Еңселі елдің шағын шаңғырағы – отбасы

2544
Adyrna.kz Telegram

Отбасы құндылықтарын қазіргі нарық кезеңінде жетілдіру, ұлттың ұйытқысына айналған шағын шаңырақтарымыздың мызғымас бекем қарым-қарым қатынасын қалыптастыруға жағдай жасау – кез келген мемлекеттің даму бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі. Өйткені отбасы –  адами капитал қалыптастырудың негізгі әлеуметтік ортасы, қоғамдық құндылықтарды орнықтыру мен ұлттық бірегейлікке қол жеткізудің өзегі. 

Отбасында ұлттық қадір-қасиет, жалпы көпшілікке ортақ дәстүрлер, бабадан мирас есебінде қалған рухани-материалдық мұра мен салт-сана өнегесі жарасым табады. Шағын шаңырақтан бастау алған перзенттің арман-мақсаты ел мақсатымен мүдделес ұлы биіктерді бағындыруға жол табады.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасына деген тарихи көзқарастарға байланысты ғылыми ізденістер көптеп жасалып, оның қалыптасу жолы туралы теориялар толықтырылды. Соның ішінде 1877 жылы шыққан Л.Морганның «Ежелгі қоғам» атты кітабын ерекше атап айтуға болады. Онда отбасының тарихы, некелік қарым-қатынастар мен экономикалық, әлеуметтік дамуы және қызметін қарастырды.  Демек, отбасы құндылықтарын жетілдіру мен отбасы институтын нығайтудың бірнеше тиімді тұстары бар. Алдымен, моногамды сипатта жарасым тапқан отбасы мүшелері – экономикалық дамудың қозғаушы күші. Бұл бағытта біздің есе жіберіп алған тұстарымыз өте көп. Оны экономикалық құбылыстарды бағалауға жетік сарапшы әрі журналист Айбар Олжай да жоққа шығармайды. Сөзіміз жайында сарапшы маман: «Қазақстан экономикасына ресми отбасылар ауадай қажет. Үй шаруашылықтары, отбасы институты экономиканың тірегі болып табылады. Тауар мен қызметтер тізбегінде сұранысты әртараптандыратын да – осы отбасы тұтынатын дүниелер... Бұл тұрғыдан алғанда, некенің азаюы болашақта экономикалық проблемалар әкелетіні анық», – деп пікір білдіреді. Ішкі нарық айналымының артып, сауда мен транзит, экспорт пен импорт қатынастарының жаңа деңгейге шығуы, алыс-берістің артуы үшін демографиялық игіліктерге көз жұма қараған дұрыс емес. Әдетте, ресми отбасы мүшелері тұрмыстық қажеттіліктерді өтеу жолында шағын шаруашылық, орта және шағын кәсіп түрлері мен фермерлік, тендерлік бастамалар, әлеуметтік қызметтер мен сауданың тамырына қан жүгіртеді.

Отбасы игіліктері мен ұлттық тәлім-тәрбие аясында жетілген қоғам мүшелерінің өзара некелесуі мен әлеуметтік өмір көшінде аяқтан тұрып кетуіне арналған бағдарламалар қабылдаудың маңызды қашан да жоғары. Мәселен, жастардың өзара жарасым тауып кетуін қамтамасыздандыратын алаңдар құру, университеттер мен жоғары оқу орындарында жастардың экономикалық және финанстық сауатын жетілдіруге екпін қою, отбасы құндылықтарын жаңа заманның мәнеріне сай әлеуметтік медиа арнасынан барынша насихаттау, қоғамдық салаларда қызмет ететін азаматтардың салауатты өмірін көпшілікке үлгі ету мен республикалық деңгейде отбасы құндылықтарына арналған іс-шаралар, спорт сайыстары, интеллектуалды ақыл додалары, ашық-жарқын сұхбаттар мен еркін отырыстар өткізу, тиімді баспана мәселесін шешу де кілтипанның оң шешім табуына жетелейтін маңызды қадамдар. Тиімді баспана мәселесін оңтайландыруда мемлекеттік бірқатар бағдарламаларды алға тартуға болады. Соның бірі – «Жас отбасы» бағдарламасы. Бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде депозит ашу қажет. Депозитте кемінде бір жыл жиналған қаражат, атап айтқанда үй алу мақсатында жұмсалатын қаржының жартысы болуы тиіс. Депозитке ақша құю бойынша отбасылардың белсендігі де бақыланады. Үй алуды көздейтін жұбайлардың бұл бойынша бағалау көрсеткіші бес ұпайдан кем түспегені жөн. Бағдарлама атауына қарап, салыңыз суға кетпесін. Себебі, «жас отбасы» жобасында ерлі-зайыптылардың жасына мүлдем шектеу қойылмайды.

Бағдарламаның негізгі шарттары төмендегідей:

Несие мөлшерлемесі - 6% (2 жылдан кейін 5%-е түседі);

Ипотеканың ең жоғары сомасы 100 миллион теңге;

Несие мерзімі - 6-9 жыл аралығында.

Сатып алатын шаңырағыңызды кепілзатқа қоясыз. Несие үшін тұрып жатқан үйіңізді немесе жаңа үй, жер үйді де салуға болады. Бағдарлама бойынша алатын үйіңізге қалағаныңызша жөндеу жұмыстарын да жүргізе аласыз.

Елімізде көпбалалы отбасыларға да ерекше қолдау таныту жүзеге асып келеді. Биыл қаңтар айында көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы 532,6 мың отбасына 33,1 млрд теңге мөлшерінде төленген. Атаулы

мемлекеттік жәрдемақыға үміткерлерге де талаптар жеңілдетіліп отыр. Мысалы, 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көпбалалы отбасылардағы:

- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;

- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;

- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;

- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;

- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 13 800 теңге мөлшерінде төленеді.

Еске салайық, көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілген. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға артты.

Отбасы – қоғамның шағын кескіні. Барлық саналы тұлға ең алғаш қоғамдық ерекшеліктерді, адамдық және мораль ережелерін, мінез-құлық нормаларымен, тұтастай алғанда, қоршаған орта заңдылықтарын отбасында танып, біледі. Төрт құбыласы тең отбасында тәрбиеленген азаматтың ой-өрісі, салт-cанасы, қоғамдық құндылықтар мен қоршаған айналасына деген құрметі, қазақылыққа жақындығы бөлек, озық келеді. Ашығын айтқанда, адамның көзін ашқаннан бергі өмірді жіті тануы, қалыптасу жылдарының алғашқы сатылары отбасы тұтастығында орнығады.

Отбасы тұтастығының басты кепілі – құрмет пен махаббат. Махаббат пен құрметтің дәнегінен өнген перзент эмоционалды тұрғыдан дұрыс өсіп-жетіледі, тұлғалық қалыптасуы мен дамуына барша игіліктерді бойға жиып, қоғамның бөлшегіне, жаһандық азаматқа айналады. Отбасы психологиясына қатысты толымды ой, кенен пікір білдіріп жүрген Қазақстан Психологтары Ассоциациясының мүшесі Бақытжан Ақанованың пікірінше, шаңырағы шайқалмаған тату отбасылар – қоғамның жетістігі, елдің мақтанышы. Отбасындағы тұрақтылықтың бала тағдырына ықпалы зор.

«Махаббат туралы білетініміз осы, біз оның сезім мен эмоция арқылы көрініс табатынын байқаймыз. Ал бұл ұғымдар тұрақты емес. Ал енді құрмет ұғымына тоқталайық. Отбасыдағы ерлі-зайыптылардың бір-біріне құрметі –  махаббат. Яғни махаббаты бар үйде құрмет екінші орында. Ал ары кеткенде махаббаттың төрт жылға дейін ғана жалғасатынын аңғарсақ, онда кез келген жұп "махаббаттан құрметке" процесінен өтеді», – дейді Ақанова.

Қоғамдық санада отбасыға ұжым деп қарауды жөн деп тапсақ, ұжымның шағын мүшелері cаналатын балалар бар бақытқа, ана мейіріміне, әке қамқорлығына, ата ақылы мен әже өнегесіне бөленіп өсуі тиіс. Қазақ халқы отбасыдағы әрбір азаматтың орнына, әлеуметтік рөліне ерекше мән берген. Ақсақалдардың немерелерімен ел-жер шежіресін талқылауы, әженің ертегі мен аңыз-әңгімелерден сыр шертуі, анасының баласын бар мейіріммен емірене өбуі, әкенің ұстамдылық пен орнықтылық қасиеттерін бала бойында қалауы адами тұлға ретінде қалыптасуға қажетті басты ерекшеліктер. Өзара сыйластық орнаған отбасыда, жарастық жалғасын тапқан ортада бала тәрбиесінің үздік үлгісіне қол жеткізуге болады.

Дастан Қастай,
журналист

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер