Бүгінде мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту ісі күн тәртібіндегі өзектілігін жоғалтқан емес. Бұл түйіткіл тіпті Мемлекет басшысыныңда басты назарында, деп жазды «Адырна» тілшісі.
Оған дәлел, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің халыққа Жолдауында айтқан сөзі.
«Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болу керек. Алайда бізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың дартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік статусын көтеріп, жалақысын көбейту керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі күні алып қала Алматыда бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындармен кездесу барысында айтып берді.
Қала басшысының сөзіне сенсек, алдағы таңда Алмалы ауданында 5 жекеменшік балабақша ашылды.
«Балаларды мектепке дейінгі біліммен барынша қамту үшін биыл Алмалы ауданы бойынша 225 орындық 5 жекеменшік балабақша ашылды. № 7 балабақшаны сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталды. Жобалық қуатты 75 орынға ұлғайта отырып, №43 балабақша ғимаратының бұрын жеке меншікте болған бөлігі сатып алынды», – деді Ерболат Досаев.
Қала әкімінің айтуынша 2023 жылдың II-тоқсанында күрделі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді бастау жоспарланған.
«Осы жылдың соңына дейін Мәуленов-Әйтеке би көшелерінің қиылысында бұрын жалға берілген балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, сейсмикалық күшейту үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді. 2023 жылдың 3-тоқсанында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі», – деді Алматы қаласының әкімі.