Тұрар Сәттарқызы: Ұлтқа қиянат жасап жүргендер "Аналар кеңесінде" не істеп жүр?

3366
Adyrna.kz Telegram
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі — тарихшы, журналист, қоғам қайраткері Тұрар Сәттарқызы өзіне тиесілі қоғамдық бірлестікті басып алып, заңсыз иемденгендер жайлы өзінің facebook парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Ералы Тоғжановтың кеңесшісі ұлт аналарына қысым көрсетуді доғарыңыз! Адал қызмет етіп жүрген аналарға қиянат жасайтындардың заманы қашан бітеді? ҚР-ның барлық құқық қорғау органдарының назарына! «Қара шаңырақ» Қоғамдық бірлестік еді ғой, сіз сол қоғамдық бірлестіктің төрайымы едіңіз ғой. Не болды, неге кейінгі кезде «Қара шаңырақ» Қоғамдық бірлестігі деп емес, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі деп жүрсіз, бірлестігіңіз қайда, неге айтпайсыз?»-, деген сұрақтарды таныстарым, достарым жиі қояды. Осы күнге дейін үндемей келдім. Неге? Бұл мен үшін өте ауыр тақырып. Иә, «Қара шаңырақ» бұл менің ішімнен шыққан балам іспеттес, авторлық жобам. Тұрар десе, «Қара шаңырақ», «Қара шаңырақ» десе, Тұрар дейді,-деген бір жақын танысым. Сол айтқандай, «Қара шаңырақ» авторлық жобасы менің төл перзентім. Менің 2013 жылдан бері мектептермен, балабақшалармен жаяу-жалпылап жүріп, тегін істеген жұмысымның жемісі. Оны 2019 жылы Сарыарқа ауданы аумағында Марқұм Мырзагелді Кемел (Мырзағам) бастаған бірталай елімізге белгілі, сыйласатын зиялы қауым алдында паш етіп, сол жиында «Қара шаңырақ» Қоғамдық бірлестігін құру жайлы шешім қабылдадық. Бірталай игі шаруалар атқарылды. Атап айтсам, «Жас отау», «Сырлы Сарыарқа», «Ертегі – ел ертеңі», «Маманның кеңесі» тәрізді жобалар жүргіздік. Аудандағы Балалар және жасөспірімдер кітапханасымен, мектептермен, балабақшалармен жұмыс істедім. Иә, Қоғамдық бірлестікті құру оңай болмады. Екі рет құрылтайшылық құжаттар қайтып келген жағдайлар болды. «Қара шаңыраққа» марқұм Мырзағамның «қазақтың Қара шаңырағы шайқалып тұр, іргесін берік, шаңырағын биік ұста, қарындасым»,-деп батасын бергенінде айтып өткім келеді. Мырзағамның жұбайы Зиба апамыз әр хабарласқан сайын ақ батасын төгіп, ағаңның аманатын сақта,қызым,- деп жатады. Сонымен, 2020 жылы бірлестік заң жүзінде тіркелді. Құрылтайшылардың қолдауымен бірауыздан қоғамдық бірлестіктің төрайымы болып сайландым. Рухымыз жақын деген адамдарды құрылтайшылыққа сайладым. Сол кезде фейсбук арқылы дос болған Баян Ахатай хабарласты. Бірлесіп атқарайық деді.

2020 жылдың басында қатты науқастандым. Бір жылға жуық уақыт жұмыстан да, қоғамнан да шеттеп кеттім. Шынымды айтсам, өмір үшін күрестім.

Сол уақытта Баян үйге келіп: «Тұреке, сіз ауырып жатырсыз ғой, мен жұмысты жүргізе берейін, кейін сіз жазылғанда бәрін әкеп өз қолыңызға тапсырамын, «Қара шаңырақ» маған аманат»,-деп мөрді, құрылтайшылық құжаттарды үйден алып кетті. Шынымды айтсам, ауыр ем, ауыр дәрі қатты әсер етіп, дұрыс түсінетінде жағдайда емес едім. Кейін бетім бері қарап, өмірге орала бастадым. Сол кезде Баянмен хабарлассам, телефон көтермейді, меннен қашқақтайды. Фейсбуктегі, инстаграмдағы достықты бұғаттап тастаған. Өзара араласатын, жақсы сыйлайтын бір апайға хабарласып қоямын. Ол кісінің өзі де, сөзі де өзгерген.Араласып жүрген жандардың өзі басқаша сөйлейді. Барлығы меннен қашады. Сөйтіп жүргенде құрылтайшылықтағы бір келіншек хабарласып: сізді «Қара шаңырақтың» Астанадағы филиалына басшы етпек дейді. Қалай? Қайдағы филиал? Неге? Өзім құрған қоғамдық бірлестіктің басшысы болуға лайық емеспін бе? «Қара шаңырақты» дәл мендей ұғынып, оны түпкі мақсатына жеткізе ала ма олар? Сол кезде ағамнан айырылып, сүйегі шетелде қалып, қайғыдан қан жұтып жүрген кезім еді. Түк түсінбедім. Одан кейінгі әңгімені маған айту өте ауыр. Бүгінде республикалық Аналар кеңесін басқарып отырған Нәзипа Шанаи маған хабарласып: Тұрар, ағаң өмірден озыпты, шәйға шақырамын деді. Қазақтың көңілшайы болар деп айтқан мекенжайына келдім. Бірер минуттан соң Баян мен тағы бір апай келді. Бір уақытта Нәзипа Ыдырысқызы әңгімені бастап: біз «Қара шаңырақтың» кеңес мүшелері шештік, енді Қоғамдық бірлестіктің төрайымы Баян болады деді. Мен алдымда қарсы отырған Баянға қарап: Баян, мына кісілер не айтып отыр? «Қара шаңырақты» құрған кезде бұл кісілер болған жоқ еді, сен аманат деп алып едің ғой-дедім. Сол кезде Баян төмен қарап үндемеді. Шынымды айтсам, сол кезде кіммен, қалай сөйлескенім, бәрін еске алу мен үшін өте ауыр. Одан кейін 3 ай үйден шықпай, төсек тартып жатып қалдым.

Тоқетері. Баян Ахатай «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігіне қайта тіркету жасатып, өзі Төрайым болып алады.

Менің үйіме тіркелген Қоғамдық бірлестікті өзінің балабақшасының мекенжайына тіркетеді. Менің ұсынысыммен сайланған құрылтайшылардың барлығын-дерік шығарып тастайды да, өзінің сөзін сөйлейтіндерді сайлайды. Құрылтайшылық құжаттардың бәріне менің атымнан жалған қол қойып, Қоғамдық бірлестікті қайта тіркетеді. «Қара шаңырақ деген киелі ұғым. Іс қозғау болмас. Қазақтың қызы ғой, ұят болар. Бір хабарласар», -деп 9 ай күттім. Бірақ хабарласпақ түгілі телефонымды да алмайтын. Мені қаралаған неше түрлі әңгімелер жетіп жатты. Өзара таныстар хабарласып, сен сөйтіпсің ғой, мен жайлы бүйтіпсің деген реніштерінде білдіріп жатты. Ақталдым. Айтпадым дедім. Жыладым. Қиналдым. Сонда да жанымда жүрген сіңлімдей қыз еді ғой деп, жамандыққа қимадым. Сонда да бір күні хабарласар деген үмітімді үзбедім. «Апай, мұндай адамдар ештеңеден тайынбайды. Алдындағысын таптап өтеді. Сіз қызықсыз. Ол сіз қатты ауырып жатқан кезіңізде сатқындық жасады, сізді жылатты. Ертең тағы біреуді жылатады. Бұлай болмайды. «Қара шаңырағыңызды» қайтарып алыңыз,-деген жанашыр жандардың қолдауымен, осы жылдың 18 маусымында Сарыарқа аудандық Ішкі істер органына арыз тастадым. Содан бері міне, екі айдан астам уақыт өтті. Іс тапсырылған анықтаушы мені бүгін ғана шақырды. Оның өзінде өзім қайта-қайта хабарластым. Шын мәнінде бұл істің созылуына, сосын мерзімі жетіп, «қылмыс құрамы табылмады» деп жабылуына мүдделі ықпалды адамдар бар екенін сеземін.

Олардың маған қарсы жасап жатқан шабуылына да, мені барлық жерге жамандап, тіпті жанымдағы адамдарды да менен алыстату үшін барлығын жасап, тіпті «Қара шаңырақ» ұжымы маусымда ұйымдастырған ең маңызды іс-шарамның өткізілмей қалуы үшін, аяқтан шалып жатқанына да осы күнге дейін, қазақшылыққа салынып, қой, ұят болар, қояр деп үндемей келемін.

Тіпті қалалық деңгейдегі бір комиссияға екі жыл қатарынан мүше болған едім. Ол мүшеліктен шығарып тастауға да «ықпалдының» қолы тигенін білдім. Әйтпесе, осы Астанада ұлттық құндылықты дәріптеп, балалармен жұмыс істеп жүрген мендей адамды «жұмыс істемеді» деп шығара ма? Шыдамның да шегі бар екен. Бүгін айтпасам, бұл істің тоқтап қалғалы тұрғанына көзім жетті. Сондықтан Сарыарқа Ішкі істер бөлімінде қаралып жатқан іс тоқтап қалмасын деген үмітте жазуға мәжбүр болып отырмын, ағайын. Сөге жамандамаңыздар. Осы екі жыл ішінде менің басымнан кешкен жағдайды, мен көтерген сынақ пен ауыртпалықты ешкімнің басына бермесін. Қоғамдық бірлестік қолымда болмағандықтан, қаншама нәрсе жоғалттым. Осы заңсыз істің артында ҚР Премьер-министрі Ералы Тоғжанның кеңесшісі, Қазақ халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Назипа Шанаидың тұрғанына сенімдімін.

Жаңа Қазақстан дейміз. Жаңа Республика дейміз. Әділдік дейміз. Әділдік ауылы алыс па деп қаламын.

Бүгінде Баян Ахатайды жанына ертіп алып, республиканы аралап, ана, бала, ұрпақ мәселесін көтеріп жүр. Баян Ахатай «Аманат» партиясының республикалық бір кеңесіне мүше екен. Жақында Білім мұғалімдердің тамыз конференциясында өзі мүше болып табылмайтын, «Қазақ халқы Ассамблеясы» жанындағы Аналар кеңесінің, дәлірек айтқанда, оның төрайымы Нәзипа Шанаидың атынан ұрпақ тәрбиесіне қатысты «тамаша» сөздер айтып отырғанын көрдім. Аманатқа қиянат жасаған жанның ұрпақ тәрбиесіне қатысты сөз айтуға қандай қақы бар? Айдың күннің аманында біреудің идеясын ұрлап, тартып алып, рейдерлікпен айналысып жүрген адамдар қалай елге ақыл айтып, өнеге көрсетпек?

Құрметті ағайын, бұл менің жан айғайым. Бастысы, «Аққа Құдай жақ болып», ықпалдылардың араласуымен қозғалған іс тоқтап қалмасын. Өйткені маған сатқындық жасаған жан күні ертең басқасына да сатқындық жасап, басқа біреуді жылатпасына кім кепіл?!. Мен төзімдімін, қиындыққа сынбадым. Тізерлеп қалсам да, жығылмадым. Қайта тұрдым. Ал басқа адам мұндай сынаққа төзе ала ма екен?!", - деп жазды Тұрар Сәттарқызы. 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер