«AMANAT» партиясы: шекара маңындағы 500 ауылды интернетпен қамтамасыз етеміз

2065
Adyrna.kz Telegram

«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің өңірлердегі сайлаушылармен кездесулері жалғасып жатыр. Бүгін партиялықтар Шығыс Қазақстан облысына келді.

Зайсан қаласында штаб мүшелері аудандық көпсалалы аурухана ұжымымен кездесіп, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау саласын дамыту шараларын талқылады.

«AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партия осы салаға, әсіресе, ауылдық жерлерде ерекше назар аударатынын атап өтті.
«Біз сапалы медицина баршаға, оның ішінде шалғай аудандардың тұрғындарына қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Тиісінше, медицина қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланып, олардың сапалы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалуы керек», - деді Ерлан Қошанов.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі Медициналық сақтандыру қорының жұмысы сияқты жетілдіріледі. Дәрігерлер кәсіби қауіптен қорғалады, тар шеңберлі мамандықтағы медицина қызметкерлерін, оның ішінде балалар дәрігерлерін даярлауға арналған гранттар саны артады. Барлық медициналық жоғары оқу орнының дербес клиникалары болады.

Партия инсульт және коронарлық көмек беру орталықтарының желісін кеңейтеді. Сондай-ақ, барлық денсаулық сақтау ұйымындағы заманауи жабдықтардың үлесін 70%-ға жеткізуді көздеп отыр.

«Тағы бір басымдық – ауыл медицинасы. Алдағы 5 жылда партия ауылдағы санитариялық автокөліктерді жабдықтауды қолға алады. Ауылдағы жас маманға көтерме жәрдемақыны 10 миллион теңгеге дейін арттыруды қамтамасыз етеміз. Бұл ауылдағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді», - деді партия Төрағасы.

Осы күні аманаттықтар Зайсан және Тарбағатай аудандарының жұртшылығымен кездесті. Жүздесуде шекаралас елді мекендердегі көлік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылды.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы қазақстандық байланыс спутниктерінің көмегімен елдегі 500 шекаралас, шалғай және жету қиын ауылды интернетпен қамтамасыз етуді көздейді.

Партия облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды салу және реконструкциялау жұмысын қолға алады. Қала мен ауыл халқын 100% сумен қамту үшін партия жаңа су қоймаларын салуды және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Дайындаған: "AMANAT" партиясының баспасөз қызметі

Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов

“AMANAT” партиясының сайлау қоры қаражаты есебінен төленді

Пікірлер