"Шыдауға тура келеді": Өскемен жылу электр орталығының жұмысы да сыр берді

3023
Adyrna.kz Telegram

Өскемен жылу электр орталығының жұмысы да сыр берді. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасы хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.  

Бүгін мектептерде сабақ уақытша тоқталып, оқушылар қашықтықтан білім алды. Ал, қала жастары мен кейбір мекеме мамандары көше тазалап жүрген  жұмысшылар мен аялдамадағы жолаушыларға ыстық шай таратты.

Қатты аязда Өскемен жылу электр орталығы пәтерлерді жылыта алмай жатыр. Желідегі су мөлшері көбейіп, салдарынан температура түсіп кеткен. Тұрғындар баспанасының салқындап кеткенін айтып шағымдануда. Дегенмен  жылу станциясында ақау болғанын мамандар жасырмады. Қазандық агергаттарының бірінде датчик істен шыққан. Бірақ екі сағат ішінде жөнделген. Енді су айналымы қалыпқа келгенше шыдауға тура келеді.

"Қазір станция қызметі штаттық режімде. 7 қазандық 6 турбоагрегат жұмысы істеп тұр. Дегенмен жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Станция қуатын азайтып, керісінше желідегі темпереатураны арттыруға мүмкіндік жасадық. Ішкі шаралар аяқталған соң,барлығы реттеледі", - дейді «Өскемен ЖЭО» кезекші аға инженері Евгений Васильев.

Шыңылтыр аяз шаһардағы көлік қозғалысын қиындатты. Қоғамдық транспорттың 40 проценті желіге шықпады. Жүріп жүргендері де жиі сынып жатыр. Оны ауыстыратын келесі көлік шыққанша аялдама адамға  лық толады. Аязға шыдамай электр сымдары үзілген трамвайлардың да бірнешеуі тұралап тұр.  Дегенмен автопарк қазір күшейілген тәртіпке көшіпті.

"Техниканың аты техника,шыдамай жатыр. Мәселен жүріп келе жатып сынып қалған автобусты өздерінше жөндемек болған екі жүргізушіміз қолдарын үсітіп алды. Негізінен олар сол жерден  жолаушыларды  түсіріп, автопракке қайту керек еді, бірақ адамдарды тиісті аялдамаға жеткізіп салмақшы болып жанталасқан. Сондықтан ешкімге оңай тимей тұр",- дейді қалалық Жолаушылар тасымалын басқару орталығының директоры Нұрсұлтан Кәрібеков. 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер