ҚАЗЫБЕК ИСА: Үндемей өткен қаһарман

3453
Adyrna.kz Telegram

«Халық қаhарманы», академик Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығында сөйлеген сөз

Ұлылар ұясы, ой ордасы – Отырардан шығып, «Әлем азаматына» айналған, «Қазақстанның Халық қаhарманы» Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығында мен ол кісінің үш қыры туралы айтсам деймін.

Бірден айтайын, мен Мұхаңмен кездесіп, сөйлесіп көрген емеспін. Тек марқұм Көпен Әмірбек көкеміз әдеттегідей күлдіріп, қызықты естеліктер айтатын еді ол кісі туралы. Пейіште рухтары шалқи бергей.

Дәрігерлік ғұмырында Мұхтар Әлиев 13 мың мен 33 мыңның арасында ота жасады деген мәлімет бар. ҚР Парламенті Мәжілісінің екі шақырылым депутаты Дархан Мыңбай құрдасымның мақаласында 30 мың ота жасалғаны жазылған. Кезінде Ақпарат министрі болған кісі ақпараттан қате жібермес, дұрыс шығар деп ойлаймыз.

Мейлі, 13 мың бола ма, 30 мың бола ма, ол жүрекке жасалған ота болғасын, 1 ота болса да, оның әрқайсысы адамды ажалдан арашалау. Ендеше, 50 жылдық еңбегінде аман алып қалған 30 мың адамның әрқайсысының үрім-бұтақтарын қосқанда жүздеген мың адамның алғысын алған Мұхаң нағыз ажалдан арашалаушы екені анық.

Реті келіп тұрғанда айта кетейік. Мұхаңның имандылығын тексергісі келген біреу «Ауруларды ажалдан арашалап, Алланың ісіне араласып жүрген жоқсыз ба?» деп қыжыртыпты. Сонда көп сөйлемейтін Мұхаң: «Бұл ауруларды менің алдыма Алланың өзі алып келіп тұрған жоқ па?» деп, аузын жапқан екен.

Мен де осыдан екі жарым ай бұрын күрделі жүрек отасына түскенде неге екені белгісіз, операция арбасында ота жасау бөлмесіне бара жатып, Мұхтар ағам еске түсті. Кейін, құдай қолдап, қазақтың жас жігіті Әлібек Арманұлы Тойбаев отаны сәтті жасағанда, Мұхаң салған жол даңғылға айналған екен ғой дедім. Сол Мұхаңның есімі елге әйгілі шәкірттерінің бірі, екі рет Денсаулық министрі болған Жақсылық Досқалиев ағамыз бүгін ортамызда отыр.

Жүректен күрделі ота жасағасын үш айға дейін үйден шықпау керек екен. Біз бірақ, екі жарым айда тәуекел деп Мұхтар ағамыздың асына жолға шығып кеттік... Жүрек аурудан емделіп жатсақ та, жүріп кетсек, жүрек отасы атасының әруағы риза болып, Алла шипасын берер деп тіледік. Жолбасшымыз есімі елге белгілі, кезінде “Әкімдердің ішіндегі ақыны, Ақындардың ішіндегі әкімі” атанған, руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер ағамыз Ислам Әбіш болғасын да ешнәрсеге алаңдаған жоқпыз.

Бүгін таңертең өткен Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығына арналған халықаралық конференция жоғары деңгейде өтті деп жатыр. Біздің кеше кешке алған ұшағымыз таңертең ұшып, кешігіп келгендіктен ол жиынға қатыса алмадық.

Екінші айтарым, академик, министр болған, Халық қахарманы Мұхтар Әлиевтің өмірі үнемі жарқын болған жоқ. Ол еліміздің тұңғыш президентіне құда болмай тұрып-ақ академик болды, министр болды. Жалғыз ұлы Рахат саясат сарсаңында шырғалаңға түскенде Мұхаңның басына да бұлт үйірілді. Күндіз-түні жолын аңдып, сәлем берушілер басына күн түскенде ізім-ғайым жоғалып, ізін де, жүзін де көрсетпей кетті...

Осы жерде Алаш ардағы, сатира сардары Көпен Әмірбек көкеміз айтқан бір естелікті еске түсірудің реті келіп тұр. Көпен Әмірбек Мұхтар Әлиевтің үйінде қонақта болады немесе сол кісі басты қонақ болған бір отырысқа қатысады. Барлығы сөйлеп шығады. Барлығы тілдері жеткенше жарысып, мақтап жатады Мұхаңды. “Бір риза болғаным ол кісі қандай мақтау айтылса да, елп еткен жоқ. Үндемей отыра береді екен”-дейді Көпекең. Асаба болып отырған белсенді бір бишікеш Көпенді көзге ілмей, сөз бермейді. Сөйлейтін адам қалмағанда ғана Мұхаңның есік жақта отырған Көпенге көзі түсіп, сөз бергізеді. Сонда Көпен көкеміз айтады: “Бір жағы ең соңынан сөз бергеніне қырсығып қалғаным бар, бір жағы барлығының жарысып мақтап, жалпылдап кеткенін ұнатпай қалдым. “Мұхтар аға, менің сізге айтатын бір-ақ сөзім бар. Мынау жарысып мақтап жатқандардың бәрі ертең басыңызға күн туа қалса, қасыңызда біреуі де қалмайды. Тек мен қаламын қасыңызда. Ондай күн тумауын тілеймін, деніңіз сау болсын!”-деп сарт еткіздім дейді.

Иә, тура сол айтқандай бұлағай күндері Мұқаңның көлеңкесіндей қалмай жүретіндер жоқ боп кетеді. “Мен сөзімде тұрып, сәлемімді үзбедім” дейді Көпен көкеміз.

Осындай қиын сәтте, 2006 жылы кейбір жоғарыға жағымпазданған жантықтар мен күндестері Мұхтар Әлиевтен «Халық қахарманы» атағын қайтарып алу қамына кірісті...

Бастан бақ тайғанда, шаш ал десе бас алатындар ұлына қосып, әкесін де айыптап жатқанда, біздің «Жас қазақ үні» (“Қазақ үні” қазіргі) газеті Оңтүстіктен келген 33 еңбек ардагерінің (оның ішінде 9 Социалистік Еңбек Ері, бір Халық ақыны бар), Елбасыдан араша сұраған ашық хатын басты.

«Баласы үшін әкесі жауап бермейді» деп жазды олар. Ол хатты ешқандай басылым баспай қойғанда, біздің «Қазақ үні» газеті жариялады.

Сонда облыстың бүкіл шенеуніктері бар шаруасын жиып қойып, идеологиялық «үгіт-насихаттау» жұмысына кірісіп кетті. Әлгі Еңбек Ерлерінің біразының «жаздым, жаңылдым, біз білмей қол қойыппыз» деген хатын облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне бір аптаның ішінде жариялап үлгерді…

Әрине, «Жас қазақ үнінде » бұған жауап ретінде түркістандық Елтай Бимағамбетовтың «Ердің екі сөйлегені – өлгені» -деген хатын да жарияладық… Сонымен, теріс пиғылдылардың лас әрекеттері іске аспай қалды.

Үшінші айтарым, Мұхаңның ел аңыз еткен өте қарапайымдылығы. Ержан Тәліп бауырмыздың жинаған мәліметінен көзім шалып қалды. «Есік алдында, сөмкесінде ұшы шошаңдаған сыпыртқысы, моншаға жаяу тартып бара жатқанда қарсы жолыққан айтқыш қоңсысы Асқар Тоқпанов: «Мәшине қайда?» десе, «Күн – жексенбі, демалатын жердің бәрі демалғаны дұрыс қой», – депті. «Жуастан жуан шығады». «Өмірі сөзден тосылмаған едім, мына адам сойғыш бір-ақ ұрды ғой» дейді сөзге дес бермес Асекең.»-деп жазады ол.

Мұхаңның бойына ана сүтімен біткен қарапайым мінезі сүйекпен кетті. Ешқашан, академик, министр болғанда да, Халық қахарманы болса да өзгерген жоқ. Тұңғыш президентпен тұңғыш құдалығы да оның салмақты мінезіне еш әсер ете қойған жоқ.

Бәрі де салыстырмалық қағидаты бойынша анықталады. Дәрігерді дәрігермен, министрді министрмен салыстырған секілді, құданы да құдамен салыстырасың... Тұңғыш президенттің екінші құдасы баласы туралы журналистердің сынына шамданып, «Бұл журналистерді қабырғаға қойып ату керек!» дегенін елдің бәрі естіді. Сол кезде газет басарып отырған біз журналистерімізді атқызып қойып қарап отыра береміз бе, «Құда ма, құдай ма?» деген мақала жаздым мен. Сол кезде үдеп тұрған қаһарлы құда мен үндемейтін қаһарман құданы салыстырып, ұлы туралы қаншама қатал сындар айтылып жатса да, ешкімге ешнәрсе демей-ақ өткені әулиелігі екен ғой дедік…

Мұқаң ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың есімін ұлықтау мәселелерінде де қайрат көрсетті. Имандылық пен қайырымдылық жасаудан қол үзген жоқ. Жыл сайын Арыстағы балалар үйінің жүз баласын өзі сүндетке отырғызып, тойларын өткізіп, сый-сыяпаттарын беріп жүрді.

Жүрек отасының атасы Мұхтар Әліұлының жақсы көретін немересі Айсұлтан екі жарым жыл бұрын жүрегі тоқтап қалып өмірден өтіп кетті... Жап-жас еді... Отызға та толмаған еді... Сол кезде мен «Хан ордасына басы сыймаған сұлтан» деген мақала жазған едім...

Айсұлтан әке-шешесі арнайы берген соң нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегіне жазылып, ұлы есебінде саналып, нағашы қолында өсті… Өз атасы, Халық қаһарманы, академик Мұқтар Әлиевті жақсы көрді. Әкесінің не істеп жүргенін бәлкім, түсіне қоймады… Анасына айта алмай кеткен сөздері де көп болған шығар…

Айсұлтанның нағашы атасы, тұңғыш президент пен әкесі баррикаданың екі жағында жүргенде сүйікті атасы, академик Мұқтар Әлиев қайтыс болды. Айсұлтан ағасы Нұрәлиді алдына салып алып (Айсұлтанның мінезі мен ой-пікірлерін білген соң мен енді осылай ойлап отырмын) атасын шығарып салуға келіп, басы-қасында жүрді… Атасының портретін құшақтап отырған Айсұлтанның суреті интернетте тарап кетті… Бұл кез жоғарыда айтып кеткеніміздей, билеушінің алдында билеуге дайын жағымпаздары көп біздің елде он мыңдаған адамды операция үстелінен о дүниеге емес, бұл дүниеге қайтарып алған алтын қолды дәрігер, «Әлем азаматы» атанған тұңғыш қазақ, құдасы ел билемей тұрып-ақ денсаулық министрі болған Мұқтар Әлиевтен «штаттағы» белгілі ақсақалдар «Халық Қаһарманы» атағын қайтарып алуды сұрап, ашық хат жазып жүрген тұманды тұс еді.

Елдегі ең бірінші шаңырақта байлық пен бақыт құшағында өскен Айсұлтан елдің шын жағдайы қандай болатынын білген жоқ. Ал білген кезде ештеңеден тыйым көрмеген ерке сұлтан еркін ой-пікірлерін әлеуметтік желіде қалауынша жариялай бастады…
Бұл да Кеңестік тасқамалдан соң Тәуелсіздік «қорғанында» еркін тыныстай алмай жатқан ел үшін тосын болды…Ерке сұлтанның еркін ойлары ел үшін сондай тосын болғанда, хан ордасы мен отбасы үшін қандай болғанын ойлай беріңіздер…

Мысалы, бір жазбасында ол Қазақстан мен Ресей арасында үлкен сыбайлас жемқорлық бар екенін жазды…
Айсұлтан елімізде билікке таласу үшін астыртын әрекеттер жасалып жатқанын, олардың қарулы жасақтары тау ішінде жасырын дайындықтан өтіп жатқанын да жазды. Әрине, ол кезде оның бұл сөздеріне ешкім сенген жоқ, көңіл де аударған жоқ. Тек былтыр Қаңтар қасіретінде ғана Айсұлтанның бұның шет жағасын жазып кеткені әлеуметтік желіде айтылып қалып жүрді...

Мұхтар Әлиев туралы естеліктерде ол кісінің футболға өте құмар болғаны айтылуда. Аста көрсетілген «Жақсылық жасауға асығайық» атты деректі фильмде де (“Шымкентфильм”, Ерсұлтан Әмірбек) футбол ойнап жүрген кадрлар да көрсетілді. Осыған қарап ұлы Рахаттың Қазақстан Футбол федерациясын басқарғаны, немересі Айсұлтанның да футболмен кәсіби айналысқанының сырын енді түсіндік. Айсұлтан 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысады. «Челси» және «Портсмут» жастар командалары мен қазақстандық «Астана» командасында ойнады.

Айсұлтан да өзі кәсіби футболшы болғасын «Қазақстан Футбол федерациясын Еуропа лигасына қосқан әкемнің ісін жалғастырғым келеді» деп ашық мәлімдеп, федерацияны басқарғысы келді. Бірақ гол салмаса да, миллиардтарымызға қол салып келе жатқан, қол салғанда да мол салып келе жатқан легионерлерімен белгілі Қазақстанның футбол федерациясы қамалының мықтылығы сонша, сол кездегі құдыреті жүріп тұрған Президенттің сүйікті немересі де ала алмады… Бәлкім, футбол федерациясы тізгінін алғанда, билікке ықпал етер мүмкіндігі зор жалынды жас біраз жақсы өзгерістер жасар ма еді деп ойлап қойғанбыз...

Иә, жас еді… Жалынды еді… Албырт еді… Аласұрды. Елдегі ең жоғары отбасының сызып қойған шеңберіне, ханорданың құрып қойған қорғанына сыймай аласұрды… Орда бұзар отыз жасқа тура он күн жетпей жүрегі тоқтап қалды…

Міне, енді бүгін шетелдерден де белгілі ғалымдар келіп қатысқан Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция дүрілдеп өткенін көріп, осының бәрі еске түсіп отыр. Арнайы дұға оқылып, берілген асына кең сарайдың өзіне халық лық толды. Естелік айтқан елге белгілі тұлғаларымыз Мұхаңның ерекше қасиеттерін тізіп тұрып айтты. Осыдан-ақ, осы ел болып атап өтіп жатқан 90 жылдығына қарап, Мұхаңның екінші өмірі басталғанын анық көреміз.

Осының бәрін ұйымдастырып жүрген есімі елге белгілі Өмірзақ Әметұлы ағамыз бен атсалысқан ағайындарға алғысымыз зор. Мұхтар ағамыздың пейіште рухы шалқи бергей. Жүрекке ота жасаудың атасы Мұхаң халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті VII шақырылым депутаты

Пікірлер