Екі әйел Қазығұрт тұрғынын гипноз жасап, тонап кетті

2731
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Қазығұрт тұрғынын көз алдында алдап, алтыны мен ақшасын тонап кеткен өзбекстандық екі әйел ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Zakon.kz"-ке сілтеме жасап.

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің 102 пультіне 12 мамыр күні күндізгі уақытта жергілікті тұрғын шағымданып, екі әйелге алданғанын, олар гипноз арқылы көз алдында алтындарын жымқырып кеткенін айтып шағымданды.

Егде жастағы әйелдің айтуынша, оның үйіне өзге ұлттағы екі әйел келген.

"Олар жәбірленушіге үйіңде дуа бар, соны тазалап береміз деген желеумен өздерінің тазалау әрекеттерін жасап, осы аралықта тұрғынның алтын алқасын, саусағындағы алтын сақинасы мен 100 мың теңгеден астам ақшасын алдау жолымен әкетіп қалған. Олар кеткен бойда есін жинаған әйел бірден полицияға хабарласып, алаяқтарды ұстауға көмектесуін сұрады", — делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарламасында.Тәжірибелі полицейлер жәбірленушінің айтқан белгілері бойынша жедел іске кірісіп, барлық қажетті шараларды жасады. Олардың мініп келген көлігі туралы үлкен трасса бойындағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарлады. Осылайша жолдарды патрульдеп жүрген Түркістан облысының патрульдік полиция батальонының алтыншы взвод қызметкерлері аталған күдіктілер мінген Lada Priora көлігінің ізіне түсті.

"Жарты сағаттай жүріп, көлікті тауып, соңынан қуып жетіп, тоқтатты. Ал көлік ішіндегі әйелдер полицейлерді көрген бетте қаша жөнелген. Полицейлер бірден әрқайсысы әр жаққа қашқан әйелдерді түгелімен ұстады. Аталған күдікті екі әйелден алаяқтық жолмен алынған алтындар мен ақша айғақты зат ретінде алынды. Патрульдік полицейлер көлікте болған бес әйелді полицияға жеткізді. Олардың жеке басын тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының тұрғындары екендігі анықталды", — деді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.Аталған жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда полицейлер олардың Түркістан облысында орын алған басқа да алаяқтық істеріне қатыстылығын тексеруде.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер