Жезқазғанның қара мысына – 50 жыл

3148
Adyrna.kz Telegram

  Жезқазғанның қара мысын алғашқы алған қазақ азаматтары жайлы үзік сыр.

  «1973 жылы 21-ақпанда ауысым шебері Жамбыл Ыбыраев пен аға конвертерші Сұлтан Елемесов алғашқы Жезқазған қара мысын берді». Жезқазған мыс қорыту заводының жылнамасында бұл азаматтар туралы осылай алтын әріптермен жазылған. С.Елемесов КСРО-ның  Құрметті металлургі, «Еңбек Қызыл Ту» ордені және бірнеші медальдармен марапатталған. Жамбыл Ыбыраев инженер-металлург, КСРО-ның  Құрметті металлургі, 1990 жылы алғашқы балама сайлауда Қаз ССР-нің Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған.

Сом тұлғалы Сұлтан Елемесов

Республика түсті металлургиясының-алыбы Жезқазған мыс қорыту заводы туралы әңгімелегенде, ол бастау алған Қарсақбай мыс қорыту заводы еріксіз еске оралады. 1928 жылдың 19 қазанында Қарсақбай мыс қорыту заводында тұңғыш мыс балқымасы алынды.

СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министірлер Кеңесінің 1959 жылдың қазан айында қабылданған қаулысында былай деп атап көрсетілді: «Қарағанды Совнархозының Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылысы елдегі мыс өндірісін дамытудағы мемлекеттік маңызды міндет деп саналсын». Жезқазғанда салынатын завод шикізатты комплексті пайдалана отырып, мыс өндірісін қазіргі заманғы технологиялық талаптарға сай жүргізуге тиіс болғандықтан заводты жоспарлауға еліміздің ең ірі ғылыми-зерттеу институттары Гипроцветмет, Промстройпроект, Сантехпроект, Гипрохим және басқалар, ал технологиялық желілерді талдап-жоспарлауға ВНИИцветмет, НИИхиммаш, Гидроцветмет, Қазақстан Ғылым академиясының металлургия және байыту институты қатысты.

1966 жылдың наурыз айында, Жезқазған қаласының оңтүстік-шығысындағы алаңға  техникалар келіп, завод құрылысы басталды. 1969 жылдың қаңтар айында Жезқазған кен-металлургия комбинаты бойынша арнайы бұйрық шығарылып, заводтың дирекциясы құрылды. Оны басқару жас инженер-металлург Игнатий Евгеньевич Лиге жүктелді. Жезқазған мыс қорыту заводын кезең-кезеңімен іске қосуға Норильск, Пышма, Красноуральск, Алмалық, Балхаш заводтарынан тәжрибелі жұмыскерлер мен инженер-техник қызметкерлері арнайы шақырылды. Қарсақбай заводынан көптеген жұмыскерлер мен инженерлер келіп іске кірісті.

Сұлтанбек Елемесов 1926 жылы 15 қаңтарда Қарағанды облысы, Жезқазған ауданындағы «Пионер» колхозында дүниеге келген. Он бір жасында анасы Ділдәгүл дүние салады. Әкесі Елемес 1897 жылы Майтөбеде дүниеге келген. Сталиндік жаппай репрессия кезінде 1937 жылы «халық жауы» атанып жер аударылды. Сібірде айдауда жүріп Елемес дүниеден өтеді, сөйтіп әке сүйегі мәңгілікке жат жерде қалады. Қызыл империяның қуғын-сүргіні Елемесов Сұлтанбектің өмірінде ауыр із қалдырды. 1956 жылы Ресей Федерациясының Магадан облысынан Елемес «халық жауы» деген жаладан ақталды деген хабар келеді.

3 С. Елемесов отбасымен

Жастайынан жетім қалған Сұлтанбек еңбекке ерте араласады. 1942 жылы Қарсақбай теміржолына машинист болып жұмысқа тұрады. 1950-1969 ж.ж Қарсақбай мыс заводында конвертершы болып жұмыс істейді. Қарсақбай мыс қорыту заводында аға конвертерші болып жұмыс істеп жүрген ол балаларының келешегін ойлап Жезқазған қаласына қоныс аударады.

Жезқазған мыс қорыту заводы туралы қандай да бір әңгіме қозғалғанда Сұлтан ағаға соқпай кету мүмкін емес. Жезқазған мыс қорыту заводының тарихында Сұлтанбек Елемесов есімі алтын әріппен жазылуы орынды. Сол бір жылдардағы С.Елемесовтың  осы заводқа алғаш рет жұмысқа тұруға келгенде болған бір оқиға ел ішінде кейінде әзіл-шыны аралас «Тұлғаны тұлға ғана таниды» деп әдемі әңгімеге өзек болған еді. Ол әңгіменің ұзын-ырғасы былай басталатын.

Жаңадан салынып жатқан Жезқазған мыс заводының директорының қабылдауына келген Сұлтанбек Елемесов екі өтінішті бірден ұсынады. Арызын қолына алып қарап шыққан директор «алтыншы разрядты конвертерші етіп қабылдай алмаймын, өйткені, салынып жатқан конверторлардың қуаты Қарсақбайдікінен он есе үлкен және технологиясы жаңа, сен оны игере алмайсың, сондықтан бесінші разрядқа риза бол» - деп өтініштің бұрышына «жұмысқа бесінші разрядпен қабылдансын»-деп қол қояды. Екінші өтінішіне «коттедж сұрайсың, ал мен сен түгілі арнайы шақыртылып келген норильскілік мамандарға да коттедж бере алмай отырмын. Ренжіме, үй жоқ»-деп тіке қайырады. Оған Сұлтекең «жарайды» деп шығып кетіп, комбинаттың сол кездегі директоры Виктор Гурбаның өзіне барады. Оған болған жайды айтып береді. Сұлтанбектің әңгімесін тыңдап болған В.Гурба алдындағы қаламсабымен оның бұрыштамасын белінен бір-ақ сызып, «мыс заводына алтыншы разрядпен қабылдансын» деп қол қояды. «Екінші мәселем» дегенде көмекшісін шақырып алып, «салынып жатқан коттедждердің жақында бітетіні қайсы?» деп сұрайды. Анау тақ еткізіп айтып береді. Сонда:-ол үйді мына Елемесовке бер,- дейді. Әңгіме осымен аяқталды. Мәселесі шешілді. Сұлтекең жаңадан салынған коттеджге кіріп, алтыншы разрядпен заводқа конвертершы болып жұмысқа қабылданды.

Әкесі Ыбырай әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына аттанғаннан кейін екі айдан кейін Жамбыл дүниеге келеді. Арада бір жыл өтер-өтпесте фашистермен болған кескілескен ұрыста Ыбырай ерлікпен қаза табады. Анасы Ажар үш баламен еңбек майданына араласты. Кішкентай Жамбылды бесігімен егінжайдың жиегіне қойып, тізе бүкпей еңбек етті. Сөйтіп жүріп өсірген Жамбылы ел кәдесіне жараған азамат болып өсті. Ол Қарсақбайдағы №1 қазақ орта мектебін бітірісімен еңбек жолын мыс заводында электромонтер болып бастайды. Жезқазған тау-кен металлургия комбинатының жолдамасымен Алматыдағы Қазақ полтехникалық институтына оқуға түсіп, инженер-металлург мамандығын алып Жезқазғанға оралды. Бүкілодақтық екпінді құрылыс атанған Жезқазған мыс заводының құрылысына қатынасты. Металлургия цехының бас корпусын салуға өз үлесін қосты.

1971 жылдың басында мысты электоролиздеу және балқыту өндірісінің алғашқы кезегінің құрылысы аяқталды. Екі анод пеші, электролиз цехының бірінші кезегі іске қосылды. Сол жылдың 23 ақпанында, таңертеңгі сағат 10-да аспалы кран машинисі Клавдия Якушева мастер Виктор Азановтың аусымында кезекті электролизшілер Александр Пьянков, Харис Зайнагутдинов және Леонид Фирсов тазартып, дайындаған катод мысының алғашқы париясы ваннадан алынды. Тұңғыш рет жаңа заводта жаңа технологиямен халықаралық стандартқа сай катод мысы алынды. Анод пеші пайдалануға берілуге дайындалып жатты.

1971 жылдың 24 ақпанында анод пеші қыздырылғаннан кейін мастер С.Желдібаевтың ауысымында аға балқытушы В.Нагорнов пешке Қарсақбайдың қара мысын салды, 01 наурызда таңертеңгі сағат 10-да алғашқы анод мысы алынды.

Алғашқы катод мысын алғаннан кейін, тура екі жыл өткенде, 1973 жылдың 21 ақпанында №1-ші электр пеші іске қосылып, Кәрібоз Сайрановтың ауысымында аға балқытушы А.Кичалюк  бірінші рет штейн  алды.

Завод, цех басшылары конвертерде алғашқы қара мысты алу процессін  басқа заводттардан арнайы шақырылған мамандарға тапсырды, осы қалай деген кіл мықтылар қара мысты балқытып алудың нақты тетігін таба алмай қиналады. Сол сәтте инженер- металлург Жамбыл Ыбыраев басшылық жасайтын ауысым жұмысқа кіріседі. Аға конвертерші Сұлтанбек Елемесов ауысым шебері Жамбылға қарап: «Мыналар қолдарынан келгенін істеп бақты, бірақ процесті жүргізе алмады. Енді біз өзіміздің тәсілімізді қолданайық» деп, Қарсақбайда бірге істеген әріптесімен екеуі іске кіріседі. Директор бастаған бір топ адам «Шынымен осы екеуі біз білмегенді, біз ала алмағанды алайын деп тұр ма?» деп таңданыстарын жасыра алмайды. Е.Сұлтанбек және қасындағы жолдасы екеуі конвертер процесін толығымен жүргізіп сапалы қара мыстың балқымасын алады. Қазақтың қарапайым екі ұлының мына күрделі технологияны ешқандай арнайы оқу бітірмей-ақ меңгеріп алғандарына абырой-атақтары дардай болған норильскілік және басқа заводтардан арнайы шақырылған мамандар таңдай қағудан басқа ештеңе дей алмайды. Сонда завод директоры қуанғанынан Е.Сұлтанбектің қолын алып:

- Сұлтеке, рақмет сізге кезінде мен қателескен екенмін, еңбегіңізге тәнтімін- деп оған өзінің ризашылығын білдіреді.

Бұл осыдан жарты ғасыр бұрын болған әңгіме еді десек те, мыс заводындағы металлургтердің есінде әлі сақтаулы. Мұндағы небір майталман металлургтер «Сұлтанбек Елемесов біздің және бізден бұрынғылардың да мақтан тұтатын ұстазы болған» дегенді шынайы көңілден айтады. Бір кездері осы мыс қорыту заводында ресми түрде тіркелмесе де «С.Елемесов мектебі»  деген тәжрибе тарату орталығы болғанын металлургтер әлі күнге дейін айтып келеді.

ЖМЗ директоры И.Е.Ли, балқыту цех бастығы И.Ф.Овчинников

Майталман металлург Жамбыл Ыбыраев 1989 жылы СОКП-нің Бас хатшысы М.С.Горбачевтің Мәскеуде өткізген бүкілодақтық орта буынды өндіріс басшыларының жиналысына Жезқазған облысынан делегат болып қатынасты. Ол 1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Әттең сұм ажал жүрек талмасынан арда азаматты ортасынан ерте алып кетті. Ол туралы сонау бір жылдардағы Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде «1990 жылдың қараша айының 29-жұлдызында 49 жасқа қараған шағында Қазақ ССР халық депутаты, Республика Жоғарғы кеңесінің экология және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің басқа жұмыстардан босатылған мүшесі Жамбыл Ыбыраев кенеттен қайтыс болды» деген қазанама жарияланды. Міне, содан бері Жамбыл есімі өткен шақпен еске түсіп тұрады. Өмірден өзі өтсе де, артында оның атқарған ісі қалды. Әрине, оның атқарам деген істері, алсам деген асулары көп болатын. Атқарған жұмыстары да аз емес-тін. Әйтсе де, нағыз кемеліне келіп, шарықтаған шағында жүрегі құрғыр сыр берді. Кілт тоқтады. Өмір үзілді. Бірақ оның ісі тоқтаған жоқ. Тәуелсіз елдің көк Туы көктен желбіреді.

Жезқазған мыс қорыту заводында, конвертер бөлімшесінде ерен еңбектерімен есте қалған, өз істерінің  майталмандарын айта кетуді жөн көрдім, олар: кезінде бөлімше бастығы болған Мұханбетқали (Бөкен) Сұлтанбаев, аға шебер Владимир Денисов, ауысым шеберлері Борис Деменко, Ораз Бекбауов, Ізбасар Садықов, Вадим Плушков, Салауат Булташев,  аға конвертершілер Оразалы Мейрамов, Владимир Долгов, Айтмағанбет Битенов, Серік Қонарбаев, Байзақ Науанов, Мейірман Игібаев, конвертершілер Көшербай Бекмағанбетов, Нәупік Омаров, Нұрпан Жакупов, Жалғас Үнгітбаев, Құлатай Қордашев, Мұханбет Айтенов, аспалы кран машинистері Ж.Дюмқұлов, Т. Әбілқайыров, А. Бектасов, В Большаков. Еңбек өтілімінің 40 жылдан аса уақытын балқыту цехында әр деңгейде қызмет атқарған, соның ішінде 30 жыл конвертер бөлімшесін басқарған КССРО-ның Құрметті металлургі, «Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері, «Қазақмыс Корпорациясының Құрметті еңбек ардагері» тағы басқа да марапаттар иесі Толқынбек Аймағанбетұлы Нұрмағанбетов. Есімдері аталған абзал жандардың көпшілігі бүгіндері ортамызда жоқ, қайрымсыз ажал оларды арамыздан ерте алып кеткені өкінішті-ақ. Оларға:– «мәңгілік орындарыңыз жайлы болғай, Жаратушы Алла жұмақтан орын берсін, ұрпақтарыңыз ғұмырлы болсын»-дейміз.

Инженер-металлург Жамбыл Ыбыраев және аға конвертерші Сұлтанбек Елемесовтер  бастауында тұрған Жезқазған мыс заводы сары алтындай сары мысты сапырып жатыр. Олардың тәлім-тәрбиесін алған жастар жаңа биіктерді бағындыруда. «Жақсының артында жақсы із қалады» деген емес пе ?! Майталман металлургтердің «еңбегім еліме болсын, төккен терім жеріме тамсын» дейтін сөздері бүгінгі жастардың үнімен үндесе түскендей. Жүйткіген жүйріктей әлі талай жылдар өтер, өмірге талай жас металлургтер келер, бірақ Жезқазған мыс қорыту заводының тарихында 21 ақпан 1973 жыл алтын әріптермен жазылып қалатыны анық.

2017 жылы сонау жылдағы кездесудегі деректердің негізінде жазушы-драматург Төкен Әлжантегі алты көріністен тұратын «Ғұмырға тең бір күн» атты пьесасы жазылды. Бұл драмадағы басты кейіпкерлер Жезқазған мыс қорыту заводында алғашқы қара мысты алған -Сұлтанбек Елемесов, ауысым шебері Жамбыл Ыбраев.

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған театры пьесаны сахнаға шығаруға дайын екндігін мәлімдеді, бірақ оған шамалы қаражат керек екендігін алға тартуда. Бұл пьеса өлке тарихы, корпорация тарихы екеніне күмән жоқ, сондықтан «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің басшылары қаржылай қолдайды деп үміттенемін.

Төлеген Бүкіров, т.ғ.к, Жезқазған қаласының және
Қарағанды облысының Құрметті азаматы,
Қазақстанның Құрметті металлургі

 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер