Қаңтар оқиғасын «шапыраштылар» ұйымдастырды - Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

11483
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы Журналистер үйінде ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің «Қазақстан халық конгресі» қоғамдық қозғалысы жұмысының жандануы туралы баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы nege.kz-ке сілтеме жасап. 

Баспасөз маслихаты барысында О.Сүйлейменов қоғамдық қозғалыс жұмысын қайта бастайтынын айтты.

Қозғалыстың құрылуына «Қаңтар оқиғасы» себеп болған жоқ па?

Олжас Сүлейменов бұл сұраққа жауап бере отырып, «Қаңтар оқиғасына» қатысты ойын ашық айтты.

«Қаңтар оқиғасында студенттер болған жоқ. Мен Шевченко көшесі бойымен кетіп бара жатқан топты өз көзіммен көрдім. Мен ол кезде ауруханада жатқанмын. 8-қабаттың балконынан бәрін бақылап тұрдым. Олар жүрген жерде студенттер болған жоқ. Ол жерде Болат Назарбаевтың базарының жұмыскерлері болды. Олар – күзетшілер, жүк тасығыштар, тағы сол сияқтылар. Жас, бойында күші бар жігіттер Шевченкодан бастап, Фурмановаға дейін жүріп өтті. Одан ары қарай алаңға көтерілді.

Мен – 1986 жылғы көтерілістің куәгерімін. Екі күн барлығын өз көзіммен көрдім, бел ортасында жүрдім, сол үшін қуғындалдым. Сол себепті мен кешегі топты айыра аламын. Қаңтарда базардың жұмыскерлері шықты. Олардың жасағанын студенттер істей алмас еді. Тонау, бұзақылық, өртеу деген сияқтылары толып жатыр», – деді Олжас Сүлейменов.

Ақынның айтуынша, «Қаңтар оқиғасын» экс-президенттің әулетінің адамдары ұйымдастырған. 

«Мен бұған нық сенімді емеспін, бірақ негізінен оны шапырашты руының өкілдері ұйымдастырды. Шапыраштылардың жендеттері жүрді. Өйткені ол екі күннің ішінде ұйымдастырылған жоспар емес. Оған бұрыннан дайындалды. Олар асығыстық жасады. Президенттер Ресейде Путинмен кездесті. Сол кезде олар уақыты келді деп түсінді», – деді О.Сүлейменов.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер