Скляр елдің алдында жауап беруге дайын

2487
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан үкіметі өнеркәсібі өрге домалаған елдердің қатарына қосылу үшін қыруар жұмыс атқарып жатыр. Алайда мұндай жетістікке бірден жете қою қиын. Оның үстіне тұрғындар да экономиканың тез қарыштауын талап етіп, тиісті басшыларды сынға алып жатса.

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет жиынынан соң журналистер сұрағына жауап берді. Ол отандық автоөндірісті қолдау керектігін айтып, шикізат өніміне байланған экономикадан бірте-бірте арылу керектігін жеткізді.

Кейбір қоғам белсенділері утилалымның көлемін төмен түсіруді талап етсе, кейбірі тіпті алып тастауды ұсынды. Сондай-ақ вице-преьмердің қызметтен кетуін талап еткендер де болды.

– Мен қызмет үшін емес, халық үшін еңбек етіп жатырмын. Егер қате істесем әрбір ісіме жауап беруге дайынмын. Мәселе қызметте емес, мәселе біздің елде өнеркәсіптің бір ізге қойылу қажеттілігінде,  – деді вице-премьер.

Роман Скляр мұнайға байланудың қажеті жоқ екенін түсіндірді.

– Біздің елде кейбір саясаттанушылар қоғамдық сананы шебер түрде манипуляциялайды. Мүмкін олардың жұмысы сол шығар. Бірақ біз неге мұндайға еруіміз керек? Егер біз өз елімізді өнеркәсібі дамыған елдер қатарынан көргіміз келсе, онда бос ұрандарға жол бермеуіміз керек, – деді вице-премьер.

Естеріңізге сала кетсек, Утилизациялық алымының мөлшерлемесі екі есеге төмендегенін Роман Скляр «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында айтқан болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер