Қарақалпақтарға референдум өткізіп, бөліну мүмкіндігін берсе де, олар Өзбекстан құрамында қалады - әлеуметтанушы

6546
Adyrna.kz Telegram

"Өзбекстан Қарақалпақстанға тәуелсіздік алу мүмкіндігін бермейді. Тіпті қарақалпақтарға референдум өткізіп, бөліну мүмкіндігін берсе де, Қарақалпақстан Өзбекстан құрамында қалады". Бұл пікірді әлеуметтанушы ғалым, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов Adyrna.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

"Қарақалпақстанның дербестігін сақтауын қолдаймын. Алайда бұл орайда біраз мәселелер бар... Өзбекстан Қарақалпақстанға тәуелсіздік алу мүмкіндігін бермейді. Ол территория тұрғысынан да, экономикалық тұрғыдан да өзбектер үшін тиімсіз. Тіпті қарақалпақтарға референдум өткізіп, бөліну мүмкіндігін берсе де, Қарақалпақстан Өзбекстан құрамында қалады. Себебі Қарақалпақстан тұрғындарының этникалық құрамы да өзбектер пайдасына жұмыс жасап тұр",- дейді Талғат Жақиянов. 

Әлеуметтанушының айтуынша, референдумда қарақалпақтар ұтылып қалады.

"Қарақалпақстанда ондаған жылдар бойында ұлт-азаттық қозғалыстар орнығып, тәуелсіздікке ұмтылыстары күшейіп келеді. Мұндай ұмтылысты шет елдерде отырған қарақалпақ диаспорасы да қолдайды. Өзбекстанның алдағы референдумы аясында қабылдағысы келіп отырған шешімдері мұндай наразылық пен қозғалыстарды тіптен өршітетіні анық. Кейбір сарапшылар болжап жатқандай, Ресейдің де ықпалы болуы әбден мүмкін (оның үстіне Қарақалпақстанды Ресейге қосқысы келетін қарақалпақ белсенділері де жоқ емес). Ресей Өзбекстанды өзінің интеграциялық ареалына (ЕврАзЭС, ОДКБ) тарта алмай отыр. Экономикалық мүдделері де бар. Сәйкесінше, орекеңдер бұл аймақты буфер ретінде қалыптастырып, өз мүддесіне пайдаланып көруі мүмкін", - дейді әлеуметтанушы. 

Сарапшының мәлімдеуінше, Қарақалпақстан (ДНР, ЛНР сияқты) Ресейдің буферлік аймағына айналса, Өзбекстанмен бірге Түркменстанға және ресейлік бақылаудан кетіп бара жатқан Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне ықпал ету мүмкіндіктерін нығайтуға жол ашады.

"Елімізде қарақалпақ диаспорасы мен Қарақалпақстанды қолдайтын қазақтардың бар екендігін ескерсек, көрші елде орын алу мүмкіндігі жоғары шиеленіс біздегі этносаралық қатынастарға да теріс ықпал етуі мүмкін. "Бүлінгеннен бүлдіргі алма!" деген дана халқымыз. "Қарақалпақстанды қосып алайық" деп даурығудың қажеті жоқ. Ішкі бірлік пен сыртқы татулықты сақтау маңызды қазіргі жағдайда. Төменде Қарақалпақстан туралы қысқаша анықтама ұсынамын. Соған қарап та біраз мәселені ұғуға болады:

  • Қарақалпақстан 1925-1930 жж аралығында Қазақстанның (ҚазССР), 1930-36 жж аралығында Ресейдің (РСФСР), ал 1936 жылдан бастап Өзбекстанның автономиясы болды;

  • 1990 жылы КСРО ыдырауымен Қарақалпақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады. Алайда 1993 жылы Өзбекстанның құрамына 20 жылға ену жөнінде келісімге қол қоюға мәжбүр болды;

  •  Өзбекстан Конституциясының 74-бабына және Қарақалпақстан Конституциясының 1-бабына сәйкес Қарақалпақстан халқы референдум арқылы Өзбекстан құрамынан шығуға құқылы. Келісім мерзімі 2013 жылы аяқталды, алайда тәуелсіздік ала алмады;

  •  90-жылдардың басында «Халық мапи» партиясы құрылды (тәуелсіздік және Ресейге қосылу). «Еркін Қарақалпақстан» (2008 ж), «Қарақалпақстан Азаттық Харекеті», «Алға, Қарақалпақстан!» оппозициялық қоғамдық қозғалыстары, «Шырақ» ақпарат орталығы (2014 ж) құрылды. Қозғалыстардың мақсаты – Қарақалпақстанды Қазақстанның немесе Ресейдің құрамына кіргізу;

  • Халқының саны (шамамен) – 1,7 млн. Тұрғындары: қарақалпақтар (1/3), өзбектер (1/3); қазақтар (300 мыңға жуық);

  •  Орталығы – Нүкіс қаласы. 12 қала, 25 кенті бар. Жерінің көлемі – 166 600 км2 . Өзбекстан аумағының 37 пайызын құрайды. 80 пайыз территориясы құмды (Қызылқұм, Қарақұм). Басты су көзі – Амудария өзені. Арал теңізінің тартылған аумағы бар экологиялық апат аймағы;

  •  Экономикасы: газ, мрамор; қаракөл шаруашылығы; мал шаруашылығы; күріш және мақта. Ресейге шығатын Өзбекстан мен Түркменстанның газ құбырлары осы аумақпен өтеді.

  •  Ресейдің «Лукойл» компаниясы Арал маңынан мұнай мен газдың мол қорын тауып, игеріп жатыр. Ол Орталық Азиядағы мұнайдың 31% жуық, ал газдың 40% жуық қорын құрайды (300 млн тонна мұнай, 480 млрд кубометр газ);

Әлеуметтік жағдайы: өндірістік дағдарыс, жалақының аздығы, жұмыссыздық; еңбекқабілетті тұрғындардың 30 пайызы көрші елдерде (Қазақстан, Ресей) және Өзбекстанның басқа өңірлерінде еңбек етеді", - деп пікірін білдірді әлеуметтанушы Талғат Жақиянов.

Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер