Қырғызстанда жол апатынан қазақстандық жаттықтырушы қаза болды

2855
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz
16 шілде күні Ыстықкөлде Бұлан-Соготу (Комсомол) ауылында жеңіл атлетикадан қазақстандық жаттықтырушы Мұрат Жүзгенбаевты көлік қаққаны белгілі болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ер адам жүгіру кезінде тәрбиеленушісінің жанында велосипедпен ілесіп жүрген. Қыз бала аман қалды.
Ыстықкөл облыстық ІІБ баспасөз қызметі жол апаты таңғы сағат 7:40 шамасында болғанын хабарлады. Кезекші бөлімге Бұлан-Соготу және Бостери ауылдары арасында жол апаты болғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті.
"Оқиға орнына шыққан жедел тергеу тобы Бішкектің 41 жастағы тұрғыны мінген Lexus-330 автокөлігі Балықчы-Ананьево-Каракөл автожолының 97-ші шақырымында Григорьевка ауылының 40 жастағы тұрғыны рөлде отырған "Ниссан - Микра " автокөлігімен бүйірден соқтығысқанын анықтады. Одан кейін жол жиегінде келе жатқан 58 жастағы қазақстандық велосипедші Мұрат Жүзгенбаевты қағып кеткен. Жол апатының салдарынан Қазақстан азаматы оқиға орнында көз жұмды", - деп хабарлады аймақ полициясы.
Барлық жиналған материалдар құқықтық баға беру үшін тергеу қызметіне жіберілді. Жүргізушілердің ішімдік ішкен-ішпегенін анықтау үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі.
Айта кетейік, Мұрат Жүзгенбаев Алматы облысында жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушы болды. 2012 жылы ол жеңіл атлетика федерациясының үздік ондығына кірді.
”Адырна” ұлттық порталы 
Пікірлер