Жетісудың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда өңдеу ісіне басымдық беріледі

1597
Adyrna.kz Telegram
teleqraf.com
teleqraf.com

Жетісу облысының агроөнеркәсіптік кешеніндегі басты міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу. Осы орайда өңір экономикасына Ескелді ауданының қосатын үлесі елеулі. Мұнда негізінен дәнді, майлы дақылдар, жем-шөп, картоп, қант қызылшасы және басқа да дақылдар өсіріледі. Соған қарамастан өңдеу ісін жан-жақты дамыту әлі де кемшін. Осы бағыттағы жұмыстармен бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданына барған сапарында танысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі - «Хильниченко и К» командиттік серіктестігі. Оның құрамында тауарлы сүт, қой және жылқы фермалары, көкөніс сақтау қоймасы, өңдеу цехы және басқа да шаруашылық нысандары бар. Кәсіпорын өз астығынан ұн шығарып, одан макарондар, түрлі нан өнімдерін дайындайды. Мұнда еттен 10 түрлі өнім шығарылады, соның ішінде шұжық, жартылай дайын тағамдар да бар. Ал сүтті толығымен «ФудМастер» компаниясына өткізеді. Жалпы кәсіпорынның өнімдері негізінен аудандағы ауыл дүкендеріне төмен бағада сатылады, мәселен, 500 г рожки 90 теңге тұрады. Алдағы уақытта ірімшік өндіретін цех ашу жоспары бар.

Командиттік серіктестік төрағасының орынбасары Александр Хильниченконың айтуынша, Алатау тұқымды бір бас құнажыннан жылына 5726 литр сапалы сүт сауылады. Мәселен, жазғы кезеңде сүттің майлылығы 4%-ға, ал қыс мезгілінде 5% жетеді. Қазір тағы бір тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Оған кәсіпкер жеке қаражатынан 350 млн. теңге салған, сүт сауатын жаңа технология орнатылған. Қазір фермада 102 аналық бас бар, күзге дейін бұл мал басы 205-ке жеткізіледі. Кәсіпорын желтоқсанға қарай толық қуатына шығып, 22 жұмыс орны ашылады.

Бейбіт Исабаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығында тәжірибесі мол «Хильниченко» КС-ның бақ шаруашылығын дамытуға да мүмкіндігі жетеді.

- Жаңа технологияларды енгізуге ниетті ірі инвесторларға өздеріңіздей іскер, жермен жұмыс істей алатын адамдар керек. Сіздердің осы салада жылдар бойы жинақтаған білім мен тәжірибелеріңіз қоғам үшін пайдалы. Бұл ауданның табиғаты бақ өсіруге қолайлы. Сондықтан осы бағытта бастама жасап, өсіру мен өңдеуді қатар қамтитын толық цикл құру керек. Бұл бюджет түсімін молайтып, тұрақты жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етеді, - деді Б. Исабаев.

Өз кезегінде А. Хильниченко кәсіпорынның ынтымақтастықта жұмыс істеуге дайын екенін айтты: «Қазір бір интенсивті бақ өсіруге бастама жасап жатырмыз.  Әзірге 1800 көшет, яғни алманың бес сорты, алмұрттың екі сорты, абрикос пен қызыл шие отырғызылды. Осы бағыт бізді қызықтырып отыр, сондықтан оны одан әрі дамытамыз, сіздің ұсынысыңызды қарастырамыз», - деді ол.

АӨК мамандарын дайындауға Көксу ауыл шаруашылығы колледжі үлес қосып келеді. Мұнда кәсіби техниктер, электриктер, технологтар, механиктер, қант өндірісінің операторлары және басқа да мамандар дайындалады. Оқу орны 20 шақты кәсіпорынмен әріптестік байланыста жұмыс істейді. Соның арқасында өткен жылы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 87% жеткен. Көрсеткіштің оң болуына оқу процесіне заманауи технологияларды енгізудің де ықпалы зор болды.

- Колледж басшылығы мен педагогикалық құрамы түлектерін жұмысқа орналастыруды басым бағыт еткені қуантады. Жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуі маңызды. Осы өңірге қандай мамандар керек, зерттеу керек, соған бағдарланған жөн. Қысқа мерзімді курстар ашқан да пайдалы. Мынадай заманауи материалдық-техникалық базамен сіздердің мүмкіндіктеріңіз көп, біз өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз, - деді Жетісу облысының әкімі.

Аудан қант қызылшасын өсіруде алдыңғы орында. Бейбіт Исабаев қызылшамен айналысатын шаруашылықтардың бірі «Дүйсенбинов А. К.» шаруа қожалығына да барып көрді. Өткен жылы мұнда 400 гектардан 25 мың тонна өнім алынған.

- Қызылшаның еңбегі ауыр, шығыны көп, бірақ табысы жақсы. Осы дақылдың арқасында бір маусымда 100 адамды жұмыспен қамтимыз, лизингіге алынған ауыл шаруашылығы техникаларының төлемін өтеп отырмыз. Қызылшадан бөлек бидай, соя себеміз, мал өсіреміз. Субсидия аламыз. Екі жүз басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуға қаржы құюға дайынбыз, онда өңдеу ісін де қолға аламыз. Өзімізде мал азығы бар, сондықтан қиындық болмайды. Тек суармалы су жағынан кейде қиналып қаламыз. Әзірге су айналымының арқасында жұмысты жалғастырып отырмыз, - деді шаруашылық басшысы Айдын Дүйсенбинов.

Осы сапарында облыс басшысы Шымыр каналын жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл канал аудандағы 2105 га суармалы жерді сумен қамтиды. Осы ретте жөндеу ісімен айналысып жатқан мердігер компания «Монолит» ЖШС жұмыс кестесінен кешігіп жатқаны белгілі болды. Сол сияқты Қарабұлақ ауылындағы «Жеңіс» саябағын көркейту, жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйге инженерлік-инфрақұрылым жүргізу мен абаттандыру жұмыстары да кешеуілдеуде. Қазір бұл іс сотқа беріліпті.

Ал «Компания Строй Индустрия» ЖШС бес қабатты 60 пәтерлік үйдің құрылысын уақытында, сапалы аяқтаған. Қазір тағы бір үйдің құрылысын бастап жатыр. Сондай-ақ «Шах құрылыс компаниясы» балабақшаның күрделі жөндеуін ойдағыдай жүргізуде, қазір жұмыстар 50% біткен. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Ауданда 60-шы жылдары салынған, қазір қаңырап бос тұрған ғимараттар бар. Оларды аудан басшылығы қалпына келтіріп, жас мамандарға тұрғын үй ретінде беруді жоспарлап отыр. Сондай ғимараттардың бірін балаларды оңалту орталығы ретінде пайдалануға болады. Дәл осындай бұрынғы мектеп интернаттың оқу корпусы, жатақханасы, орта мектеп ғимараттары бар. Нысандарды аралап көрген облыс әкімі оларға алдымен сапалы сараптама жасатып, содан кейін ғана шешім қабылдау керектігін ескертті.

- Бұл ғимараттар қалпына келтірілгеннен кейін кемінде 30-40 жыл қызмет етуі керек. Содықтан экономикалық жағынан да, әлеуметтік тұрғыда да жан-жақты қарастырған жөн, - деді Б.Исабаев.

Ауданға сапары барысында облыс әкімі Шымыр ауылындағы АГТС-қа барып, ауданды газдандыру ісімен танысты. Бұл нүктеден Талдықорған, Текелі қалаларына, Ескелді ауданына газ таратылады. Қазіргі кезде Қарабұлақ, Сырымбет ауылдары газ құбырына қосылған, яғни бұл 30 мың абонентті қамтиды. Биыл тағы 4 ауыл газға қосылады.

Ақпарат: www.gov.kz

Пікірлер