Екі адам қаза тапқан. Сан-Диегода Cessna 550 ұшағы құлады

964
Adyrna.kz Telegram
Фото: Reuters
Фото: Reuters

22 мамыр күні таңертең Калифорния штатының Сан-Диего қаласындағы аудандардың біріне Cessna 550 үлгісіндегі жеңіл моторлы ұшақ құлады. Оқиға салдарынан өрт тұтанып, бірнеше үй мен ондаған көлікке зақым келді. Бұл туралы жергілікті билік пен құтқару қызметтері мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.

Сан-Диего полициясының мәліметінше, қазірге дейін екі адамның қайтыс болғаны расталды. Жергілікті Sound Talent Group музыкалық компаниясы ұшақта олардың үш қызметкері – музыкалық агент Дэйв Шапиро және аты-жөні жарияланбаған екі әріптесі болғанын мәлімдеді.

АҚШ-тың Азаматтық авиация федералды басқармасы ұшақ бортында алты адам болғанын хабарлады.

Полиция ұшақ құлаған жерде жергілікті тұрғындар арасында ауыр жарақат алғандар жоқ екенін нақтылады. Бір адам ауруханаға жеткізілген, қалғандарына оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген. Жол апатынан 10 үй зақымданған, біреуі толығымен қираған.

Сан-Диего өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары Дэн Эдди мәлімдегендей, ұшақтың қалдықтары кең аумаққа шашылған. Ұшақ құлаған көше бойымен 400 метрге дейін барлық көліктер жанып кеткен.

Оқиға болған сәтте ауа райы тұманды болған. Ұшақ Сан-Диегодағы Мерфи-Кэнион ауданында құлаған. Бұл ауданда негізінен әскери қызметшілердің отбасы тұрады. Мұнда шамамен 9600 адам бар. Жақын маңда бірнеше әскери база орналасқан.

Билік бірнеше кварталдың тұрғындарын эвакуациялады – барлығы 100-ге жуық адам.

Дэн Эдди ұшақтың Montgomery Field әуежайына бағыт алған болуы мүмкін екенін айтты.

Сан-Диего қаласындағы әскери-теңіз базасының қолбасшысы Боб Хили бұл аудан әлемдегі ең ірі әскери қоныстардың бірі екенін атап өтіп, оқиғада зардап шеккендердің барлығына көңіл айтты.

Пікірлер