Шетелге кеткен капиталды елге қайтару жұмысына комиссия құрылды

2520
Adyrna.kz Telegram

Премьер-министр Әлихан Смайылов шетелдегі капиталды елге қайтару мәселесін талқылап, кеңес өткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. 

Үкімет басшысының өкімімен комиссия мен бес жұмыс тобы құрылды. Жұмыс топтары ақшалай қаражаттың жылыстауы бойынша талдау жүргізіп, капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру, шектеу шараларын енгізу, шығарылған капиталды қайтару шараларын қабылдауға байланысты тиісті ұсыныстарды әзірлейді.

Атап айтқанда, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне валюталық бақылаудың жекелеген функцияларын беру жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Ынталандыру шараларының бірі – келіп түскен валюталық түсімнің 80%-ына айырбас жасалған жағдайда, қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларын оңайлатылған тәртіппен өтеу.

Сондай-ақ резидент еместерге дивидендтер төлеу кезінде салықтық жеңілдіктерді жою, резидент емес өзара байланысты тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеуді енгізу сияқты шаралар ұсынылады.

«Трансферттік баға белгілеу туралы» заңды жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді. Одан бөлек, капиталды елге қайтаруды ынталандыру, сондай-ақ капиталды елден шығаруды салықтық әкімшілендіруді күшейту бойынша да шаралар пысықталып жатыр.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар Мемлекет басшысының атына жолданады.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер