"Аяусыз әлімжеттік көрсетіп, ақша сұраған" - Белгісіз жағдайда Алматы облысының оқушысы көз жұмды

2707
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында 14 жасар оқушы көз жұмды. Ата-анасы көз жұмған баланың қан құсып, қатты азапқа түскенін айтады. Қазасының нақты себебін де дәлелмен алға тартып отыр. Анасының айтуынша, жоғарғы сынып оқушылары оны аяусыз соққыға жығып, ақша талап етіп келген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "КТК" телеарнасына сілтеме көрсетіп. 

Алматы облысында көз жұмған 14 жасар Айболаттың  өліміне әлімжеттік себеп болған. Бұл жайлы туыстары хабарлады. Қара жамылған отбасы ұлымызды жоғарғы сыныптың оқушылары мен студенттер соққыға жыққан деп отыр. Әрі олардың айтуынша, өз бауырларына зәбір көрсеткен ауыл сотқарлары Айболаттан үнемі ақша алып, күш көрсеткен.

Іш құрылысы зақымданып, іштен қан кетуі салдарынан бақилық болған  9-сынып оқушысының қапиядағы өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Азамат болар шағында ұлынан көз жазып қалған әулет қара жамылып, еңіреп отыр. Анасы Сайрат Ұғыбай қайғылы оқиғаны күңірене жеткізді:

 - Келді үйге, он жарым, он бір кезінде. Келді де, құсты. Құсқан соң жедел жәрдем шақырдым. Міне, балаңызды көріңіз, ішектері жарылып іріңдеп кеткен. Ішін қатты соққан, қан ұйып қалған деді. Балам сап-сау жүрген. Осындай болады деп ойламадым.

Айболаттың телефонын тексерген жақындары ауылдағы адам кейпінен кеткен дойырлардың үнемі өзінен кіші балаларды бопсалап, ұрып-cоғып, ақша жинайтынын айтып отыр.

Айболатқа қатарластары жіберген аудио-хабарламалардан байқағанымыз, 9-сыныптың оқушылары үлкендердің тапсырмасын бұлжытпай орындайтын көрінеді.  Айболаттың ағалары ініміз таяқ жеп, ауыр жарақаттан бақилық болғанына сенімдіміз дейді. Бірақ әлі ешкімнің қамауға алынбауы көңілге күдік ұялатыпты.

- Марқұм болған Айболаттың телефонынан жоғары сынып оқушыларының ақша сұрағанын, қанша сұрағанын, не үшін сұрағанына дейін жазылған. Біреудің Kaspi red-ін жауып берген. Біреудің машинасын жөндеуге алған. Біреуге кальян әкеп берген. Бірақ Еңбекшіқазақ ауданы полициясы бөлімінің іс-әрекеті түсініксіз. Тергеудің әділ жүргілуін сұрамаймыз, талап етеміз, - деді Талғат Нұрман, А.Мұратханның ағасы.

Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция мәйітті тексеру барысында марқұмның денесінен зорлық-зомбылықтың белгілері табылмағанын жеткізді.

 - Арыз ҚР ҚК 106-бабы бойынша тіркелді. Мәйітті тексеру хаттамасында баланың денесінде зорлық-зомбылықты өлім белгілері жоқ екендігі анықталды. Өлім себебін анықтау үшін қажетті сұрақтар қойылған сот - медициналық сараптама тағайындалды. , -  деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Баланың өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама қортындысынан кейін белгілі болады. Айболаттың туған-туысы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жазаланғанын талап етеді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер