FlyArystan жолаушыға мүгедектер арбасын багажға салуға рұқсат бермеген

1504
Adyrna.kz Telegram

FlyArystan әуе компаниясының қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жолаушының мүгедектер арбасын багажға өткізбеген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Нияз Сүндетәлиевтің айтуынша, оқиға Алматы әуежайында болған. Оған арнайы техника әлі күнге дейін қайтарылмаған.

«Біз 28 тамыз күні сағат 23:05-те ұшуымыз керек еді. Бірақ рейс кешігіп, 2:35-те ғана ұштық. Жүкті тіркеу кезінде әуе компаниясының қызметкері арбамды ұшақ бортына кіргізе алмайтынымды айтты, өйткені мен клемма мен басқару пульттерін өзім ажыратуым керек екен. Бірақ аяғымның саусақтары қозғалмаса, мұны қалай жасаймын?»—деді ол.

Жолаушы 26 тамыз күні Қарағандыдан Алматыға дәл сол әуе компаниясымен еш қиындықсыз ұшып келгенін атап өтті.

«Арбаммен не істеу керектігін анықтау жарты сағатқа созылды. Осы 30 минут ішінде маған мүлдем жарамсыз, бас тірегі жоқ, арқасы қатты және жұмсақ орындығы жоқ мүгедектер арбасында отыруға тура келді. Өкінішке қарай, мен салмын, арқамды тіке ұстай алмаймын. Кез келген арбаны қолдана алмаймын. Осы аралықта мүгедектер арбасында бүгіліп отырдым, денсаулығым мен өміріме қауіп төнді»,– деп түсіндірді ол.

Нияз Сүндетәлиев әуе компаниясына мүгедектер арбасын пайдаланатынын, ұшу кезінде көмек қажет екенін бес күн бұрын хабарлаған.

«Осының барлығын әуе компаниясы ескерді, алайда соңында Қарағандыға ұшып кеттім. Ал арбам Алматыда тіркеу үстелінде қалды. Қазір үйдемін, бірақ адамдармен кездесуге, өзім шығып таза ауа жұтуыма мүмкіндігім жоқ. Ең бастысы, FlyArystan компаниясының ешқандай қызметкері мен сал бола тұра, Қарағанды ​​әуежайынан үйге қалай жеткенімді сұрамады»,— деді жолаушы.

Азаматтық авиация комитеті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Егер авиакомпания тарапынан заңбұзушылықтар анықталса, Комитет қолданыстағы заңнамада қарастырылған шараларды қабылдайды. Жұмыс нәтижесі бойынша жауап беріледі»,- деді
ведомство.

Пікірлер