"Аралым, бүгінде қалды сүлдерің..." - Арал теңізінің деңгейі жарты метрге жуық көтерілді

3408
Adyrna.kz Telegram

Сүйінші! Арал айдының ауданы кеңіп, суы молайды. 2023 жылғы қаңтар-ақпанда теңізге 800 миллион текше метр су түскен. Бұл көрсеткіш былтыр жыл бойғы көрсеткішке пара-пар, деп сүйіншілейді "Адырна" ұлттық порталы.

...Бұл өлке қалайша болады азап түнегі,
Ежелгі мұң-зарың аз ба еді, қазақтың елі?
Қайтемін, Аралым, бүгінде қалды сүлдерің,
Төзімі еліне ұқсаған көнбісім менің, - деп ақын Мұхтар Шаханов жырға қосқан Арал тағдырына қатысты қуантарлық ақпар хабарланды.

Қызылорда облысы әкімдігінің хабарлауынша, Арал теңізінің деңгейі 2022 жылдың қазан айымен салыстырғанда 48 сантиметрге артқан. 2022 жыл бойы Арал теңізіне 816 миллион текше метр су құйылса, 2023 жылғы екі айдың өзінде 803 миллион су түскен.

"Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Зейнулла Қазтоғанов хабарлағандай, осы уақытқа дейін Солтүстік Арал теңізіне жиналған су көлемі 27,0 млрд.текше метрден, 18,5 млрд текше метрге азайып, су деңгейі 40,42 мБЖ (метр Балтық жүйесімен) дейін төмендеген болатын. 2022 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі таңға теңіздегі су деңгейі 40,90 мБЖ (48 сантиметр) көтеріліп, жиналған су көлемі 19,7 млрд текше метрге ұлғайды", – деп жазылған Қызылорда облысы әкімдігінің хабарламасында.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер