Президент пәрмені: «Жайлы мектеп» жобасы аясында 22 мектеп салу керек

2921
Adyrna.kz Telegram

Алматы тұрғындарының саны жыл сайын өсіп жатыр. Соның 60 пайызы көші-қон арқылы жүзеге асады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполис тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп жазды «Адырна» тілшісі.

Қала халқының санының өсуі өз кезегінде   қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі әсер етеді. Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларды шұғыл түрде салу қажет-ақ.

«Балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек»,-деді Тоқаев.

Алматыда оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді. Сол себепті, мектептерде орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді.

«Алматыда алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салу керек. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу. Ішкі миграция қарқынды дамып жатқандықтан, осындай мәселелер туындап отыр. Алайда, жас ұрпақты сапалы балабақша, мектеппен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Сондықтан, бұл тапсырмалар міндетті түрде толық орындалуы керек»,-дейді Президент.

Пікірлер