ШҚО-да директор жетім балаларға бөлінген 12 млн теңгені жымқырған

2286
Adyrna.kz Telegram

12 млн теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша ШҚО Жетім балаларға арналған мектеп-интернатының директорына қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Тергеу барысында А.Базарханованың 2013 – 2019 жылдар аралығында емдік дене шынықтыруға бөлінген ақша қаражатын ұрлағаны, яғни мектеп директорының сабақ өткізбестен, оқу сағаттарын жүргізгені үшін ақы алып отырғаны анықталды. Нәтижесінде балалар білікті ем алу құқықтарынан айрылған.

Бұдан басқа, басшы интернат қызметкерлеріне қосымша жұмыс істегендері үшін ақы аударып отырған, кейіннен олар ол ақшаларды есеп шоттарынан шешіп, Базархановаға қайтарып беріп отырған. Шын мәнінде қызметкерлер қосымша жұмыс атқармаған.

Сонымен қатар, А.Базарханова өзінің танысына қарызды қайтару мақсатында оның жұбайын жұмысқа алды. Осылайша, жалған жұмысқа орналасушыға 729 мың теңге еңбекақы төлеп, бюджет қаражатын талан таражға салған»,— деп мәлімдеді Қаржылық моноторинг агенттігі.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасы директордың өз кінәсін мойындап, шығынды толықтай қайтарғанын, жасөспірім баласының бар екенін ескере отырып, оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Пікірлер