Иранда оқушы қыз билікті мақтап, ән айтпағаны үшін аяусыз өлтірілді

2344
Adyrna.kz Telegram

16 жастағы ирандық оқушы Асра Панахи үкіметті мақтап, ән айтудан бас тартқаны үшін өз мектебінде қауіпсіздік күштерінің соққысынан қаза тапты. Бұл туралы "Медиазона" басылымы хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Қайғылы жағдай қазанның 13-і күні болған.

«Iran International» басылымының хабарлауынша, сол күні полиция жасақтары наразылық танытқан Иранның Ардебил қаласындағы қыздар мектептерінің біріне келіп, оқушылардың үкіметті жақтайтын шеруіне қатысуын талап еткен. Митингке қатысушылар Иранның ең жоғары көсемі Аятолла Әли Хаменеиді мадақтайтын үгіт-насихат әнін айтуы керек еді.

Оқушылар бағынудан бас тартқаннан кейін полицейлер қыздарды аяусыз ұра бастаған. Соққы салдарынан 10 оқушы қыз ауруханаға түскен. Кейін олардың бірі Асра Панахи қайтыс болды. Сонымен қатар соққыдан кейін полицейлер бірнеше қызды тұтқындап, белгісіз бағытқа алып кеткен.

Мектеп оқушысы өлтірілгеннен кейін Ардебилде наразылықтар қайтадан күшейе бастады.

16 қазанда Twitter-де жарияланған бейнежазбада наразылық білдірушілердің полиция қызметкерлеріне тас лақтырып, көлік дөңгелектерін өртеп жатқандарын көруге болады. Олар: «Полковник! Бүгін менің қызым, ал ертең сенікі!», - деп өз наразылықтарын білдіруде.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер