“Бағаны заңсыз өсірген”: Дариға Назарбаеваның бизнес схемасына тергеу жүргізілуде

2582
Adyrna.kz Telegram
 Фото: Tengrinews
Фото: Tengrinews

Назарбаев әулетінің активтері мемлекетке қайтарылып жатыр. Бұл туралы Dalainside Telegram арнасы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Мәлімет бойынша, қаржы мониторинг агенттігі Дариға Назарбаеваның Қазақстан - Қытай шекарасындағы бизнес схемасына тергеу жүргізуде. Себебі қытай мен қазақ шекарасындағы "Нұрлы жол" бекетіне қарасты ұзындығы 3 км жолды Назарбаеваның Eurotransit Nur Zholy компаниясы пайда көзіне айналдырған.

Қазақ шекарасынан өткесін саудагерлер нейтралды аумақта орналасқан сауда орталығына барып, өздеріне керегін сатып алады. Содан соң жүк пен жолаушыны жоғарыда айтқан Eurotransit Nur Zholy-ның көліктері шекара маңына дейін жеткізеді. Шекараға дейінгі жол ұзақтығы небәрі үш-ақ шақырым. Ал жолаушылар осы үш шақырымды жүріп өту үшін компанияның логистика қызметіне жүгініп, қомақты ақша төлеуге мәжбүр болған.

Жүк және жолаушы тасымалдау ісімен айналысатын өзге компанияларды бұл жерге жолатпаған. Осылайша Eurotransit Nur Zholy компаниясы Қорғастағы жеке-дара монополиске айналған.

Назарбаеваға тиесілі "Нұрлы жол" бекетін салуға "Еуразия банкінен" 100 млн доллар бөлінген. Қаржы мониторингі агенттігі осыған дейін компания Қытай Халық Республикасының бейтарап аумағынан Қазақстан Республикасына жүк тасымалдаушы жалғыз оператор бола тұра, аталған қызметке бағаны заңсыз өсіргенін мәлімдеген еді.

Бұл компания монополистік қызметтен 4,2 млрд теңге табыс тапқан. Тергеу барысында Eurotransit Nur Zholy ЖШС кінәні толығымен мойындады. Сондай-ақ құны 5,3 млрд теңгеден асатын ЖШС активтерін (аумағында көлік-логистикалық ұйым орналасқан 3,6 га жер телімі) мемлекетке беру туралы өтініш жазған.

Пікірлер