"ҚДТ-ны Facebook-та қолдаған" студент істі болды

2065
Adyrna.kz Telegram
Дианара Мұқатова, Атыраудағы APEC PetroTechnic жоғарғы колледжінің студенті.

Қазақстанда әлі экстремистік ұйым ретінде тыйым салынбай тұрған кезде ҚДТ қозғалысын әлеуметтік желіде қолдаған атыраулық студент Дианара Мұқатоваға қатысты қылмыстық іс тергеуі жүріп жатыр. Мұқатова «қысымға ұшырадым» деп шағымданады. Полиция тергеу кезінде бұл іс туралы мәлімет бермейтінін айтады.

35 жастағы Дианара Мұқатова Атыраудағы APEC PetroTechnic жоғарғы колледжінің 1- курсында оқиды. Оған қатысты қылмыстық іс тергеуі наурыздың 5-cінен бері жүріп жатыр.Атырау облыстық Ішкі істер департаменті (ІІД) тергеу бөлімінің бастығы полиция капитаны Дәурен Айдосынов қабылдаған Дианара Мұқатованы күдікті деп тану туралы қаулыда қылмыстық іс қозғауға негіз ретінде Атырау тұрғыны А.Урусованың «Мұқатованың Facebook-тегі жазбаларының ұлттық алауыздық тудыратыны туралы» түсірген шағымы себеп болғаны көрсетілген.

Полиция капитаны Дәурен Айдосыновтың өзі бұл мәселе жайлы комментарий беруден бас тартты.

- Мен бұл іс жайлы ештеңе айта алмаймын. Тергеу амалының жүру уақыты заңға сәйкес екі ай, егер қандай да бір толықтырулар қажет деп табылса тағы ұзаруы мүмкін, - деді ол Азаттыққа телефон арқылы.

Олар мен оқып жатқан жатақхана бөлмесін ғана емес, Геолог поселкесіндегі ата-анамның үйін де барып тінткен.

Мұқатованың үстінен қозғалған қылмыстық іс барысында «полиция қысымына ұшырағаны» туралы мәлімдемелері бойынша Азаттық Атырау облыстық ІІД-не жазбаша сауал да жолдады. Сәуірдің 5-інде ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Н.Қайсағалиева қол қойған ресми жауапта:

"Аталған іске қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процессуалдық Кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды" деп жазылған.

Атырау облыстық прокуратурасы Дианара Мұқатоваға қатысты қылмыстық іс туралы тек жазбаша жауап беретіндерін айтты.

ТІНТУ ЖӘНЕ МОЙЫНДАУ

Дианара Мұқатова наурыздың 6-сынан бері құқық қорғау органдары тарапынан қудалауға ұшырап жатқанын айтады. Оның сөзінше, сол күні өзі оқитын қаланың шет жағындағы «Нұрсая» шағын ауданындағы АРЕС колледжінің ғимаратына келген полицейлер алдымен оны күштеп алып кетуге тырысқан. Полиция қызметкерлері қолдарындағы сот қаулысын көрсетіп, бөлмесін тінткен. Бірақ ол адвокатсыз барудан бас тартып, кешкі сағат 17.00-ге дейін уақыт беруді сұрағанын айтады.

- Олар мен оқып жатқан жатақхана бөлмесін ғана емес, Геолог поселкесіндегі ата-анамның үйін де барып тінткен. Ноутбугымды және қолымдағы телефонымды сараптама жасаймыз деп алып кетті, - дейді ол.

Дианара Мұқатова наурыздың 7-сінде тағы да шақыру қағазын әкелген соң Атырау облыстық ІІД ғимаратына келгенін айтады.

- Мен келгенімде тергеуші Айдосынов болмады. Бөлмеде өзін таныстырмаған қарапайым киінген жігіт отырды. Ол маған дөрекі сөйлеп, «Қандай психологиялық кітаптар оқисың? Сен мені қылқындырғың келіп тұр ма?» деп айқайлай бастады. Оның мені психологиялық ауытқушылығы бар адам ретінде көрсеткісі келіп отырғанын түсіне қойдым. «Мен бұл сауалдарыңызға жауап бермеймін» дедім, - дейді Дианара Мұқатова.

Мен өзіме біреу жала жаба ма деп қауіптенемін. Сондықтан қалталарымның бәрін тігіп тастадым. Ал сабағымды оқып, жатақхана тәртібін сақтап жүргендіктен мені шығаруға себеп жоқ

Дианара өзінің бұл жерден оңайлықпен шыға алмасын білмейтінін түсінгенін айтады. Ол өзіне жасалған «егер сен бізге [кінәңді] видеоға мойындасаң, біз сені оқуыңда қалдырамыз және туыстарыңа тиіспейміз» деген ұсынысты қабылдауға мәжбүр болғанын айтады. Қолына берілген мәтінде «Facebook-тегі постарын өзін танымал қылу үшін жазғаны, бұрын ҚДТ (Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы – ред.) белсендісі болғаны, енді қолдамайтыны туралы баяндалған» дейді.

- Видеоға: «Қымбатты әйелдер, аналар, құрбылар! Барлықтарыңызды 8 наурыз мерекеcімен құттықтаймын! Мен бұрын ҚДТ белсендісі едім, енді оны қолдамаймын, сендерге сондай кеңес беремін» деп айттым. Мені босатты. Қатты депрессияға тап болдым, - дейді ол.

Дианара Мұқатова осымен бәрі аяқталды деп ойлағанымен наурыздың 15-сі күні өзін алып кетуге полицейлердің тағы келгенін айтады.

- Мен адвокатыммен бірге Атырау облыстық Ішкі істер департментіне келсем, өзін «облыс прокуроры орынбасары» деп таныстырған жас жігіт менің атыма жазылған ескерту қағазын берді. Онда [Астана қаласы] Есіл аудандық сотының шешімімен ҚДТ қозғалысының экстремистік деп танылғаны туралы жазылған екен. Мен танысудан бас тарттым. Прокурор менің үстімнен қағаз толтыратынын айтты, - деді ол.

Дианара Мұқатова содан бері құқыққорғау орындарының өзін оқудан да, жатақханадан шығартуға тырысып жатқандарын айтады.

- Мен өзіме біреу жала жаба ма деп қауіптенемін. Сондықтан қалталарымның бәрін тігіп тастадым. Ал сабағымды оқып, жатақхана тәртібін сақтап жүргендіктен мені шығаруға себеп жоқ, - дейді ол өзінің қазіргі жағдайы туралы.

Мұқатова Атырау мұнай және газ университетін бітірген. Ол әлеуметтік желіде Қазақстан соты кейінірек экстремистік ұйым деп таныған ҚДТ қозғалысының материалдарын белсенді түрде бөлісіп, лайк басқан, қоғамдағы кейбір жағдайларға өз пікірін өткір білдіріп келген.

- Бірақ ешқашан біреудің пікірімен бөліскенім үшін, не өз ойымды білдіргенім үшін істі боламын деп ойламаппын, - дейді ол.

«ДИАНАРА ДА АР-ҰЖДАН ТҰТҚЫНЫ»

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның Атыраудағы филиалының жетекшісі құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева Мұқатоваға қатысты істің арнасын қалай қарау бұру тергеу орыны мен соттың қолында тұр деп ойлайды.

- ҚДТ қозғалысының «экстремист» деп танылатыны туралы Дианара да, ешкім де білген жоқ. Ол өзінің құқығын пайдаланып, ой-пікірлерін айтып, ұнаған постылармен бөлісіп жүрді. Ал оның телефонын, компьютерін наурыздың 6-сында алып кеткен. ҚДТ "экстремистік ұйым" деп наурыздың 13-інде танылған. Егер Дианараға экстремизмді [айып ретінде] таңса, бұл енді адам құқықтарын, заң бұзудың нақты шыңы болып шығады, - деп санайды ол.

Әсел Нұрғазиева.
Әсел Нұрғазиева.

Әсел Нұрғазиева студент Дианара Мұқатоваға тағылған айыптың түп себебі алматылық Ақмарал Тобыловаға тағылған айыпқа ұқсас екенін айтады. Оның сөзінше, Тобылова «қылмыстық топты қаржыландырды» деген күдікке іліксе, Мұқатова "ұлттық алауыздықты насихаттады" деп айыпталып отыр.

- Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Ақмарал Тобылованы "ар- ұждан тұтқыны" деп атады. Дианараны да "ар-ұждан тұтқыны" деуге болады. Мұндай ақылға сыймайтын істің қаншасы қозғалғанын кім білсін, - дейді Нұрғазиева.

Астана қаласы Есіл аудандық сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы шешімінің мәтіні әлі ресми түрде жарияланған жоқ. Алайда Қазақстанның бірнеше аймағында азаматтық белсенділер мен әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары полицияға шақырылып, "прокурорлық ескерту қағазын" алған. Оларға ҚДТ қозғалысына қандай да бір қатысы бар чаттар мен топтардан шығу және әлеуметтік желілерде ҚДТ-ға ешқандай қолдау танытпау, қозғалыс материалдарын құптап «лайк» баспау немесе қайта жарияламау туралы кеңес берілген. Оппозициялық онлайн қауымдастық ретінде ҚДТ қозғалысын құрған оппозициялық олигарх, Францияда тұратын қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов өзін "саяси қысым құрбаны" деп санайды. Қазақстан билігі Әблязовты 2000 жылдардың басында БТА Банкін басқарған кезде "аса ірі көлемде алаяқтық жасап, қаржы жымқырды" деп айыптайды. Әблязов бұл айыптауды "саяси қудалау" деп сипаттайды.

Құқықтық статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылы "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" туралы 174-бап бойынша 1668 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 132-сіне қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілген.


azattyq.org

Пікірлер