“Ешқандай партияда жоқпын, оңай соқпайды”: Нұрлан Албан Мәжіліс сайлауына қатысады

3121
Adyrna.kz Telegram

Белгілі әнші Нұрлан Албан Мәжіліс сайлауына үміткер ретінде тіркелгенін хабарлады, деп жазады “Адырна” ұлттық порталы.

“Құдайдың қалауымен ниет етіп, үлкен іске қадам жасадым. Бұл ақпаратты естігенде біріңіз күйінерсіз, біріңіз сүйінерсіз. Енді біріңіз мақтарсыз, біріңіз даттарсыз. Бұл қадамды жасамас бұрын көп ойландым. Мені жақсы көретін ел-жұрттың, дос-жаран, ағайын-бауырлардың ұсынысымен алда келе жатқан үлкен науқан, сайлауға мен де қатысып, бәйгеде бағымды сынасам деп шештім. Күні кеше Алматы облысына қарасты сайлау округіне берілген талап-тілектерім ескерілді. Мінекей, бүгін қолыма бірмандатты жүйе бойынша өзімді-өзім ұсынып, ҚР Парламент Мәжілісі депутатына кандидат деген куәлік берілді”, – деді Нұрлан Албан.

Өнер иесінің айтуынша, ол ешқандай партияға мүше емес.

“Мен ешқандай партияда жоқпын. Жалғыз ілікті адамға бұл жауапкершіліктің жоғары екенін, қаншалықты қиын екенін, қаржылай жағынан да оңай соқпасын білемін. Не болса да, осыған қатысуға бел шештім. Әрине бай-бағланның баласы емеспін, асып-тасқан бай емеспін. Мені жақсы көретін дәулетті аға-апаларым көмек, қолдау көрсетемін десе, қарсы емеспін. Ең бастысы, тілекші болыңыз”, – деп мәлімдеді Нұрлан Албан өзінің Instagram парақшасында.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер