Өмір бойы шаш қимаған 87 жастағы әжей бұрымының ұзындығы 2 метрге жуықтаған

2928
Adyrna.kz Telegram

Ғұмырында шашын қиып көрмеген 87 жастағы Нұршаруан Түстікбаева Талдықорған қаласында тұрады. Әжейдің бұрымының ұзындығы 2 метрге жуық. Кейуана ҚазАқпарат тілшісіне шаштың күтімі мен киесі жайлы айтып берді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, шашы ұзын қыз-келіншектердің бойында жұмсақтық, мейірім, байыптылық, кешірім сияқты қасиеттер болады.

«Ғалымдар қазір ұзын шаштың қасиеті туралы айта бастады. Ал біздің ата-бабамыз оны баяғыда зерттеп, дәлелдеп қойған. Қыздарының шашын қимаған, бұрымдыларды ерекше құрмет тұтқан. Бұрын қазақ қыздары белінен асқан шашты кесуді жаман ырым санаған. Себебі, ұзын шашты орынсыз кесу адамның жолын кесіп, қасіретке ұшыратуы мүмкін. Ең алдымен, ұзын шаш - әйел көркі. Сондай-ақ шашы ұзын қыз-келіншектердің мінезі жұмсақ, мейрімді, жанашыр, сабырлы болады»,- дейді Нұршаруан Түстікбаева.

Кейуананың сөзінше, шашының ұзындығы бүгінде 2 метрге жуық.

«Шашымды тарқатсам жерге түседі. Екі метрге жуықтады. Шашты дұрыс күту керек. Біздің заманымызда қазіргідей нешетүрлі сусабын мен майлар болған жоқ. Десек те, қолда барды қолдандық. Шашымызды айранның сары суымен жуатынбыз, әлі де солай істеймін. Сосын жақсылап кептіріп, өріп, жинап тастаймын. Ешқашан шашымды жайып жүріп көрмеппін. Басымнан жаулығым түскен емес. Бүгін сіздер үшін шашымды тарқатып көрсетейін дәлел болсын»,- деп күлді Талдықорғандық әжей.

Бір әулеттің берекесі мен ұйытқысына айналған кейуананың бүгінде 29 немере, 41 шөбересі бар. Көбі - қыз балалар.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер