Прагада Димаш Құдайбергеннің концерті дүркіреп өтті

9575
Adyrna.kz Telegram
Фото: dimashnews.com
Фото: dimashnews.com

Кеше Чехия астанасы Прага Димаш Құдайбергеннің «ARNAU» эстафетасын қабылдады. DimashNews редакциясына берген сұхбатында әнші көптен күткен жеке концерті жайлы айтып берді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Чехияның жүрегіндегі шоуды жарқын әрі әсерлі аяқтаған Димаш пандемиядан кейін жеке концертпен оралу – ештеңемен салыстыруға келмейтін керемет сезім тудырғанын айтты.

«Иә, пандемияның 2 жылында әртүрлі марапаттар мен фестивальдерде өнер көрсеттім, бірақ жеке концертпен оралу – мүлдем басқа эмоция. Атмосфера таныс, ерекше. Сондықтан, әрине, барлық Dears-қа маған көрсеткен сүйіспеншілігі мен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді»,– дейді ол.

– Осы уақыт ішінде жанкүйерлермен байланыс үзілді ме?

– Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Тіпті бөлек болсам да, мен, әрине, Dears-тың сүйіспеншілігі мен қолдауын сезіндім, бірақ соған қарамастан аздаған қобалжу болды. Алайда, сахнаға шыққан бойда барлық уайымым әп-сәтте сейілді. Біздің өткен концерттеріміз пандемияға байланысты 2 жыл жоғалтқанымызға қарамастан, Dears-пен байланысымыз әлі де күшті екенін көрсетті.

DimashAli шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев 2 жылдан кейін концерттік атмосфераға оралу және концерттерге дайындық қалай өткенін әңгімеледі.

«Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылы басталған коронавирус инфекциясының пандемиясына байланысты біз турды тоқтата тұруға мәжбүр болдық. Әрине, біз үшін оны қайта жалғастыру – үлкен бақыт. Димаштың көрермендерімен, шығармашылығының жанкүйерлерімен, сондай-ақ әртүрлі елдердегі әріптестерімізбен кездескенімізге қуаныштымыз. Біз бір ұжымбыз және әрқайсымыз үшін ерекше бағдарламамен үлкен қуанышпен жұмыс жасаймыз. Эмоция өте көп және оның бәрі өте жағымды, өйткені концерттер – әрқашан жақсылық пен бірлікке шақыратын құрал», – дейді ол.

Сондай-ақ, Қанат Айтбаев локдаунға қарамастан, Димаштың командасы бір-бірімен байланысын үзбей, ұйымшыл бола отырып, жұмысын жалғастырғанын айтты.

«Пандемия басталған сәттен бастап біз техникалық жағынан да, шығармашылық жағынан да бір секундқа байланысты жоғалтпадық. Балалар бір-бірімен үнемі онлайн тілдесіп, бейнебайланыс арқылы көп жаттықты. Дубайдағы концерттен екі апта бұрын біздің шығармашылық команда Нұр-Сұлтанға ұшып, алдағы шоуға дайындықты бастады. Ұзақ және өте мұқият дайындалдық, бұл бұрынғы арнаға тез енуге көмектесті» деп атап өтті продюсер.

 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер