Алматы облысында "Ойқарағай" тау-шаңғы кешені ашылды

2817
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысының Талғар ауданында «Ойқарағай» тау-шаңғы кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі А.Баталов, аудан әкімі Р.Сәтбаев және «Орман ертегісі – Апорт Ақ-Тас» команиясының президенті Е.Балфанбаев қатысты.

- Елбасы облысқа келген сапарында туризм кластерін қалыптастыру туралы тапсырма берген еді. Соның ішінде Шымбұлақтан (Шыңбұлақ) бастап Түрген шатқалына дейінгі аралықта тау туризмін дамыту қажеттігін айтқан болатын. Соған байланысты бүгін, міне, жаңа тау-шаңғы кешенін ашып отырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, республикалық маңыздағы автокөлік жолынан кешенге дейінгі 6,2 км жолға күрделі жөндеу жасадық. «Орман ертегісі» тау-шаңғы курортына инвестор (Ерік Балфанбаев, «Аlina» компаниялар тобының да президенті. Ж.Н.) өзінің жеке қаражаты есебінен 60 млн. АҚШ доллары, яғни 30 млрд теңге қаражат жұмсады. Ерікке алғыс айтамын. Отбасыларыңызбен, дос-жарандарыңызбен келіп, таза ауада демалып, шаңғы теуіп, игілігін көріңіздер, – деді құттықтау сөз арнаған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы.

Инвесторлардың айтуынша, тау-шаңғы кешенінің аумағы 85 га. Қазіргі сырғанау жолақтығы – 13 шақырым. Арқан бойымен жоғары көтеріліп, төмен қарай сырғанауға да жағдай жасалған. Болашақта сырғанау аймағын 40 шақырымға дейін ұзартуды жоспарлап отыр.

Демалыс аймағы күніне 5000 адамды қабылдауға дайын. Шаңғы жолдары жаз мезгілінде велосипед тебуге лайықталады. Келушілерге 6 мейрамхана, 99 орындық қонақ үй қызмет көрсетеді.

 

 Ардана Әбдіқасым, Алматы қаласының 11 жасар тұрғыны:

–«Ойқарағай» кешеніне отбасыммен және туысқандарыммен келдім.  Мұнда демалған өте қатты ұнады. Бір мезгіл демалысты таза ауада өткізген жақсы екен. Таңертеңнен кешке дейін әлі жүрміз. Осында өзімен бірге әкелгені үшін анама алғыс айтамын.

 Малика Сартқожаева, Алматы қаласының тұрғыны:

–Алматының таулары керемет, басқа елдермен (жерлермен)  салыстыруға келмейді. «Ойқарағай» шаңғы кешеніне жақындарымызбен келіп отырмыз. Өте қатты ұнады. Болашақта кешеннің қызмет көрсетуі бұдан да жақсы боларына сенемін.

Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары қысқы демалыс орындарына серуендеу бойынша өзге аймақтардан көш ілгері тұр. Оған тұмса табиғатымен ерекшеленетін таулы жерлердің болуы себеп болып отыр. Табиғаттың берген сыйын ұқсату да оңай шаруа емес. Осы өлкедегі атқамінер азаматтар мен кәсіпкерлердің жұмыла іске кірісуінің арқасында ашылған «Ойқарағай» туристік кешені демалушылар санын одан әрі арттырары сөзсіз.

Жасұлан НАУРЫЗӘЛІ,

«Адырна» порталы

 

Пікірлер