Олардың мақсаты - елорданы бағындыру ғана емес, туған жердегі өнеркәсіпті өркендету

7063
Adyrna.kz Telegram

Бірнеше жылдан бері Қостанай автокөлік колледжі Allur компаниясына қажетті кадрларды дайындайтын ұстаханаға айналған. Себебі, осы мамандықты таңдаған жас дарындар бұл салаға қызығушылық танытып қана қоймай, оның дамуына атсалысуда. Олардың арман-мақсаты – елорданы бағындыру ғана емес, туған жеріндегі өнеркәсіпті өркендету. Ал бұл оқуға қалай түсуге болады, әрі  түлектерге арналған мүмкіндігі қандай? Бұл туралы Қостанай колледжінің 3 курс студенті Азат Әбішев айтып берді.

«Көліктегі электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик мамандығын оқып жатырмын. Бірақ мамандығым осымен ғана шектеліп қалмайды, оның ауқымы кең. Өйткені біздің оқу бағдарламамыз әрбір маманның негізгі білімді алып шығуына негізделген. Әрі  білімімізді шыңдай түсу үшін теориямен бірге практиканың болуы да маңызды. Ол үшін бізге  зауыт қолдау көрсетіп,  көліктер орнатылған  колледж зертханаларында тәжірибеден өткізеді.  Одан басқа, автокөліктің маркасына байланысты әртүрлі стендтер бар. Осылайша, тікелей зауыттағы тәжірибеге араласа отырып, әр маман өз саласын жетік меңгереді. Сондықтан бізге оны қайта үйренудің қажеті жоқ», – дейді студент.

Ол колледжді бітіргеннен кейін өз өмірін қаладағы алдыңғы қатарлы өнеркәсіп орындарының бірінде жалғастырғысы келеді.

– Осы жылы өндірістік тәжірибеден өтпекшімін. Сол жерде өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, білікті маман екенімді дәлелдеп, Allur зауытында жұмысқа қалмақ ойым бар. Қазір байқасам, өз ортамдағы таныстарымның көпшілігі осы оқу орнына түсуді қалайтын болған. Себебі, бізде тек теория ғана емес, тәжірибеміз де бар. Сондықтан зауыттың қолдауының арқасында колледжіміздің беделі өсіп, бізге түскісі келетіндердің саны арта түскен, – деді Азат.

Қостанайдағы көлік құрылысының зауытын техникалық жарақтандырудың жоғары деңгейде екенін Азат атап өтті.

«Біз зауыттың ішін бірнеше рет аралап, танысып шыққанбыз. Тіпті, тәжірибе өткенімізде зауыт өндірісінің қаншалықты мықты екеніне көзіміз жеткен. Бүгінде зауыт көбіне ұсақ-түйек техникалаларды құрастырады. Ал бұл өте қиын процесс. Оған қоса қалада жиі көретін ең танымал машиналар дәл осы жерде, Қостанайда жинақталады. Жалғыз мен ғана емес, достарым да қаладан кеткісі келмейді. Керісінше, өз қаламызға, бізге мүмкіндік беріп отырған зауытқа қажет екенімізді білеміз, сондықтан жаңа мүмкіндіктерге жол ашайық, елімізді көркейтейік», – деді Азат Әбішев.

Айта кетерлік дүние, толыққанды жұмысқа тұрған студенттер қызметте өсіп, бәсекеге қабілетті жалақы, толық әлеуметтік пакет, трансфер және тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, зауыт жатақхананың жаңа форматтағы кампусын салумен айналыспақ. Зауыттағы жұмыс студенттердің оқуына кедергі келтірмейді. Зауыттың корпоративтік университетін дамыту бағдарламасында өз дағдыларын, соның ішінде әлемнің үздік автозауыттарында арттыруға мүмкіндік беріледі.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер