Екібастұзда жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мектеп өртенді

2910
Adyrna.kz Telegram
Фото: Павлодар облысының ТЖД баспасөз қызметі
Фото: Павлодар облысының ТЖД баспасөз қызметі

Екібастұздағы №24 мектеп-гимназиясында дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан құрылыс материалдары мен пластикалық конструкциялар өртенді. Бұл туралы Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Өрт жөндеу жұмыстары кезінде бірінші қабаттағы кабинетте сағат 10-да басталды. 40 шаршы метр аумақта құрылыс заттары мен пластик құрылымдар жанып кеткен. Өрт сағат 10:15-те оқшауланды.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін оқиға орнынан пропан құйылған баллон мен 40 жұмысшы эвакуацияланды.

"Құрылыстың түріне қарай жөндеу жұмыстарын бірнеше мердігер атқарады. Өрт жылу жүйесін жөндеу кезінде дәнекерлеу жұмысын жүргізген "Бектемір Құрылыс" ЖШС кінәсінен шыққан. Фирма басшылығы өз қателігін мойындап, шығынды өтеуге дайын екенін жеткізді", - деді мектеп директоры Құралай Рахметжанова.
Оның айтуынша, бүгінде күрделі жөндеудің жалпы көлемінің 60 пайызы орындалған. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектепте жылу жүйесін жөндеу және электр сымдарын ауыстыру, жаңа есіктер мен терезелер орнату, ғимараттың қасбеті мен ішкі әрлеуін жаңарту жоспарлануда.
"Өрт салдарынан жөнделген екі кабинет зардап шекті, сондай-ақ тағы бір мердігер – "Қазеврострой" ЖШС-нің құрылыс материалдары жарамсыз болып қалды. Шығын сомасы анықталған соң кінәлі тұлғалар шығынды өтейді. Жөндеу жұмыстарын жалғастырып, мерзімінде аяқтаймыз деп үміттенеміз", - деді білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Ахметова.
”Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер