ДУМАН БЫҚАЙ: Қазақстанның қаржы нарығына жауапты тұлғалар Ресей агрессиясын ақтаудан арланбай отыр

2262
Adyrna.kz Telegram

Кеше Цалюк деген сарапшының дәрісін тыңдап қайттық. Тегін адам емес. "Қазақстан қор биржасы" (KASE) төрағасының білдей орынбасары дейді.

Өзі Киевтің тумасы көрінеді. Қаржы жағын да біршама білетінге ұқсайды. Бірақ ресейшілдігі басым түсіп тұр. Алдындағы аудиторияға Путиннің шапқыншылығын ақтайтынын айтқысы кеп, басқыншыларға бүйрегі бұратыны байқалып-ақ тұрды. Онысын жасырмайтын секілді.

Қор нарығының жай-жапсарын сөз еткен Цалюк "спецоперация" дейтін Путиннің сүйікті терминін бір емес, бірнеше рет қайталады.

Әлгі жерде айғай-шу шығарып, Цалюктің шаңын қағып алуға болар еді. Өзге әріптестердің алдында ашуға мініп, шараның шырқын бұзғымыз келмеді.

Қазақстанның қор нарығына жауапты тұлғаның "спецоперация" деп сандырақтап отырғаны, ақпараттық салада орасан-орасан олқылықтар барын айғақтап тұр.

Қазақ тілінің қаржы нарығына тұмсық тыға алмай отырғаны да Цалюк секілді сарапшысымақтардың кесірінен.

Путиннің сұғанақ саясатын қолдайтын бұлардың қазақ тіліне тұсау салуға тырысатыны айдай ақиқат. Мемлекеттік тілдің өрісі кеңейсе Цалюк секілділердің тынысы тарылады.

Тоқаевтың тілге қатысты мәлімдемелері бұларға мотивация бермейді.

Айтпақшы, бұ кісінің биографиясында 3 тілді жетік меңгерген деп көрсетіпті.
Осы шарада қазақша сауал қойған әріптесімізге орысша жауап берді, онысы үшін кешірім сұрауға да жарамады.

Пікірлер