс бастайтын нақты дата - 16 ақпан", - деп шорт кесті.
Британия премьері Борис Жонсон: "Ресей 48 сағаттың ішінде соғыс бастап кетуі мүмкін", - деп мәлімдепті.
Жалпы Ресейдің кез келген сәтте шабуылды бастап кетуі мүмкін екенін ЕО елдері түгел дерлік растап отыр. Біраз мемлекет Украинадағы өз азаматтарын шұғыл өз елдеріне қайтаруға қам қылып, Киевтегі дипмиссия өкілдерін Львовқа көшірген.
Журналист Дмитрий Гордон Путин мен Зеленскийге қайрыла сөйлеп, үндеу жасады. Онда Гордон: "Жерімізге басып кіргеннің барлығын өлтіреміз", - деп сөйледі. Ал Украиналық тағы бір саясаткер экс-шенеунік Юрий Луценко: "Ресейді шоқындырған біз, жаназасын оқитын да біз боламыз", - деген сөзі желіде әжептәуір таралды. Бұл екі пікірші де күні бүгінге дейін Зеленскийке оппозиция боп жүрген жігіттер еді. Ел басына күн туған сәтте бірігу керектігін айтып жатыр.
Ал Путин кеше Ресейдің әскер басы Шойгу мен Сыртқы істер министрі Лавровты жеке-жеке қабылдап, Украина мәселесін талқы етті. Әлгі екеудің есебін тыңдап, "Келіссөздерді жалғастырудың мәні бар ма, жоқ па? Сағызша созылып кетті. Не істейміз", - дегендей әңгіме жасады.
Кей сарапшылар дәл қазір Ресей Украинаға һәм оны қолаушы ЕО АҚШ пен НАТО-ға қарсы соғыс бастауы екіталай деп есептейді.
Айтпақшы: Дума орыс сеператистерінің ылаңынан кейін ешкім мойындамаған һәм мойындамайтын ергежейлі ел болып, екі ортада қалған (Украинаға тиесілі территориялар) Луганскі мен Донбасты (ЛХР мен ДХР деп атап жүр) мойындау туралы арнайы ұсыныс-құжатты Путинге жолдамақ екен. Бұл дегеніңіз Ресей Украина территориясын бөлшектеуге ашық кіріскенінің бір дәлелі. Анығы Украина жерлерін ашық бөлшектеп алу Қырымнан басталған еді...
Бізге не? Ал алда-жалда соғыс бастала қалса, бізге көмектесіңдер дей қоймайтыны анық. Бірақ, Ресейдің агрессивті қадамына Батыс жойқын экономикалық һәм саяси санкциялар пакетін бұрқ еткізеді. Оны ашық мәлімдеп те қойған. Ол санкциялар осыған дейінгі санкциялардан әлдеқайда жойқын болады. Бізге орыстың одақтасы есебінде сол санкциялардың салқыны сөзсіз тиеді. Қалай? Бір мысал:
Бұрын жазғанымдай, 2014-2015 жылдары Ресейге қарсы алғашқы санкциялар енгізілген кезде, Қазақстан Ресейді санкциялар қысымынан құтқарған мемлекет. Сол жылдары Қазақстан теңгені күшпен ұстап тұрды. Бір жыл сегіз ай ішінде біз араласуға 28 миллиард доллар жұмсадық. Бұл ақша не үшін жұмсалды? Теңгені 190 қылып ұстап тұру үшін. Сол кезде біздің теңгеміз құнды болып, Ресей рубльі құлап жатты. 2,5 теңгеге дейін құлады. Сол жылдары біздің халық Ресейден барып көлік тасыды, заңды-заңсыз жолмен де тасыды. Ресей тауарлары нарыққа басып кірді. Қазақстандықтар Ресейдің ірі қалаларынан жылжымайтын мүліктер ала бастады. Бәрі арзан болып кетті. Сөйтіп, бізден Ресейге капитал ағылды. Ресей санкция төпесінде жатқан кезде бізден капитал барып, үлкен қолдау болды. Кейін біз теңгені еркін айналымға жібердік. Біз неге осы процесті 2 жыл бойы күттік? Өйткені, сол кездегі осынша қаржыны жұмсаудағы үлкен бір саясат – Ресей экономикасына қуат беру болды.
Онан соң кешегі Қырым секілді, жаңағы ергежейлі мемлекетсымақтарды мойындау деген ұсыныс және айтылады. Ал Қазақстан бұл соғыстың экономикалық салқынын бірге көтерісуге қауқарлы ма? Жоқ! Басқасын айтпағанда, ол кездегі Ұлттық қор мен, бүгінгі Ұлттық қордың айырмасы жер мен көктей. Біздің Ұлттық қор ортайған. Тіпті, түбіне жетеқабыл болған. Оны ресми биліктің өзі мойындаған. Сондықтан, әзірден әрекет ету керек. Санкциядан сақтану керек.
Бұл субьективті пікірім. Біреуге ұнамауы немесе оның пікірімен үндес болуы міндетті емес екенін ескерте салайын...
Пікірлер