Тимур Мұқатаев: Менің стилім - үлкен теннис

3825
Adyrna.kz Telegram

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Тимур Мұқатаев жас болса да тәжірибесі мол спортшы, қазіргі таңда теннистен жаттықтырушы.

Бүгін сенің ертеңің. Кейіпкеріміз осы кредоға қашанда мойынсұнған. 7 жасынан тенниспен айналыса бастады. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстанның ең үздік 5 теннисшісінің қатарына енді. Ал бүгін Тимурдан кішкентай теннисшілер тәлім алуда.

Тимур сұхбатында мансабы, жетістіктері, жаңа мақсаттары мен армандары туралы айтып берді.

 Мені тенниске ата-анам әкелді. Осы уақыт ішінде бірнеше тәлімгерім болды. Әрине, олардың әрқайсысы менің кәсіби спортшы болып қалыптасуыма белгілі бір үлес қосты. Олар маған тенниске деген шынайы сүйіспеншілікті оятып қана қоймай, соғу техникасын, ойын тактикасын да үйретті, — дейді жас жаттықтырушы.

8 жасында Тимур жарыстарға қатыса бастады. Бірінші жүлде – 2014 жылы қалалық теннис жарысында ІІІ орын. Қазір ол 15 жаста, осы уақыт ішінде ол көптеген турнирлерде ойнады. 2019 жылы Қазақстан Чемпионы, республиканың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері атанды.

Туған жері Талдықорғандағы «Жетісу» теннис орталығында үшінші жыл жаттықтырушы қатарында. Ол өзінің сүйікті ісімен айналысады - балалар мен жасөспірімдерге теннис үйретеді.

Мен адамдармен жұмыс істегенді жақсы көремін! Білгенімнің бәрін үйретемін. Балаларды 7 жасынан қабылдаймын. Алғашқы жаттығуларда ракеткаммен ойнауға рұқсат берем. Менің мақсатым - беделді және супер кәсіби жаттықтырушы болу. Шәкірттерімнің теннистен барынша нәтижеге қол жеткізгенін қалаймын, — деп сұхбатын Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Тимур Мұқатаев түйіндеді.

 

Пікірлер