"Елбасының мәртебесін жою туралы заң жобасы бізге түскен жоқ" - әділет министрі Қанат Мусин

1882
Adyrna.kz Telegram
Үкімет отырысында ҚР Әділет министрі Қанат Мусин «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заңның жойылуына байланысты жұмыстың қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әділет министрі бірінші президенттің ерекше мәртебесіне қатысты тармақтар Конституциядан алынып тасталғанын айтты.

«Соған сәйкес, отандық заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде», - деді Қанат Мусин.

Дегенмен, министр заң күшінің қашан жойылатынын ашып айтпады.

"Заң, әрине, Конституцияға сәйкестендіріледі. "Тұңғыш Президент туралы" заң өз күшін жоғалтты деп тану туралы шешім қабылданады. Жұмыс жүйелі жүргізілуде, әзірге мерзімі нақты белгісіз, процесс президент пен Парламент депутаттарына тікелей байланысты", - деп жауап берді Қанат Мусин.

Министр депутаттардың заң жобасын мақұлдауда асықпай отырғанын айтты.

- Әзірге мұндай заң жобасы Парламенттен Әділет министрлігіне келіп түскен жоқ, келіп түскен соң ғана пысықталатын болады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров парламентте заңнамалық актілерді Конституцияға сәйкестендіру үдерісі жүріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, «Елбасы туралы» заң күші жыл соңына дейін тоқтатылады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер